• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 30 Мамыр, 2023

Елімізде 9 жаңа халықаралық әуе маршруты ашылады

361 рет
көрсетілді

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаевтың айтуынша, жыл соңына дейін тағы 9 жаңа халықаралық әуе маршруты ашылады. Бұл туралы министр кезекті Үкімет отырысында айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.

«2022 жылдың қорытындысы бойынша отандық авиакомпаниялар 11 млн жолаушыны тасымалдады. Бұл 2021 жылмен салыстырғанда 17%-ға артық. Өсу қарқыны биыл да сақталып отыр. Сонымен қатар әуе транзиті де жоғары қарқынмен өсіп жатыр. Мәселен, 2022 жылы қызмет көрсетілген ұшу көлемі 410 мың ұшақты құрады, бұл 2021 жылғы көрсеткіштен 90%-ға артық», деді Марат Қарабаев.

Министрдің баяндауынша, бүгінгі таңда аптасына 56 ішкі авиамаршрут бойынша 706 рейс орындалады, 103 бағыт бойынша 27 елге халықаралық тасымалдау қамтамасыз етіледі.

Сондай-ақ жыл соңына дейін Доха, Куала-Лумпур, Анкара, Карачи, Лахор, Джидда, Маскат, Прага және Тель-Авивке тағы 9 жаңа халықаралық маршрут ашылады деп жоспарланып жатыр.

2025 жылға дейін Мумбай, Гонконг, Вена, Токио, Сингапур, Нью-Йорк және басқа қалаларға рейстер ашылады.  

«Қазіргі уақытта Қазақстанның ұшу қауіпсіздігі стандарттарына сәйкестік деңгейі 82% құрайды. Бұл – Тәуелсіз мемлекеттер достастығы елдері арасындағы ең жоғары көрсеткіштердің бірі. Қазақстан Дания мен Польша сияқты Еуропалық Одақ елдерімен бір деңгейде тұр.

2023 жылы Алматы, Шымкент, Қызылорда және Қостанай қалаларындағы әуежайларды жаңғырту жұмыстары жоспарланған. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Павлодар қаласы әуежайының ұшу-қону жолағын, Балқаш қаласы әуежайының перронын және рульдеу жолағын реконструкциялау мәселесі пысықталып жатыр», деді министр.

Саланы одан әрі дамыту бойынша ұшу қауіпсіздігі стандарттарына сәйкестік деңгейін 90%-ға дейін арттыру, халықаралық маршруттарды ұлғайту, әуежайлардың барлық терминалын реконструкциялау жоспарланып жатыр.