
2020 жылға дейінгі кезеңге арналған мемлекеттік бағдарлама аясында елімізде 11 елді мекенге жергілікті әуе қатынасын ашу жоспарланса, оның игілігін облыс орталығынан алыс жатқан Уәлиханов ауданының тұрғындары көретін болады. Бұл мақсат үшін республикалық қазынадан 200 миллион теңгеге жуық қаржы бөлініп, Петропавл–Кішкенекөл бағытындағы әуе қатынасын жаңғыртудың жобасын жүзеге асыру қолдау тапты. Көлік жүйесі инфрақұрылымын дамытудың мемлекеттік бағдарламасына жауаптылардың сөзіне қарағанда, бірінші кезекте Жасқайрат, Қулыкөл, Қаратал секілді қоғамдық көліктің қатынауы өте қиын түкпірдегі ауылдардың тұрындарының жүріп-тұруы жеңілдейді. Сол сияқты көршілес аудандар жұртшылығы да оның қызметін көре алады.
Қазір 12 орынды ұшақтар қатынайтын аэродром құрылысы үшін жер телімдері және жобалау-сметалық құжаттарын әзірлеу үшін жергілікті бюджеттен 30 миллион теңге қарастырылған.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан».
Солтүстік Қазақстан облысы,
Уәлиханов ауданы.