• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
Тарих 29 Мамыр, 2023

Минскіден жеткен бір үзім нан

430 рет
көрсетілді

Сталиндік қуғын-сүргін жылдары қазақ даласында ГУЛАГ-қа қарасты бірнеше еңбекпен түзеу лагері болғаны белгілі. Солардың қата­рын­да «Отанын сатқандар» деген айып­пен абақтыға жабылып, ату жазасына кесілген көрнекті тұлғалардың әйелдері отырған «АЛЖИР» лагері де бар.

Ресми деректерге қарағанда, 1937 жыл­дан 1953 жылға дейін жұмыс істеген лагерьде әр жылдары 18 мыңға жуық әйел «жазасын» өтеп, ауыр еңбекке жегілген. Бүгінде олардың ішінен көзі тірі ешкім қалған жоқ. Ең соңғы тұтқын Анна Енданова 2014 жылы Ресейдің Астрахан қаласында қайтыс болды. Дегенмен «АЛЖИР»-дің суық барактарын паналап, Ақмоланың ызғарлы желін бастан кешкен тірі куәгерлер бұл өмірде әлі де бар. Олар лагерьде тұтқын ретінде отырмаса да, осында анасымен бірге ере келген немесе осы жерде өмір есігін ашқан сәбилер. Солардың бірі – бүгінде Минск қаласында тұратын 86 жастағы Майя Кляшторная.

Ол – «Беларусьтің Есенині» атанған белгілі ақын Тодор Кляшторныйдың қызы. Әкесі ақындық өнерімен қатар, республикалық газет-журналдар мен радиоларда жұмыс істеген танымал журналист еді. Ұлтының жоғын жоқтап, мұңын мұңдаған көзі ашық, көкірегі ояу азаматтарын құрту – КСРО билігіне кел­ген большевиктердің ең басты мақ­саты болғаны мәлім. Олардың қан­ды шеңгеліне болашағынан үміт күт­тір­ген Тодор да ілінді. 1937 жылдың 30 қазанында белорус халқының 50-ден аса мәдениет және ғылым қайраткерімен бірге бір түнде атылғанда, ол бар бол­ға­ны­ 34 жаста еді.

Оның артында жұбайы Янина Гер­ма­нович пен кәмелетке толмаған үш қызы қалды. «Жалған дүние бір айналдырса, шыр айналдырады» демекші, көп өтпей қаныпезер жүйе ақынның отбасына да ауыз салады. Дәл осы уақытта Қазақстанда «Қарлагтың» арнайы бөлімшесі ретінде «26-нүкте» деген ресми атаумен жаңа лагерь ашылып, ол жерге «халық жауларының» әйелдерін вагон-вагонмен әкетіп жатқан болатын. Халық арасында «АЛЖИР» атанып кеткен осы қасіретті қапасқа Янина Германович те қолындағы 4 айлық сәбиі – Майямен бірге айдалып кете барды. Жұбайы ұсталғаннан кейін ол балаларына зияны тиер деп үлкен екі қызының тектерін туыстарының атына ауыстырып үлгерген еді. Соның арқасында Тодиана және Весналина есімді қыздары қудалаудан аман қалды.

Мақаламыздың кейіпкері – Майя Кляш­торная осылайша өмір есігін қазақ жеріндегі лагерьде ашты десек те болады. Анасы бұрын көрмек түгіл естімеген қазақ даласына алғаш табан тірегенде, қолында шақалақ қызы мен азынаған жүк вагонында оны орап әкелген ескі жаялығы ғана бар еді. Бұл жаялықты бекерге тілге тиек етіп отырған жоқпыз, оның да кейінгі «тағдырын» мақаламыздың соңында айтамыз.

Тікенек сымның ар жағында өткен күндер Майя әжейдің еміс-еміс есінде. Лагерь орналасқан жердегі Жалаңаш көлі жағасында қамыс шауып, оларды буып-түйіп жинаумен айналысқан анасының етегінен ұстап өскен сәби бұл қапаста 3 жасқа дейін болды. Тәртіп бо­йынша балдырғандарды 3 жасқа толғаннан кейін лагерьде қалдыруға рұқсат жоқ. Одан кейін балалар үйіне жіберілуі керек. Сол кезде тілі де әлі толық шықпаған сәби болса да, анасымен қоштасқан күні оның есінде жақсы сақталып қалыпты. Янина Германович қасындағы жан дегенде жалғызынан айырылар күні бір жапырақ сәбиін құшағына басып: «Майя, есіңде сақта, сен жалғыз емессің. Сенің Тодиана және Весналина атты бауырларың бар. Ұмытпа. Өскесін оларды іздеп тап. Сенің тегің – Кляшторная. Сен Тодор Кляшторный деген ақынның қызысың», деп құлағына құяды. Қазіргі Қарағанды облысындағы Долинкада орналасқан Осакаровка балалар үйіне кеткен қызының қолына: «Сені осында орап әкелгенім» деп Минскіден ала келген ескі жаялықты да ұстатып жібереді.

Майя балалар үйіне Тұрар Рыс­құ­лов­тың қыздары Әзиза және Ридамен бірге өткізіледі. Бұл 1940 жыл болатын. Ел іші ашаршылықтың зардабынан әлі толық арылмаған, оның үстіне қуғын-сүргін зобалаңы қырғидай тиіп, елді титықтатқан, соғыс қарсаңындағы қиын шақтар еді. Балалар үйінде де бұларға жасалған жағдай сын көтермейтін. Олар ешқашан тойып тамақ жеп көрмеді. Рида Рысқұлова мен Майя Кляшторнаяның кереуеттері қатар орналасқан еді. Екеуі түнде оянған сайын бір-бірін тірі ме, әлде өлі ме деп үнемі тексеріп жүреді екен.

Осакаров балалар үйінде Майя Кляш­торная 10 жасқа дейін тұрды. Сол уақытта Беларусьтегі екі әпкесі де бойжетіп, әр жерге хат жазып, сіңлілерін іздей бастаған еді. Жоғарыда айтқанымыздай, большевиктердің мақсаты – орыстан басқа ұлттарды өткен тарихынан ажырату, ұлттық салт-санасынан қол үздіру болса, соның бір жолы – зиялы қауым өкілдері мен олардың балаларының арасындағы байланысты да үзу еді. Сол себептен болса керек, «халық жауларының» балаларына туыстарынан келген хаттарды бермейтін. Осакаров балалар үйінде де жоғарыдан түскен тапсырма бұлжытпай орындалып, Майяға жазылған екі әпкесінің хаттары оның қолына тимеді. Мекеме қызметкерлері балаларға келген хаттарды терезені жабуға пайдаланатын.

Бір күні Майя ойнап жүріп терезеге жапсырылған қағаздан өзінің аты-жөнін көріп қалады. Жақындап барып оқып қараса, анасы қоштасар кезде айтып кеткен екі әпкесінің өзін іздеп жазған хаты екен. Сол кезде ол өзінің шынымен жалғыз еместігін, артынан жоқтайтын бауырлары барын анық сезінеді. Хатта жазылған мекенжай бойынша ол да әпкелеріне жауап жазып, ақыры көп жыл көз жазып қалған бауырлар бір-бірімен қауышады. Белоруссиядан іздеп келген екі әпкесі Майяны туған жеріне алып кетеді. Бұл 1950 жыл болатын.

Мұқағали Мақатаевтың «Біздер – жетімдерміз» деген өлеңі бар еді ғой. Сондағы:

«Ұрылар да емеспіз, қарылар да!

Қарғыс таңба біздерден арылар ма?!

Жылынамыз бір ауыз жақсы сөзге,

Қарғыс аяз біздерді қарығанда» деген жыр жолдары жалған жаламен атылған боздақтардың жазықсыз жапа шеккен ұрпақтарына қаратып айтылғандай. Кішкентайынан әке мен анадан қол үзіп, тірі жетім атанғаны аздай, балалар үйінен шыққасын да Майяға «халық жауының қызы» деген қарғыс таңбаның жабысып жүруі бөлек әңгіме.

Миллиондаған жанның қанын мойнына жүктеген ХХ ғасыр тажалы – Сталин өлгеннен кейін 1953 жылы «АЛЖИР» лагері де жабылғаны белгілі. Әйелдерден «Лагерьде отырғаны жа­йында ешкімге тіс жармау» туралы қолхат алынып, бәрі бостандыққа шыққанымен, Майяның анасы Янина Германович құжатында «халық жауы» деген мөр болғандықтан өз еліне қайта алмай, 1955 жылға дейін Қазақстанда жүрген. Сол жылы «Алжир» лагері бұзылып, барактарының бәрі жермен-жексен етілгеннен кейін Янина Германович те толықтай ақталып, туған жері – Белоруссияға табан тірейді. Осылайша, қаншама уақыт қасірет шеккен ана 20 жылдан кейін қыздарымен ақыры қайта табысты.

Сол кезден бастап бұл отбасы­ мүше­ле­рі ешқашан бір-бірінен ажыраған емес. Өмірлеріне өшпес із қалдырған қиын-қыстау күндер артта қалса да, Майя Кляшторная бір нәрсені еш уақытта есінен шығармады. Ол – лагерьде және балалар үйінде жеген қара нан. Көбіне аш жүретін сол бала күндері әлі есінде, оқта-текте бір тілім нан берілсе, оның әр қиқымын тастамай теріп жейтін. Содан да шығар, ол қара нанды ерекше қадірлеп, қастерлеп өсті. Кейін тоқшылық заман келсе де, қол сөмкесіне бір тілім нан салып жүретін. Тіпті өзі бір естелігінде айтқандай, басы ауырса да, дәрінің орнына нанды иіскеп жазылып кетеді екен.

2007 жылы Қазақстанның Ақмола облысында, бұрынғы лагерь орналасқан жерде «АЛЖИР» музей-мемориал кешені ашылғанын естіген Майя Кляшторная бақытсыз балалық күндері өткен орынға бір келіп, жазықсыз жапа шеккен қуғын-сүргін құрбандарына тағзым етуге бел байлаған. Денсаулығының сыр бергеніне қарамастан, қызы Тамарамен бірге 2011 жылы, яғни 74 жылдан кейін сол қасірет орнына қайтадан табан тіреді. Ол өзіне екінші өмір сыйлаған қазақ жерін, таршылық кезде тірі алып қалған қазақтың қара нанын ұмытқан емес. Беларусь елінен Қазақстанға келгенде де құрмет ретінде өзімен бірге нан және кезінде анасы берген көне жаялықты әкеліп, музейге сыйға тартты. Кляшторныйлар отбасында ұзақ жыл сақталған бұл жәдігер қазіргі күні «АЛЖИР» мұражайында экспонат ретінде тұр.

Айтпақшы, Майя Кляшторнаяның туған күні – 31 мамыр. 2017 жылы ол немересін ертіп Қазақстанға екінші рет келіп кетті. 31 мамырда «Алжир» музей-мемориал кешенінде өткен іс-шараға қатысты. «Қазақстанда 31 мамырда қуғын-сүргін құрбандарын еске алады. Менің өмірге келген күнімнің осы атаулы күнмен сәйкес келуінің астарында да бір сыр болса керек», дейді ол кейінгі бір сұхбатында. Сол жылы өзінің 80 жасын Қазақстанда қарсы алған қарт ана қазіргі күні Минск қаласында балалары мен немерелерінің ортасында бақытты ғұмыр кешіп жатыр. Бұрынғылар «Құдай, ақырымды бере гөр!» деп тілеуші еді. Өмірі өксікпен басталғанымен, бүгінде қарттықтың қызығын көріп отырған Майя әжейге қарап, Жаратқан тілеуін берген екен деген ойға тоқтадық...