Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» болу үшін азаматтармен тығыз қарым-қатынас орнату айрықша маңызды екенін жиі айтады. Ал бұл талап ел ішінде орындалып жүр ме?
Әрине, кейінгі уақытта әртүрлі деңгейдегі шенеуніктердің халық алдында есеп беруі, әлеуметтік желілер арқылы байланысқа шығуы да жиіледі. Бұл жақсы үрдісті Сәтбаев қаласының әкімі Шапағат Әубәкір «Ауладағы кездесулер» деген жобамен толықтыра түсті.
– Халықпен жүзбе-жүз жолығып, көзбе-көз әңгімелескеннің жөні бөлек. Тұрғындардың талап-тілектерін, өтініш-шағымдарын тікелей тыңдағанға ештеңе жетпейді. Бәріміз де бір қаланың тұрғынымыз. Біздің де халыққа айтарымыз бар, әкімдікке де халықтың қолдау, көмегі қажет. Сондықтан апта аралатып, жұрт жұмыстан келген кешкі уақытта аулаларға барып, кездесу өткізуді ұйғардық, – дейді Ш.Әубәкір.
«Әкім бол, халқыңа жақын бол!» дегендей, басшылардың бұқарамен байланысты барынша нығайтуы ортақ іске тек пайдасын тигізері анық.
Сәтбаев қаласы