• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Тарих 29 Мамыр, 2023

Тұтқындар тырнақпен қазған «Беломорканал»

340 рет
көрсетілді

Халықты қынадай қырған зобалаң тақырыбының айналасында әлі де зерттелмеген тарихи деректер мен саяси тақырыптар аз емес.

Өткен ғасырдың 1920-1930 жы­л­­­­­дары өндіріс алаң­да­­­­рын­­да­ғы­ ауыр жұмыстың зар­дап­­­тары­нан­ қаншама адамның қаза­ға ұшы­рағанын зерттемей келеміз. Сол бір ауыр жылдары Алаш зиялылары итжеккенге айдалып, психологиялық қыспаққа ұшырады. Зиялылардың бір тобы ауыр еңбекке жегілді. Олардың көбі туған жеріне оралмай жат жердің топырағында қалды. Сол уақыттары қалыптасқан сая­си ахуалдың ауыр салмағы тек зиялыларды ғана емес, тұтастай бір халықты жаныштап өтті. Бүгін біз осы тақырыптың бір мысалына тоқталуды жөн көрдік.

Ақ теңізді Балтық теңізімен байланыстыру қажеттілігі туралы мәселе 1917 жылдың қазанына дейін «жоғарғы жақта» бірнеше рет талқыланады. Алайда патша министрлері оның қымбаттығын айтып, құрылыстың басталуын кейінге шегереді. 1931 жылы 18 ақпанда КСРО Еңбек және қорғаныс кеңесі Ақ теңіз –Балтық су жолын салу туралы түпкілікті шешім қабылдайды. Ал бұл канал елді индустрияландыру үшін аса қажет еді. Ол кезде каналдың құрылысына кететін шығындар мәселесі соншалықты өткір тұрмаған. Партия мен үкі­мет ойға алған каналдың құры­лы­сын жүргізуді ОГПУ органдарына тапсырады. ОГПУ басшысы Генрих Ягода оны қысқа мерзімде тапсыруға уәде береді. Алға қойған мақ­сат­қа жету үшін еліміздің түкпір-түк­пірінен жүз мыңдаған тұтқын құ­рылыс алаңына айдалып, олар жедел үнемдеу режімінде жұ­мысқа кіріседі. Бұл құрылысқа Қазақ­станнан да бірнеше жүз­де­ген адам қатысады.

Күзет қызметкерлері мем­ле­­кеттің әрбір тиынын үнем­деу­ді желеу етіп, жұмыс­шы­ларды, киім-кешекпен, жұмыс құрал-жабдықтарымен, тіпті жеке заттармен қамтамасыз етуден бас тартады. Сол кездері бұл суық аймақта аяқтарына жеңіл туфли киген сылқым әйелдер мен сандал сүйреткен ерлерді жиі көруге болатын. Жұмысқа жегілгендер тоң боп қатып қалған жерлерді жа­лаңаш қолдарымен қазуға мәжбүрленеді. Бейшаралардың қолдарында басқа құрал-жаб­дық­тары болмайды, олар қамауға алынған кезде киген киімімен жұмыс істеп, аман қалуға тырысып бағады. Олардың бар байлығы алюминийден жасалған тостаған мен қалайы қасықтар ғана болған. Кейбірінде ол да болмаған. Сондықтан жазасын­ өтеу­ші бақытсыз жандарға түр­ме быламығы тікелей бас киім­деріне немесе тас төбелеріне құйылып берілген. Бұл – бір қасық асқа жарымаған адамдар үшін нағыз қорлық еді. Ақ теңіз жұмысшыларының арасында өлім-жітім өте жоғары болып, қайтыс болған адамдар бірден жаңа тұтқындармен алмастырылып отырған.

Тозақ қамытындағы адам­дар­дың тырнағымен қазылған «Беломорканал» белгіленген уақы­тынан ерте пайдалануға берілген. Тұтқындар 227 шақы­рым­дық су арнасын небәрі 20 айда қазып бітірген. Мұндай рекордтық уақытта субполярлық ендікте жаңа су артериясын жүргізу жанкештілік деп атауға болады. Өйткені Мысырдағы жалпы ұзындығы 160 ша­­қы­рымды құ­райтын Суэц кана­лы 10 жыл­ са­лынған болатын. Канал құ­ры­­­лысы аяқталғаннан кейін, ОГПУ қызметкерлері бұл тура­лы бүкіл әлемге жариялауға асы­ғады. Осы мақсатта кеңестік жазушылардың бір тобы Ақ теңіз каналын көзбен көруге экскурсия жасауға шақырылады. Олардың арасында пролетариат жазушысы Максим Горький, Алексей Толстой, Михаил Зо­щен­ко сияқты қаламгерлер бола­ды.­ ОГПУ қызметкерлері жазу­шы­лар сапарына жан-жақты дайындалады. Кеңес жазушысы Александр Авдеенко бұл сапарды кейінірек былайша еске түсіреді: «Кешке автобус бізді Ленинград стансасына алып келді. Перронға түрлі бояу­лармен сырланып, лакпен жылтыратылған және айналы терезелері бар жұмсақ вагон­дар­дан тұратын арнайы құрама қойылды. Кім қалай қаласа, солай таңдаған жерлеріне отырды. Чекистердің қонағы болған сәттен бастап бізге толық коммунизм орнағандай болды. Қалауымызша тамақ берілді, ол үшін ақы төлемедік. Ысталған шұжықтар, ірімшік­тер, уылдырық та берілді. Жеміс-жидек, шоколад, түрлі шарап пен қымбат коньяктар қалауы­­мыз­ша құйылды. Бұл жағдай аш­тық жайлаған жылдары болып жатты...».

ОГПУ қызметкерлеріне бө­лін­­ген барлық қаражат ақталуы керек болды. Ақ теңіз каналына­ ұмытылмас сапардан кейін бір­неше ай өткен соң «Сталин атын­дағы Ақ теңіз – Балтық арнасы: құрылыс тарихы, 1931-1934 жылдар» атты әдеби жинақ жарық көреді. Бұл әйгілі кітаптың 1934 жылғы ақпандағы шығарылымы партияның XVII съезіне арналды. Ол кейіннен «Атылғандардың съезі» деп аталды. Бір қызығы, әдеби басылымның тағдыры оның депутаттарының тағды­ры­мен үндестік тауып жатты.­ Бас­тапқыда оның болашақ тағ­ды­­­ры туралы ешкім ойланбады.­ Ұжымдық монографияның ре­дак­­­торлары Максим Горький, Семён Фирин, Леопольд Авербах болды. Пролетариат жазушысы Максим Горький кітап туралы жағымды ой қозғады.

Сол жылдары атақты ақын Мағжан Жұмабаев осы Беломор каналы құрылысында болған еді. Оның Максим Горькиймен кездесуі де осы сапарда болды-ау­ деп топшылаймыз. Осы таныс­тықтан соң, Зылиха шеше­міз жазушыға оның әйелі арқылы хат жазған сияқты...

 

Ермек ЖҰМАХМЕТҰЛЫ,

журналист