2019 жылдың тамызында ел Президенті ұлт ұясы – Ұлытауға келді. Жошы хан кесенесіне барып тағзым етті. Халықаралық «Ұлытау-2019» туристік форумына қатысып, сөз сөйледі. Форумда сөйлеген сөзінде «Ұлытау туристік мекенге, демалыс аймағына әрі ұлы бабаларға тағзым ету орталығына айналуға тиіс» деп атап көрсетті. Сол жылдың 31 желтоқсанында Үкіметтің «Ұлық ұлыс – Алтын Орданың 750 жылдығына дайындық және оны мерекелеу жөніндегі іс-шаралар жоспарын бекіту туралы» № 1059 қаулысы қабылданды. Қаулыда «Жошы хан» кесенесіне таяу туристік кешен салу көрсетілген. 2020 жылы кешеннің құрылысы басталып, бір жылда салынып бітті. 2021 жылдың қазан айында ел басшысы Жезқазғанға жұмыс сапары кезінде кешенді арнайы барып көрді.
Кешен туралы бірер сөз. Аумағы 2500 шаршы метрді құрайды. «Ақсақ құлан» – шағын сәулет нысандары мен күймелер, тулар, тутұғырлар келген елдің назарын бірден өзіне аударады. Холдың кіреберісіндегі монитор арқылы келушілер кешеннің ішкі мазмұнымен, Жошы хан кесенесінің тарихымен таныса алады. Барлық мәлімет қазақ, ағылшын, орыс тілдерінде жазылған. 3D форматындағы жеке бөлмеде ежелгі қала көріністерін тамашалап, деректі фильм көруге болады. Сондай-ақ экспозициялар мен демонстрацияларға арналған залдар, намазхана, буфет, шайхана, демалыс бөлмелері туристерге барынша қолайлы жағдай туғызады. Бір сөзбен айтқанда, кешен туристер үшін тартымды-ақ. Осы нысан салынғалы мұнда келушілердің саны арта түскені де байқалады. Дегенмен...
Қазіргі кезде ел Президентінің тапсырмасымен, Үкіметтің қаулысымен салынып, пайдалануға берілген кешеннің мәртебесі нақтыланбай тұр. Бұл осы мәдени-танымдық орданың дамуына, танымалдығына әжептәуір кедергі келтіреді. Үкімет қаулысында «туристік кешен» деп аталған нысан қазір Жезқазған қаласы Мәдениет және тілдерді дамыту бөліміне қарасты «Халықтар достығы мен мәдениеті» үйінің қарамағындағы «Тарихи-мәдени кешен» ретінде қаржыландырылып келеді.
«Біз негізінен кешеннің күтімін қамтамасыз етуге, экскурсия жүргізушілерге ғана қаржы бөле аламыз. Мәдениет саласы техникалық қызметкерлерінің жалақысы мүлдем төмен екені тағы белгілі. Ал кешен Жезқазған қаласынан 45 шақырым жерде орналасқан. Қызметкерлерді ұстап тұру да қиын», дейді Жезқазған қаласы Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Гүлзада Шомаева.
Бұл сөзді Ұлытау облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сағындық Қожамсейітов одан әрі тірілте түседі.
– Біз ақпан айының соңына таман сырттан келген қонақтарды ертіп апарсақ, кешеннің есігі тарс жабық тұр екен. Мұнысы несі десек, 16 ақпан күні кешеннің қызметкерлері арыздарын жазып, түгелдей жұмыстан шығып кетіпті. Содан соң мұндағы мәселеге үңіле бастағанда, кешеннің күрмеуі көп екенін білдім. Сосын ардагерлер кеңесінің төралқасын шақырып, мәселені тиісті орындармен кеңірек талқыладық. Сондағы ұққанымыз – кешенді республикалық бюджетке бермей, жағдай түзелмейді. Біз астанадағы құзырлы орындарға, лауазымды азаматтарға бірнеше рет хат жолдадық, бірақ, әзір ешқандай нәтиже жоқ, – дейді ол.
Жалпы кешеннің келешегіне қатысты алғашқы дабыл оның құрылысы бітпей жатып-ақ, жоғары жаққа жолданғанға ұқсайды. Бұған Жезқазған қаласының бұрынғы әкімі Қ.Әбсаттаровтың 2021 жылы сол кездегі Қарағанды облысының әкіміне «Аталған тарихи-мәдени кешен халықаралық деңгейдегі туризм нысаны болып табылады. Әлем туристерінің назарын аудартатын ауқымды жобаның заманауи талап деңгейінде мінсіз жұмыс жасауы және жаһандық туризм дамуының бәсекесіне төтеп беруі үшін бұл кешеннің республикалық деңгейде басқарылуы қажет деп санаймыз» деген мағынада бір емес бірнеше рет хат жолдағаны дәлел.
Жаңадан Ұлытау облысы құрылған соң, 2022 жылғы 8 шілдеде Үкімет басшысының бірінші орынбасары Р.В.Склярдың төрағалығымен «Ұлытау облысының өзекті мәселелері» жөнінде жиналыс өтеді. Осы жиналыста «Жошы хан кешенін» республикалық бюджеттен қаржыландыру туралы мәселе көтеріледі. Облыс әкімі 2022 жылғы 21 шілдеде Мәдениет және спорт министрлігіне сол жиналыстың №11-04/05-3285 хаттамасының 10-тармағына сәйкес «Жошы хан тарихи-мәдени кешенін» Мәдениет және спорт министрлігінің меншігіне қабылдауға байланысты процедураны бастауға тапсырма беруін» өтініп, хат жолдайды. Бірақ әзір ешқандай қозғалыс байқала қоймайды.
Кешен «тарихи - мәдени, ғылыми зерттеу орталығына айналады» деген мақсатпен бой көтергенмен, қазір мұнда ешқандай зерттеу жұмыстары жүргізіліп жатқан жоқ және бұл мүмкін де емес. Өйткені кешеннің штаттық кестесінде 26 бірлік бар десек, олардың бәрі дерлік техникалық қызметкерлер. Мұндай жағдайда ғылыми зерттеу ісімен айналысу туралы сөз қозғаудың өзі күлкілі. Ал, тарихшылар кешен орналасқан маңайда Жошы ханның ордасы, бекінісі болғанын, бірнеше хандардың сүйегі де сол жерден мәңгілік орын тепкенін айтады. Зерттелмей, зерделенбей жатқан дүниеміз жетерлік қой.
Сыртқы келбет-көркі тартымды кешен ішкі мазмұнымен де талапқа сай жұмыс істегені абзал. Бізде көп нәрсеге бюрократизм дейтін шырмауықтың кесірі тиіп жататыны бар. «Жошы хан» кешенінің қазіргі ахуалына да нақ сол кінәлі тәрізді. Бюрократизм демекші... Кешеннің қасында Жошы хан кесенесі бар. Бір аумақта тұрғанмен бұл кесене кешенге қарамайды. Мұны айтып отырғанымыз, территориялық тұрғыдан ескерткіштердің бірі Жезқазған қаласына, бірі Ұлытау ауданына қарасты болып келетін қазіргі жағдай түбірінен өзгеріп, бір ізге түсіріліп, бір меншік иесіне топтастырылғанда ғана тарихи ескерткіштерге деген көзқарас та, бұл бағыттағы туризмді дамыту да оң сипат алады деп үміттенуге болады.
Көп нәрсе жаңарып жатқан қазіргідей уақытта елдік тұрғыдан шешім қабылдауға құзыретті азаматтар тығырықтан шығатын оңтайлы жолды таппауы мүмкін еместігіне сенейік. Бұл күрмеу тезірек шешілмесе көзқуанышымызға айналған көрікті кешен көз алдымызда күтімсіздікке ұшырап, келбетінен айырылып қалуы да, ең бастысы, «келешекте ғылыми зерттеу орталығына айналады» деген әдемі ойымыз жүзеге аспай қалуы да бек мүмкін.
Ұлытау облысы