• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Саясат 30 Мамыр, 2023

Эделман барометрі

276 рет
көрсетілді

Сенім – кез келген қарым-қатынастағы басты фактордың бірі. Сенімге селкеу түссе адамдар арасындағы, азамат пен үкімет, тұтынушы мен бизнестің байланысы күрделене бермек. Бұл мәселені өзекті десек, оны зерттеудің де маңызы үлкен.

Эдельман компаниясы – әлем елде­рін­дегі сенім мәселесін басты на­зарға алып «Эдельман сенім баро­метрі» атауымен жыл сайын зерттеу нәтижесін жа­риялайды. «Полярланған әлемде ба­ғыт табу» деп аталған 2023 жылғы есепке АҚШ, Канада, Қытай, Франция, Германия секілді 28 мемлекеттен 32 мың респондент қатысқан. Зерттеуде Қазақстан және басқа да Орталық Азия елдері қамтылмаған.

Есепте қоғамдағы полярлануға әсер етуші фактор ретінде өзара сенімнің төмендігі, әлеуметтік инфрақұрылым­ның әлсіздігі және әділетсіздік көрсетіл­ген. Респонденттердің пікірінше, поля­риза­ция­ның артуына бірегейліктің (identity) жоқтығы және жүйелі түрдегі әділетсіздік көп әсер етеді.

Зерттеу нәтижесі бойынша мем­лекет­тер­дегі әлеуметтік құрылым әлсіреген. Респонденттердің 62 пайызы бұрын мемлекетті біріктірген әлеуметтік құры­лым­ның қазір тым әлсіз болғанын мә­лімдесе, 65 пайызы әдеп пен өзара құр­мет­тің төмендегенін айтады.

Респонденттер пікірінше, қоғам­дағы келіспеушілік шешілмей, поля­ри­за­цияның күшеюінен тууы ықти­мал проблемалар көбейеді. Мыса­лы, дискриминацияның күшеюі, эконо­ми­калық өсімнің төмендеуі, көше­дегі қыл­мыстың жиілеуі, әлеумет­тік пробле­ма­лар­дың шешілмеуі, қаржының жетіспеуі.

Зерттеу нәтижесі көрсеткендей Үкі­мет­ті сенімді ақпараттың қайнар көзі (39%) емес, жалған ақпарат таратушы (46%) ретінде қабылдайтындар көп. Ал бизнесті шынайы ақпарат таратушы (48%) ретінде респонденттердің жартысына жуығы қабылдайды. Өткен жылдармен салыстырғанда Үкіметтік емес ұйымдар мен медиаға да сенім 1 пайызға азайған.

Зерттеуге қатысқан мемлекеттер­дің 17-сінде үкіметтік емес ұйымдар­ға се­німі төмендеп, алтауында артқан;

14 мем­­лекетте Үкіметке сенім азайып, 11-ін­де көбейген; 16-сында БАҚ-қа се­нім ке­­міп, алты елде өскен, жаңалық көз­де­рі­не сенім аз ғана артқан.

(Диаграммада әртүрлі топтарға қатысты сенім деңгейі көрсетілген, %)

Мемлекеттегі пікір бөлінісі мен бірі­гуге әсер ететін факторлар туралы рес­пон­денттердің жауабы келесідей жік­тел­ген: жауап бергендердің 62 пайызы бай және ықпалды адамдар «мемлекетті бөледі», ал 20 пайызы «мемлекетті біріктіреді» деп айтқан. Сондай-ақ өзге мемлекеттердің ықпалы (61%-ы «бө­леді» деген, 22%-ы «біріктіреді»), бизнес көшбасшылары (32%-ы «бөледі», 41%-ы «біріктіреді»), ҮЕҰ жетекшілері (29%-ы «бөледі», 46%-ы «біріктіреді»), мұғалімдер (20%-ы «бөледі», 64%-ы «біріктіреді») деген жауап қайтарған.

Зерттеу нәтижесінен әлемдегі се­нім деңгейі әр мемлекетте және ай­мақ­тарда әрқилы екенін аңғаруға бо­ла­ды. Сенім деңгейін нығайтуда қо­ғам­дық игіліктерді тең бөлу, ортақ ком­­муникацияның орнауы, шынайы ақ­­параттың таралуы маңызды. Демек аза­маттардың сенімін күшейту үшін мем­лекеттегі барлық институттар атса­лысуы керек.

 

Сүйіндік ҚАБЫЛ,

«Қазақстан қоғамдық даму институты» КеАҚ сарапшысы