• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Әскер 30 Мамыр, 2023

Әскерилердің бітімгерлік миссиясы

419 рет
көрсетілді

Қазақстан шартарапқа өзінің бейбітсүйгіш мемлекет, тұрақтылық пен қауіпсіздікті жақтайтын ел екенін талайдан бері айшықтап келеді. Осы бағытта атқарылып жатқан міндеттің бір парасы – бітімгерлік миссиясы. Сарбаздарымыз бен сардарларымыз БҰҰ-ның бітімгер әскері құрамында міндетін абыройлы атқарып жүр.

Таяуда ғана «БҰҰ-ның Ливандағы уақытша күштері» миссиясына қаты­са­тын Үндістан Қарулы күштерінің бітім­герлік контингенті құрамында қазақ­стан­дық бітімгерлердің кезекті ротациясы жүргізілді. Біраз уақыт әлемнің «отты нүк­тесінде» міндетін атқарған жауынгерлер елге оралды. Алматы халықаралық әуежайында Таяу Шығыс еліндегі миссияны аяқтаған әскери қызметшілерді салтанатты қарсы алу рәсімі өтті.

Қазақстандық бітімгерлер БҰҰ-ның Ливандағы миссиясының «Шығыс» секторында орналасты. Олар БҰҰ мандаты аясында жаяу және мобильді патрульдеуді жүзеге асырды. Жол тосқауылдарының жұмысын ұйымдастырумен айналыс­ты. Үнді контингентімен бірге басқа да мін­дет­терді орындады.

«Ливанда біз үнді батальонының құ­ра­мында болдық. Қазақстанның халық­ара­лық аренадағы беделін нығайту үшін бәрін жасадық. Шығыс секторының қол­бас­­шысы мен батальон қолбасшылығы біздің әскери қызметшілердің қызметі мен жауынгерлік даярлық деңгейін жоға­ры бағалады», дейді бітімгерлік тобы­ның командирі, аға лейтенант Темірлан Күмісбеков.

Бітімгерлік миссиясына қатысушылар елге оралғаннан кейін санаторий-курорт­тық емделуден өтеді. Содан соң олар тұ­рақ­ты орналасқан жері бойынша қызмет атқаруға кіріседі. Осы орайда, бү­гін­ге дейін Үндістан бітімгерлік контин­гентінің құрамында 500-ден астам қазақ­стандық әскери қызметші Ливан­дағы мис­сияны орындауға қатысқанын атап өткен жөн.

Жалпы, қазақ ұлан­дарының бітім­гер­лік миссияларына ішін­ара қатысып жүргеніне талай жыл­дың жүзі болды. Әсіресе, Қазақстан 2017-2018 жылдары БҰҰ Қауіпсіздік Кеңе­сіне тұрақты емес мү­шеcі болып сай­лан­ғаннан кейін бұл ба­ғыттағы жұмыс қар­қын алды. Бү­гін­ге дейін Ливанда бітім­герлікпен айналысу мақсатында еліміз­ден бірнеше мәрте сар­баз­дар аттанды. Алғаш рет 2018 жылы 120 жауын­гер UNIFIL-дің құ­ра­мын­да Ли­вандағы ты­ныш­­тықты сақтау мін­де­ті­не кірісті.

Бітімгерлік күштер туралы мәселеде мынаны ескерген жөн. Еліміздің сарбаздары қақтығыс өрті күйіп тұрған аймақтарға бармайды. Ондай өңірлерге БҰҰ-ның «Бітімгерлік әлеуетінің дайын­дық жүйесінде» әбден ысылған әскер жібе­ріледі. Сонымен қатар қазақстандық сарбаздарды қақтығысқа толы аймақтарға жіберу жоспарда жоқ. Керісінше, бітім­гер­лік ротасының әлеуетін арттыратын, алайда дау-жанжалы аз өңірге жіберу көз­делген. Себебі бітімгерлік опера­ция­сы­ның қауіпті тұсы да бар. Ең алдымен, мұндай миссиялардың құны адам өміріне тең келуі мүмкін. Мәселен, 1995 жылы Тәжікстанда бітімгерлік топта борышын өтеуге барған 17 қазақ сарбазы қаза тапқан-ды. Сондай-ақ 2003 жылы Иракта да бір жауынгеріміз опат болды.

Халықаралық қоғамдастық Қазақ­стан­ның бітімгерлік миссиясына қосқан үлесін жоғары бағалайды. Мәселен, Сыртқы істер министрлігінде БҰҰ-ның алғашқы бітімгершілік миссия­сы құ­рыл­ғанына 75 жыл толуына орай Қор­ға­ныс министрлігі, БҰҰ-ның Қазақ­стан­дағы Өкілдігі және шетелдік дипло­ма­тиялық корпус өкілдерінің қатысуымен іс-шара өтті.

Іс-шараны ашқан Сыртқы істер минис­трінің бірінші орынбасары Қайрат Омаров Қазақстанның БҰҰ-ның бітім­гершілік миссиялары шеңберінде өңір­лік және халықаралық қауіпсіздікті қам­та­масыз етудегі БҰҰ-ның күш-жігерін қолдауы еліміздің сыртқы саясатының маңызды құрамдас бөлігі екенін атап өтті. Дипломат қолдау көрсеткені үшін серіктестерге алғыс білдіріп, Қазақстан БҰҰ аясында бітімгершілік қызметін одан әрі арттыруға ниетті еке­нін мәлімдеді.

БҰҰ-ның Қазақстан Респуб­ли­ка­сындағы Тұрақты үйлестірушісі Микаэла Фриберг-Стори Қазақстанның ұйымның қызметіне белсенді қатысуын жо­ға­ры бағалады. Сондай-ақ Астана ты­ғыз ынтымақтастық жылдарында бітім­гер­­шілік жолында өзінің тиімдігін дәлел­де­ге­нін және қазақстандық әскери қызмет­керлердің жоғары кәсібилігін көрсет­кеніне екпін берді. Шетелдік дипломат осындай миссияларда жеке тәжіри­бесі бола отырып, Алматыда жұмыс істейтін «Казцент» бітімгершілік оқу-жат­тығу орталығы аясында бітімгер­шілік әлеуетті арттыру үшін елімізде жасалған жағ­дай­лар­ға ерекше назар аударды.

Қорғаныс министрлігі Халықаралық ынтымақтастық департаментінің бастығы полковник Олжас Хұсайынов, сондай-ақ миссияларға қатысқан қазақстандық бітімгершілер, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің БҰҰ-ның бітім­гер­шілік қызметіне қосқан үлесі туралы маз­мұн­ды ақпаратпен бөлісті.

Қазақстанның оң тәжірибесін атап өткен шетелдік дипломатиялық кор­пустың өкілдері біздің әскери­лер­ге алғыстарын білдіріп, қолдау көр­сет­ті. Отандық бітімгершілер БҰҰ-ның Ливандағы миссиясы аясындағы әре­кеттері үшін жоғары баға берді. Осы­лай­ша, Үндістан Республикасының әскери атташесі сол елдің бригадасында қызмет ететін қазақстандық бітім­гер­ші­лермен өзара іс-қимыл тәжіри­бе­сі­нің сәттілігін атап өтті. Бұл тәжірибені қазір басқа елдер де зерттеп жатыр.

Біріккен Ұлттар Ұйымының бітім­гер­лік қызметі қақтығыстарды бейбіт жолмен шешуде маңызды қызметін атқарады. БҰҰ-ның алғашқы бітімгершілік миссиясы 1948 жылы Таяу Шығыста орналастырылды. Содан бері БҰҰ әртүрлі континенттерде 72 бітімгершілік операциясын өткізді, оған 2 миллионнан астам әскери қызметкер, полиция қызметкері және бейбіт тұрғын қатысты. Өкінішке қарай, соның 4 мыңнан астамы бейбітшілік жолында қаза тапты. Қазіргі уақытта БҰҰ-ның 12 белсенді бітімгершілік мис­сиясында 87 мыңнан астам адам жұмыл­ды­рылған.

БҰҰ бітімгерлік қызметіне қатысу – Қазақстанның сыртқы саясатының ма­ңыз­ды бағытының бірі. Өңірлік және халықаралық қауіпсіздікті нығайту мақ­са­тында Қазақстанның бітімгершілік күштері 2014 жылдан бері БҰҰ миссияла­ры­на қатысып келеді. Олар қазір Ливан, Мали, Орталық Африка Республикасы және Батыс Сахарада абыройлы қызмет атқарып жүр.