• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
19 Шілде, 2014

Ұлылыққа ұштасқан игілік

401 рет
көрсетілді

Ресей «Сбербанкінің» басшысы Герман Греф Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының кітапханасында болған кезінде Джим Коллинздің «Ұлылыққа ұштасқан игілік» атты бестселлерінің қазақ тіліндегі эксклюзивті нұсқасының 100 данасын сыйға тартты. Ресей «Сбербанкінің» пре­зи­денті, басқарма төрағасы Гер­ман Греф Қазақстанға жаса­ған жұмыс са­пары бары­сында Қазақстан Респуб­ликасының Тұң­ғыш Президенті – Елба­сының кітапханасында болды. Кітапханада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың жеке коллекциясынан жинақталған экспонаттармен қатар, кітап қоры ауқымдылығы жағынан бүгінде 20 мыңнан асады. «Сбербанк» бас­шы­сының назарына Қазақстан Президентінің экспозициялары ұсынылды. Экскурсия барысында Герман Греф Елбасы кітап­ха­насының мазмұндық құрылы­мының ерек­ше­лігіне тәнті болып, Елбасының кітапханасы жобасын іске асыру­дағы инно­вациялық көзқарасты ерекше атап өтті. Оның басты идео­логы – Қазақстан Республикасы Президенті Кеңсесінің бастығы, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының кітапханасы директорының мін­детін атқарушы Махмұд Қа­сымбеков. Герман Греф кітапханаға Джим Коллинздің «Ұлылыққа ұштасқан игілік» атты бест­сел­лерінің қазақ тіліндегі экс­клюзивті нұсқасының 100 данасын сыйлады. Еңбекті қа­зақ тіліне филология ғылымдары докторларының көмегімен «Сбер­банктің» Қазақстандағы еншілес банкі аударды. Кітапты «Сбербанк кітапханасы» сериясында «Сбер­банк» АҚ ЕБ шығарды. Герман Греф кітапты тапсы­рып тұрып, оның кездейсоқ таңдал­ма­ған­дығын атап өтті. Джим Коллинз «Ұлылыққа ұштасқан игілік» кітабында игілік істерін ұлы істерге ұштас­тырған компаниялардың тәжі­рибелерін талқылайды. Автор осылай ұштастыру үшін қа­жетті факторларды, талаптар мен механизмді қарастырады. Осындай үдеріс Қазақстанда да: игілік істерді ұлы болашаққа ұштастырып дамытудағы өз стратегиясына сәйкес алдыға қой­ған міндеттерді кезең-кезеңі­мен шешу және көтерілу үдерісі көрінеді. «Бұл – қазақ тіліне ауда­рыл­ған алғашқы бизнес-кітап және «Сбер­ба нктің» қазақстандық кәсіп­керлердің дамуына, сонымен қатар, елдің кітапхана қорының қазақ тіліндегі кітап­тармен толығуына қосқан үлесі екені сөзсіз. Біз ал­дағы уақытта республиканың ірі кітапханалары мен жетекші жо­ғары оқу орындарына сыйға тарту үшін осы кітаптың 1000 данасын шығаруды жоспарлап отырмыз. Бұл корпоративтік әлеуметтік жауапкершілігіміздің маңызды жобаларының бірі», – деп атап өтті Қазақстандағы «Сбербанк» басқар­ма­сының төрағасы Александр Камалов. Өз кезегінде, Қазақстан Респуб­ли­касының Тұңғыш Президенті кітапханасы Ресей «Сбербанкінің» Президенті, басқарма төрағасы Герман Грефке және делегация мүше­леріне Н.Ә.Назарбаевтың «Жыл­дар мен ойлар» («Времена и думы»), «Еркін елдің ертеңі» («Будущее свободной страны») атты толғамдары мен қанат­ты сөздері топтастырылған жинақ­тарын сыйға тартты. «Қазақстан Рес­пуб­ли­ка­сының Тұңғыш Президенті – Ел­басының кітапханасы» мем­лекеттік меке­месі 2014 жылғы наурызда «Назарбаев орталығы» көп функциялы ғылыми-талдамалық және гу­манитарлық-ағартушылық мем­ле­кет­тік мекемесі жаны­нан құ­рыл­ды. Кітапханада өзі­нің мазмұны бойынша сирек кез­десетін «Елбасының мобильді кітапханасы» жобасы іске асырылып, онда Н.Ә.Назарбаевтың 28 кітабы жиналған. Елбасының Кітапханасы «Назарбаев орта­лы­ғының» жаңа ғимаратында орна­ласқан. Әлемдік деңгейдегі іскерлік әдебиеттің бірден бір өкілі Джим Коллинздің еңбегін қазақ тілінде сөйлетіп отырған «Сбербанк России» ААҚ – Ресейдің ең ірі банкі және алдыңғы қатар­дағы жаһандық қаржы институт­тарының бірі. «Сбербанк» үлесіне бүкіл ресейлік банк секторы активтерінің үшінші бөлігі жатады. «Сбербанктің» ұлттық экономика үшін маңызды кредитор және салымдар нарығында ең көп үлесі бар екендігі аян. «Сбербанк России» ААҚ-тың құрылтайшысы және негіз­гі акционері – Ресей Федера­ция­сының Орталық банкі, оған жарғы капиталының 50 пайыз және бір дауыс беруші акциясы тиесілі. Банктің қалған акция­ларының 50 пайызы ресейлік және халықаралық инвесторлардың еншісінде. «Сбербанк» қыз­мет­терін дүниежүзіндегі 22 елдің 110 мил­лионнан астам жеке тұл­ға­сы және 1 миллионға жуық кәсі­п­­орындары пайдаланады. Банк­­тің Ресейде 18 мыңнан аса бөлім­шелері мен ішкі құры­лым­дық бөлімшелерінен тұратын ең ау­қымды филиалдық желісі бар. Ал сыртқы шетелдік желісі Ұлы­бри­тания, АҚШ, ТМД, Орталық және Шығыс Еуропа, Түркия және тағы басқа елдердегі еншілес банктерден, филиалдардан және өкілдіктерден тұрады. «Сбербанктің» халықаралық тобына кіретін «Сбербанк» АҚ ЕБ Қазақстанның қаржы нары­ғында тұрақты түрде 7 жыл табысты жұмыс істеп келеді және актив­терінің көлемі бойынша Қазақ­стандағы ЕДБ арасында 4 орын­ға ие болды. Бүгінгі таңда «Сбербанк» АҚ ЕБ-нің 107 құры­лым­дық бөлімшеден тұратын 15 филиалдық желісі бар. Банктің орталық офисі Алматы қаласында орналасқан. Қанат ЕСКЕНДІР, «Егемен Қазақстан». АЛМАТЫ.