Ақмола облысы Целиноград ауданы Телапкер ауылында 16 жастағы Астана тұрғыны суға батып кетті. Бұл туралы брифинг барысында Ақмола облысы Төтенше жағдайлар департаменті азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы Асхат Ақылжанов мәлім етті, деп хабарлайды Egemen.kz.
Спикердің айтуынша, биыл Ақмола облысында барлығы екі адамның суда қаза табу фактісі тіркелген. Бірінші оқиға биылғы жылдың 30 сәуірінде болған. Одан кейін 33 жастағы ер адам құтқару жилетін қолданбай ақауы бар су кемесінде балық аулап жүріп суға батып кеткен.
Екінші қайғылы оқиға 1 маусым күні сағат 17.30-да Целиноград ауданының Талапкер ауылында болды.
«Астана қаласынан бес адамнан тұратын топ Есіл өзеніне демалуға келді. Мереке кезінде төрт қыз суға түсті. Қол ұстасып суда айнала бастады. Жағадан бір-екі метр алыстаған соң, шомылған төрт қыз да суға бата бастады», деп бөлісті Асхат Ақылжанов.
Сол кезде су қоймасының жағасында үш куәгер болған, солардың арқасында суға батқандардың үшеуі аман қалған. Өкінішке қарай, тағы бір қыз жағадан алыс болғандықтан жүзе алмады.
Өзеннің бұл учаскесі суға түсуге тыйым салынған жер.
Жыл сайын Ақмола облысының су айдындарында 30-ға дейін адам өледі, ең көп өлім жазғы кезеңдегі шомылу маусымында орын алады. Соңғы төрт жылда облыстың су айдындарында шомылу маусымында болған оқыс оқиғалардан 58 адам қайтыс болды, оның 16-сы балалар. Баяндамашы ақмолалықтарды судағы өзін-өзі ұстау ережелерін қатаң сақтауға шақырды.