Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде дәстүрлі Түлектер күні өтті. Салтанатты жиын «Мәңгілік ел» қақпасынан басталып, әр жылғы түлектер ғұлама ғалымның ескерткішіне гүл шоқтарын қою шарасымен жалғасын тапты.
Салтанатты жиынды университеттің басқарма төрағасы-ректор Жансейіт Түймебаев ашып, түлектерге табыс тіледі. Жиында түлектерге деген ізгі тілек жолдаған Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің құттықтау хаты оқылды.
Ж.Түймебаев түлектерді университет дамуындағы маңызды жетістіктермен таныстыра келіп, «Университет дамуының басты көрсеткіші – түлектер. Олардың ішінде мемлекет және қоғам қайраткерлері, көрнекті ғалымдар, кәсіпкер-меценаттар, тәжірибелі дипломаттар бар», деп атап өтті.
Кездесу барысында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті директорлар кеңесінің төрағасы, университет түлектері қауымдастығының президенті Қайрат Мәми сөз сөйлеп, түлектер атынан оқу ордасын жаңа жетістіктерімен құттықтады.
Бүгінде Қазақ ұлттық университеті жаңа заман талабына сай жаңарып келеді. Биыл қара шаңырақтан 8 мыңнан астам түлек қанат қақса, олардың 6 758-і – бакалаврды, 1 774-і – магистратураны, 442-сі докторантураны тәмамдап, 1 256 түлек «үздік диплом» иегері атанды.
Іс-шара барысында «Аса көрнекті түлек» медалін салтанатты түрде табыстау рәсімі өтті. Ерекше марапат заң ғылымдарының докторы, профессор, Жоғарғы сот жанындағы Халықаралық кеңестің мүшесі, заң факультетінің 1967 жылғы түлегі Анатолий Диденкоға берілді.
15 факультет түлектері, оның ішінде шетелдік студенттер де бар, Қазақ ұлттық университеті түлектері қауымдастығы атынан шәкіртақы алды.
Салтанатты шарадан соң Түлектер қауымдастығы президиумының отырысы өтіп, жұмыс қорытындысы мен жоспарлар талқыланды.
Түлектер күні факультеттерде жалғасын тауып, концерттік бағдарламаға ұласты.
АЛМАТЫ