• RUB:
    4.73
  • USD:
    511.22
  • EUR:
    540.05
Басты сайтқа өту
Оқиға 30 Мамыр, 2023

Әкесі – «кулак», өзі – «халық жауы...»

585 рет
көрсетілді

Саяси қуғын-сүргін зардабын бір кісідей тартқан Сайфутдин Кенжетайұлы Уйданов 1916 жылы қазіргі Ақтөбе облысындағы Мартөк ауданында Шевченко ауылында дүниеге келген. Әкесі Кенжетай ескіше оқыған, шаруаға ұқыпты, дәулетті отбасынан шыққан. Шешесі Рахима көпбалалы отбасында өсіп, өзі де кейін ауы­лында беделді, ықпалды ана болған.

30-жылдардың ауыр жағ­дайлары, қуғын-сүргіннің кеселі осы үйдің де отбасын айналып өткен жоқ. Әкесіне жала жауып, Кенжетай атаны бай-кулакқа жатқызып, мал-мү­лік­терін тәркілеп, өзімен бірге бел­гісіз жаққа айдап алып кеткен. Рахима қария қайғыдан басын көтерген соң, балалары Ғабдыжамал, Ғабдыкамал, Сайфутдин, Ғани, Маликаны қолына алып, басқа тіршілігі бар ауылға қоныс аударады. Сайфутдин Кенжетайұлы жеті жылдық мектепте оқып, қазақ тілі, араб, орыс тілін де игеріп, қолына тиісті куәлігін алады. Алайда балаларының амандығын ойластырған анасы  Сайфутдинге ақыл-кеңесін айтып, Ташкент қаласына білімін жалғастыруға аттандырады. Ташкент уни­вер­ситетінің жанындағы 3 жыл­дық курста оқиды. Одан елге оралып, Алматының Кали­нин, Фурманов көшелерінің қиы­лысында орналасқан ескі ағаш үйге қоныстанады. Өкінішке қарай, бұл қалада тыныш орын табылмады. Өзімен араласып жүрген сенімді достары жасырын хабар беріп, «Сайфутдин, НКВД-ның тыңшылары іздестіріп аңдып жүр, қадамыңа сақ бол», дейді. Бірден осындай суық хабарды естігеннен кейін, «анама менің кесірім тиер» деп, шығыс жаққа бет алып, бұрынғы Семей облысы, Үржар ауданының орталығына көшуге мәжбүр болады. Аудандағы банкке есепші-бухгалтер қызметіне орналасады. Бірақ та опасыз тыңшылар 1937 жылы 19 желтоқсан күні НКВД жендеттері Сайфутдиннің қолына кісен салып, тергеу изоляторына қамайды.

«Абақтының жертөлесін­де­гі жеке камераға кіргізіп, те­мір пешті қатты қыздырып жа­­ғып, үстіме қалың тон, басы­ма құ­лақ­шыны бар малақай, ая­ғы­­­ма қа­­лың, қонышы биік ақ пи­­ма­­ны кигізіп, оттың қасына тік тұр­ғызып, бірнеше күн жа­ным­ды қинады. Айбынды жас­тық шағым болса да, шыдамым таусылып есімнен танып құ­лап түстім, сонда ұлты орыс тергеу­ші аузыма су тамызбай сұ­рақ­тарын қоя берді. Үш күн өт­­кен­нен кейін, 22 желтоқсан күні ме­німен бірге тағы жиырма шақ­ты адамды қара жүк машинасына тиеп, Алматы қаласындағы абақтыға әкеліп, қатарынан 6 ай тергеді», дейді кейіпкерміз өз естелігінде.

Соттың үкімі шығар-шықпас­тан қамауда бірге болған 150 адамды Ресейдің Красноярск қаласының маңайындағы лагерьге әкетеді. Одан Қиыр Шығыстың шалғай орналасқан Канск деген нүктесіне айдаған. 300 ша­қырымды жаяулап жүріп өткен тұтқындардың тірі қалғандары Саян-Шушенск елді мекеніне, ну орманның ішіндегі азап айма­ғына табан тірейді. Сайфутдин 1947 жы­лы желтоқсан айында, 10 жылдан соң елге оралған. Келген бетінде Семей обылысы Көкпекті ауданының орта­лығындағы НКВД бөлімшесіне тіркеліп, арнайы тіркеу журналына «әлі де қоғамға күдікті» деп жеке есепке алынады. Еркін заманды аңсаған Сайфутдин аға бұған да төзе білді, бірақ ішіндегі сырын айтып жеткізе алмады. Сонда да инспекторлар күнде кешке ағаның үйіне келіп, тексеріп жүреді. «Уйданов, сен не бітіріп, қандай әрекет жасап жүрсің?» деп сұрағанда, ол кісі «Мен поштаға барып «Правда» газетін сатып алып оқыдым» деп газетті көрсетеді екен. Осындай тексеру 1959 жылға дейін тұрақ­ты жалғасқан. Отарлық езгі мен қанауды көп көрген Сайфутдин аға 1996 жылы сол Көкпекті топырағында дүниеден өтті...

 

Асхат ТОЙКИН,

еңбек ардагері