• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Форум 29 Мамыр, 2023

Тұғырнамалық құжаттар қабылданды

570 рет
көрсетілді

Астана қаласында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы­ның ұйымдастыруымен «Имам – ізгі қоғам жаршысы» тақырыбында V республикалық имамдар форумы өтті.

Форумға Мемлекеттік ке­ңес­­ші Ерлан Қарин, Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі, Қазақ­стан мұсылмандары діни басқар­масының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы, Сарапшылар кеңесінің мүшелері, медресе-колледж бен қарилар орталығының директорлары, сондай-ақ еліміздің әр аймағынан келген 350 имам қатысты.

Құран аятымен ашылған іс-шарада мүфтияттың жыл басынан бері атқарған іс-шаралары туралы бейнеролик көрсетілді. Форум бағдарламасына сәйкес «Имамның жамағат нама­зын өткізу тәртібі», «Қазақ­стан мұсылмандары діни басқарма­сының рухани (діни және ұлттық) құндылықтарды насихаттаудағы рөлі» және «Қажының рухани келбеті» тұғырнамалық құжаттары талқыға салынды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың форумға арнаған құттықтауын оқып берген Мем­лекеттік кеңесші Ерлан Қарин қоғамдағы имамдардың рөлін айрықша атап өтті.

«Имам – халықты бірлікке үндейтін, қоғамды мейірімділікке шақыратын тұлға. Адамдар­дың көкірегіне ізгіліктің дәнін сеуіп, жұртшылықты жақсылыққа насихаттайды. Сондықтан имам­дардың ел ішіндегі орны ерекше. Соған сәйкес оларға артылатын жауапкершілік те зор. Имам мен жамағаттың арасында өзара түсіністік, ынтымақ пен құрмет болса, онда қоғамның тұрақтылығы да беки түседі. Жұрт арасында жүргенде имамдармен жиі жолығысып жатамыз. Сол кезде «Жамағатыңыз қалай?» деген сұрақ қоямыз. Сонда байқағаным, бүгінде имамдар жамағаттары жайында айтқанда ерекше мейірленіп кетеді. Мешітке келушілердің бір-біріне көмек қолын созып жатқанын, сүрінгенді демейтін ынтымағы бар екенін айтады. Бұл ел бірлігінде жаңа іргетас қалыптасып жатқанын көрсетеді. Халықтың бір-біріне шарапатын тигізіп, ауызбіршілікте өмір сүріп жатқанын нақтылайды. Осыған қарап, мүфтият пен имамдар­дың жұмысы табысты іске асып жатқанына куә боламыз», деді ол.

Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы форум аясында талқыланып жатқан құжаттардың маңызына тоқталды.

– Бүгінгі форумда бірнеше құжат қабылдауды ұсынып отырмыз. Әр имам әр өңірде рухани жетекші болғандықтан, жамағат оған ұйып, құлшылық жасайды. «Имамның жамағат намазын өткізу тәртібі» құжатын қа­былдаудағы мақсат – мешіттерде көпшілікпен намаз оқу тәртібін бірізділікке түсіру, жамағат арасында түсініспеушілікке жол бермеу, сонымен қатар ата-бабамыз ұстанып келген дәстүрлі ханафи мәзһабын дәріптеу. Аллаға шүкір, бүгінде мүфтият діни ғана емес, ұлттық құндылықтарымызды насихаттайтын рухани ордаға айналды. Біз ұлттық болмысымыз бен мұсылмандық кел­бетімізді сақтап қалу үшін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының рухани, яғни діни және ұлттық құндылықтарды насихаттаудағы рөлін арттыруға басымдық беріп отырмыз.

Қажылыққа барып жатқан отандастарымыздың қатары жыл санап артып келеді. Біз қажыны құрметтеп, төрімізге шығарған халықпыз. Оның батасын алуға тырысамыз. Бұл ретте қажыларымыз да рухани тұлғасымен, көркем мінезімен, әдебімен айналасына үлгі-өнеге болуға тиіс. Қажы болу өмір бойы үлкен жауапкершілік жүктейді. Бүгін қабылданатын «Қажының рухани келбеті» құжаты қажыларымыздың рухани жауапкершілігін арттыруды көздейді, – деп атап өтті Бас мүфти.

Аталған құжаттар бірауыздан мақұлданып, жиын соңында форум қатысушыларының Үндеуі жарияланды.