• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Театр 31 Мамыр, 2023

Елу жылдан кейінгі кездесу

276 рет
көрсетілді

Қазақ театр және кино өнерінде өзіндік қолтаңбасын қалып­тастырып халық құрметіне бөленген дарынды әртістер аз емес. Дегенмен, ғасырға жуық саналы ғұмырын қарттық келіп, қамытын кигізсе де қажымай-талмай сахнада өткізіп келе жатқан Ғайникамал Байқошқарованың орны айрықша.

Абай облысы, Аягөз ауданында дүниеге келіп, Семей қаласында есейіп, өмірден өз бағытын қалыптастырған әйгілі өнер иесінің 80 жасқа толған мерейтойы туған же­рінің төрінде дүбірлеп өт­ті. Ұлы өнердегі жолын 1974 жылдан Алматыдағы М.Әуезов атындағы Қазақ мем­лекеттік академиялық драма театрында бастаған Ғай­ни­камал Мұқанқызының жер­лестерімен кездесуге кел­гені Семей төріндегі айтулы оқиға болды. Өйткені аты мәш­һүр актрисамен бір­ге өмір­­дегі, өнердегі өте сый­­лас дос-жаран, әріп­тес­тері арнайы келіп, Абай театрын­да «Отыз ұлың бол­ған­ша...» спектаклін сахналады.

Спектакль қо­йы­лардан бұрын Әуезов театры­­ның қоюшы режиссері, Қазақ­­станның еңбек сіңірген қай­раткері Әубәкір Рахимов, Қа­зақстанның еңбек сіңір­ген қай­раткері, театр және кино актері Саят Мерекеұлы, «Құр­мет» орденінің иегері, өнер тарланы Ғайникамал Мұ­қан­қызы және М. Әуезов атын­дағы театр драматургі Мұратбек Жақсылық БАҚ өкілдерімен кездесу өткізіп, мерейтой иесінің және өзде­рінің өнер жолында кездескен танымал тұлғалар жайында, куә болған оқиғалар­дан түй­ген ой-пікірлерін ор­таға салып, мазмұнды сұхбат берді.

– Мен ең алдымен мерей­тойымды туған жерімде өткі­зуге келгенде Семейімнің Абай облысының орталығы мәр­тебесін иеленіп, даму жо­лына түскенін көріп қуа­нып отырғанымды айтқым ке­леді. Өйткені Семей қа­шан да қазаққа ұлы Абайдың, Шә­кәрімнің және қазақ әдебиеті мен өнерінде мол мұра қалдырған Мұхтар Әуезов­тің ізі қалған қала ретінде де қастерлі. Сондықтан мен ен­дігіде қаланың да, жалпы туған топырағымның да бо­ла­шағы зор деп ойлаймын. Осы тұрғыда араға 50 жыл салып келіп тұрсам да, бізді пойыздан түскеннен зор құрмет­пен қар­сы алып, шынайы ықы­­лас-ниетін танытып отырған ­Абай облысы әкімдігінің және ­Мә­дениет басқармасы­ның қыз­меткерлеріне алғысым­ды біл­діремін, – деді мерей­той иесі Ғ. Байқошқарова.

М.Әуезов театрының қою­шы режиссері Ә.Рахимовтың айтуынша, өмірін өнер жолымен ұштастырған адам жан­кешті болуға тиіс. Алғашында дәрігер болуды жөн санап медицина институтына түскен Ғайникамал Мұқанқызының ол оқуын тастап, өнерге тәуе­кел етуі соның бір дәлелі іспетті.

– Бәлкім, бұ кісі оқуын бітір­генде жақсы дәрігер болар ма еді. Есесіне өнерге бас­таған қадамы бекер бол­ған жоқ. Қазақ театрының қара­шаңырағы саналатын Әуе­зов театрында жүздеген рөл­дерді сомдап, көрермен қауымды тәнті етті. Соның кө­бінде менің спектаклімде ойна­ды. Оның бір себебі әр ре­жис­сердің сахнада өнер көр­сететін таланттар ара­сын­­да ойы бір жерден шыға­тын, бірін-бірі қапысыз ұға­тын мұраттастары болады. Солардың ішінде мен үшін қашанда орны төрде санала­тын Ғайникамал апамыз және жақын аралас-құралас замандасым Саят Мерекеұлы. Ал, осы тұрғыда жолымыз түскен Семей топырағы біз үшін қашан да қасиетті. Біз үшін ғана емес, жалпы қа­зақ театрының негізі осы то­­пырақта қаланды ғой. Мұх­тар Әуезовтің «Еңлік-Ке­бек» қойы­лымынан бас­тау ала­ты­ны баршамызға бел­гілі. Семейдің әр көшесінен Алаш тарихының лебі сезіліп тұратындықтан бұл сапарға үлкен дайындықпен келдік, – дейді Ә. Рахимов.

Ғайникамал Мұқанқызы­мен театр сахнасында да, ки­но өнерінде де көп жылдар­дан бері бірге қызмет атқа­рып келе жатқан актер Саят Мерекеұлының әсерлі әңгі­месі де осы оймен жалғасып кеңі­нен өрістеді. Осыдан бі­раз жыл бұрын көрермен ойын­да тамаша әсер қалдырған «Қарашаңырақ» телехикаясында Саят Мерекеұлы әке бейнесін сомдаса, Ғайникамал Мұқанқызы оның жары, яғни, үш ұлдың анасы рөлін сәтті шығарғаны шындық.

– Біз Ғайникамал апай еке­умізге театрда да, кинода да сәйкестік пе, әйтеуір, ерлі-зайып­тылар бейнесін ойнау дөп келіп тұрады. Бі­рін­ші кезекте сахнадағы се­­рі­гіңнің адамгершілік қасие­ті, қарапайымдылығы, өз­ара түсіністіктің болуы ма­ңызды рөл атқарады. «Қара­шаңырақ» телехикаясынан бөлек, жазушы Асқар Сү­лей­меновтің аудармасымен жа­зылған Мольердің «Ақы­мақ болған басым-ай» спек­таклінде мен барон де Сатан­вилл, ол кісі мадам Ве Сатан­вилл рөлінде, Қалихан Ысқақтың «Жан қимақ» пьесасында мен Ғабдыкәрім болыс болсам, бұ кісі оның кіші әйелінің бейнесін сомдады. Бірге өнер көрсете келе айтарым – Ғайникамал апай өзінен кейінгі толқынның да жайын ұға білетіндігі, қандай рөлді сахналауға да ерекше дайындықпен келетіндігі біз­ге де үлгі-өнеге болып саналады, – дейді Саят ағамыз.

 

Абай облысы