• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
Футбол 31 Мамыр, 2023

Келесі қарсыласымыз – Сан-Марино

959 рет
көрсетілді

Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Магомед Адиев 2024 жылғы Еуропа чемпионатының іріктеу кезеңінде Сан-Марино және Солтүстік Ирландия құрамаларымен өтетін матчтарға шақырту алған ойыншылардың тізімін жариялады. Жалпы, тізімге 34 футболшы енген.

Наурыз айындағы Словения және Дания құрамаларымен өткен ойындарға шақырту алған тізіммен салыстырар болсақ, Магомед Адиев бұл жиынға жаңадан төрт футболшыны қосқан екен. Атап айтқанда, «Ордабасының» қақпашысы Мұхам­меджан Сейсен, «Ақтөбенің» қор­ғаушысы Әлібек Қасым, «Ақсудың» және «Қызылжардың» жартылай қорғаушылары – Мирас Тұрлыбек пен Еркін Тапалов және «Қайраттың» шабуылшысы Вячеслав Швырев биылдыққа алғаш рет ұлттық құр­а­маның оқу-жаттығу жиынына ша­қырту алып отыр.

Ал ішкі чемпионаттың ойындарында жарақат алып қалған «Орда­басының» жартылай қорғаушысы Бауыржан Исламхан, түрлі себептермен «Ақтөбенің» қақпашысы Стас Покатилов, «Ордабасының» қор­ғаушысы Ғафуржан Сүйімбаев бұл жолғы тізімнен шығып қалды. Тізім­дегі өзге ойыншылардың бәрі бұған дейінгі жиынға қатысқан болатын.

Маусымдағы маңызды ойындарда Магомед Адиев мына футболшыларға сенім артпақ. Қақпашылар: Игорь Шац­кий («Шахтер»), Мұхамеджан Сей­­сен, Бекхан Шайзада (екеуі де – «Ор­дабасы»), Данил Устименко («Қай­рат»).

Қорғаушылар: Сергей Малый, Темірлан Ерланов (екеуі де – «Ор­дабасы»), Александр Марочкин, Бағ­­дат Қайыров (екеуі де – «То­был»), Михаил Габышев, Тимур Дос­ма­ғамбетов, Абзал Бейсебеков (бар­лығы – «Астана»), Талғат Кусяпов («Каспий»), Марат Быстров («Ахмат», Ресей), Ян Вороговский («Моленбек», Бельгия), Әлібек Қасым («Ақтөбе»), Нұралы Әліп («Зенит», Ресей), Лев Скворцов («Химки», Ресей).

Жартылай қорғаушылар: Ра­ма­зан Оразов («Тобыл»), Максим Само­родов, Арман Кеңесов (екеуі де – «Ақтөбе»), Асхат Тағыберген («Ор­дабасы»), Аслан Дарабаев, Эль­хан Астанов, Исламбек Қуат (бар­лығы – «Астана»), Бақтиер Зай­нут­динов (ЦСКА, Ресей), Мирас Тұр­лыбек («Ақсу»), Еркін Тапалов («Қы­зылжар»).

Шабуылшылар: Абат Айымбетов, Владислав Прокопенко (екеуі де – «Астана»), Абылайхан Жұмабек («Ақтөбе»), Айбар Жақсылықов («Ордабасы»), Артур Шушеначев, Вячеслав Швырев (екеуі де – «Қайрат»), Ислам Чесноков («Тобыл»).

Жаттықтырушылар штабы: Магомед Адиев – бас бапкер, Ев­гений Коструб – бас бапкердің кө­мекшісі, Руслан Балтиев – бас бап­кердің көмекшісі, Валерий Ситало – қақпашылардың жаттықтырушысы, Ерлан Ибраим – дене даярлығы жаттықтырушысы, Амаль Сыздықов – сарапшы бапкер.

Оқу-жаттығу жиыны 8 маусымда Алматыда басталады. Ойыншылардың нақты тізімін Магомед Адиев бүгін сағат 16.00-де «Qazsport» телеар­на­сының тікелей эфирінде мәлімдейді.

Қазақстан құрамасы маусым айын­да сырт алаңда екі матч өткізеді. 16 мау­сым күні Магомед Адиев командасы Сан-Мариномен Италияның Парма қаласында кездеседі. Сан-Маринодағы УЕФА талабына сай келетін «Олимпико ди Серравалле» стадионы жөндеу жұмыстарына байланысты уақытша жабылғандықтан, олар өз алаңындағы матчтарды Италияда өткізеді. «Эннио Тардини» стадионындағы матч елорда уақытымен 00.45-те басталады.

Үш күннен кейін біздің құрама Солтүстік Ирландияға сапар шегіп, жергілікті футболшылармен ойнайды. Кездесудің басталуы Астана уа­қытымен 00.45-ке жоспарланған. Матч Белфаст қаласындағы «Уиндзор Парк» стадионында өтеді.

Наурыз айындағы екі тур­дың қоры­тындысы бойынша Қазақстан құрамасы үш ұпаймен турнир кес­тесінде үшінші орында келеді.