• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Таным 05 Маусым, 2023

Шаһарлардың «мерейтойлық шеруі» немесе Қарқаралы тарихын қай уақыттан бастаған дұрыс?

1688 рет
көрсетілді

Еліміздегі жер-су, елді мекен атауларын тарихи әділдікпен қалпына келтіру ісі жүзеге асып келеді. Сонымен қатар елді мекендердің іргетасы қаланған жылын тарихи-деректік тұрғыдан анықтау – қазіргі таңда өзекті мәселенің бірі. Мәселен, патшалық Ресей қазақ жерін отарлау барысында қала-бекіністер салғаны мәлім. Содан қалған кейбір қалалық мекендердің тарихын анықтағанда, көбінесе патшалық Ресейдің бұйрығы шыққан уақытпен есептеу әдетке айналды. Бұл тарихи әділдікке жата ма? Біздіңше ел тарихындағы қалалардың жасын есептеуде жаңаша көзқарас қалыптастыратын уақыт жетті. Әйтпесе, тағы да қазақ жерін отарлау мақсатында салынған қала-бекіністердің «мерейтойлық шерулері» жалғаса беретіні анық.

Дәстүрлі еуропалық немесе Ресей ғалым­дарының қалалар туралы көз­­қарасы бұрынғы замандағы көшпе­лі­лердің қалаларын зерделеу, бағамдау, жа­сын анықтауда қателікке бой ұрын­ды­рады. Көп ретте көшпелілердің қала мәде­ниетін еуроцентристік көзқараста мето­до­логиялық тұрғыдан теріс тоқтамға келсе (көшпелілерде қала мәдениеті бол­маған деп), патшалық Ресей мен кеңес­тік идеология отаршылдық сая­сат ықпалымен саналы тұрғыда бекер­ге шығарды. Ендеше, бұрын көш­пе­­лілігі басым болған елдің қала мәде­ниеті туралы жаңа концептуальды тұр­ғыдан көзқарасты қалыптастыру қажет­тігі туындайды. Бұл мәселеде қала мәдениетімен айналысатын тарихшылар көшпелі шаруашылықтың ерекшеліктері мен тиімділігіне ерекше көңіл аударуы қажет. Көшпелі мал шаруашылығы дамуы үшін кеңістік пен уақытты тиімді пайдаланғанда ғана көшпелілердің тіршілік етуі, өмір сүруі мүмкін екендігін естен шығармау керек. Ұлы далада көш-қон, маусымға байланысты қоныс, мекен ауыстырып отыру, құрғақты, жартылай шөлейтті аймақтардағы түрлі климаттық құбылысқа байланысты миграциялық үдерістер, міне осының бәрі көшпелілерде қаланың басқаша түрде қалыптасуына, дамуына ықпал етті. Ал үнемі көшіп-қону жағдайында болатын көшпелілерге отырықшы шаруашылықтағылардыкі сияқты қалалар керек пе? Әрине қажеті шамалы. Сол себепті көшпелілерде қала дегенде, оны ертеден келе жатқан қазақ халқының сөз қорындағы өлшемдермен атағанымыз дұрыс. Ол өлшемдерге, мысалы: «мекен», «тұрақ», «өңір», «қоныс» деген ұғымдар сәйкес келетіні, яғни қала дегенде осы аталғандар есте тұруы қажет.

Ал осы бұрын мекен, тұрақ, өңір, қоныстарды көшпелілердің қала мәдениетіне жатқызсақ, олардың тарихын қандай методологияға сүйеніп анықтауымыз керек? Әрине, оны математикалық әдіспен жылдарды санап қоя салуға болатын бастапқы уақытты белгілеу өте қиынға соғатыны анық. Сондықтан елдегі қалалар жасын есептеуде мынандай ғылым салаларын: география, этнология, хронология, этнотопонимика, жазба деректер, ауызша тарихи аңыздар мен шежірелерді кешенді тұрғыда байланыстырып, жүйелеу арқылы нәтижеге қол жеткізуге болады.

Осындай көрсетілген әдіс-тәсіл­дер арқылы Сарырқаның төрінде орна­ласқан Қарағанды облысындағы Қар­қаралы елді мекенінің тарихын анық­тауға талпыныс жасалғанын сара­лап көрейік. Қарқаралының іргесі қаланған жылын осы уақытқа дейін 1824 жылғы сәуір айындағы пат­ша­лық Ресейдің қазақ жерін отарлау­ды­ жалғастыру барысында Сібір қазақ­тары дала губернаторлығының әкімшілік-аумақтық орталығы — станица, яғни әскери бекініс ретінде қаланған уақытынан бастайды. Егерде қазіргі таңда, осы 1824 жылдан бастап есептейтін болсақ, онда 2024 жылы Қарқаралының 200 жылдығын атап өту керек болады. Алайда, қала тарихын бұлай есептеу әділдікке жатпайды.

2014 жылы Қарқаралының 190 жыл­­дығына арналған «Қарқаралы қала­сы: тарихы мен бүгіні» атты халық­ара­лық ғылыми-практикалық конферен­ция­сы өтті. Осы конференцияның алқа мәжілісінде баяндама жасап, Қарқа­ралының іргесі бой көтерген жылын ресейлік патша үкіметінің қала-бекі­нісін салу бұйрығының шыққан уақы­тынан емес, өңірде ежелден мекен еткен ру-тайпаларды тарихи-дерек­тік­ тұрғыда зерттеу нәтижесінде олар­дың ел болған, мемлекет құрған кезе­ңі­нен­ бастау қажеттігін айтып, ұсыныс жаса­ған едік. Бұл ұсынысты форумға қатысушылар қолдап, конференция шешіміне енгізген болатын. Сол уақыттан бергі жылдар ішінде араб, парсы жазбалары, қытай жылнамалары, төл дерегіміз болып табылатын көне түркі руникалық ескерткіштерді, ауыз екі тарих айту дәстүрі мен тарихи-эпикалық жырлардағы деректерді жинау, жүйелеу және ғылыми айналымға келтіру арқылы Қарқаралының тарихы туралы белгілі бір тоқтамға келуге қол жеткіздік.

 Енді осы зерттеулердің негізгі ғы­лы­ми бағыттары бойынша қол жеткізген нәти­желерін тезистік тұрғыдан баян­дайық.

Біздің дәуіріміздің VІІІ-Х ғасыр­ла­рында Қарқаралы өңірі Қарлық қа­ға­натының құрамында (Қимақ қағанатымен шекаралас) болған кезде оның билеушісі Білге Күл Қадырхан 840 жылы қаған атағын алып, тәуелсіз мемлекетін құрған еді. Содан бұл мемлекет 100 жылдай қағанат, кейін хандық түрінде моңғол шапқыншылығына дейін өмір сүрді. Қарлық қағанатының билеушісі Білге Күл Қадырханды парсы жазба дерегінде («Худуд ал-Алем») келтірілген Қырқырханмен сәйкес­тендіруге болады. Көрнекті шығыс­­танушы В.Ф.Минорский атал­ған орта­ғасырлық шығарманы зерделей отырып, Қырқырхан ордасын қазіргі Семейдің оңтүстік батысына қарай 350 км қашықтықтағы Қарқа­ра­лы қаласының тұрған жерімен сәй­кестендіреді. Жалпы алғанда, Қыр­қыр­хан иелігі – Ертіс, Балқаш пен Ала­көл, Қарқаралы, Шыңғыстау және Тар­бағатай кіретін Орталық және Шы­ғыс­ Қазақстан аумағын алып жатты. Бұл қазіргі Қарқаралы өңірінің елі – қар­лық­тардың 840 жылдан бастап, тәуелсіз мем­лекет-қағандық құрғанын көрсетеді.

Осы түркі дәуіріндегі Қарқаралы өңірі­нің қарлық елінің мекені болған­ды­ғына тереңірек тоқталайық. В.Радлов, Ә.Мар­ғ­ұлан, В.Ф.Минорский сияқты іргелі ғалымдар зерттеулерінде Қар­қа­ра­лы өңірін ерте заманда қарлықтардың қоныс­танғанын, қарлықты Қазылық деп атаудың кеңінен таралғандығын айтқан. Сонымен қатар Қарқаралы, қарлық атауларының бір «қар» түбірінен жасалғаны айқын. Көне түркі тілінде бұл түбір сөз көбінесе тау мағынасын береді. Қарқаралы тауларын Қазылық тауы деп те атауы соның дәлелі. Қарқаралыны «қазылық» деп атауының тағы да бір өзіндік себебі бар. Қарқаралы және қарлық атауларындағы «қар» түбірін атақты лингвист, түркі, моңғол, манжұр тілдері бойынша маман-ғалым А.В.Дыбо ескі түркі тілінде «қаз» болғандығын дәлелдеген. Сондықтан «қазылық» – Қарқаралының көне түркі тіліндегі атауымен сәйкесетіндігі шындыққа келеді. Оның бер жағында, ертедегі араб карталарында (әл-Истахри) Қарлық мемлекетінің жерін бірде «харлухия», бірде «хазлажия» («қазылықтың» бір нұсқасы ретінде) деп көрсеткені де белгілі. Қарқаралы тауларын Қазылық деп атау ертеден белгілі. Бұл атау «Қорқыт ата» дастанының қалыптасу кезінен бастап, ХХ ғасырға дейін жиі айтылып жүрген. Оған «Қорқыт ата» кітабындағы «Қазылық ұлы ер Жүгенек» жыры мен ХIХ ғасырда өмір сүрген қазақтың ақыны Күдеріқожа Көшекұлының «Қарқаралы – Қазылық» атты толғау жыры куә бола алады: «Қарқаралы – Қазылық, жататұғын жазылып», деп айтылса, Бұқар жырауда: «Он екі Қазылық, Ой Түндік, Шауып шықтым белеңге», делінеді. Сол себепті «Қазылық» – Қарқаралы тауларының ежелгі атауы және «қарлық» сөзінің синонимі ретінде қарастыруға мүмкіндік береді.

Қарлықтардың тегі ежелгі түркі­лердің үш тайпалық бірлестігі болып, VІІ ғасырда тарих сахнасына шыққан. Бұл үш қарлық тайпалық бірлестігін қазақ шежіресімен байланыстырсақ мынандай тоқтамға келуге болады. Қарлықтардың басты тайпасы моуло~болат – Арғын ішіндегі Болатқожа атасынан тарайтын қаракесектер. Қарлықтардың екінші бір ірі тайпасы - «чигил» (чигил ~ шігіл ~ шеклі ~шекті) Кіші жүздегі қаракесектердің үлкен тайпасы – шекті (шөмен, шөмекей). Үшінші тайпасы – «ташили» (ташили~ ташлык~ тасты~ таз), яғни Кіші жүздегі Байұлына жататын таз руы. Таз шежіресі бойынша Кіші жүз қаракесектерінің атасы болып табылатын Қыдырқожаның баласы, яғни 840 жылы өзін қаған деп жариялаған қарлық қағаны Білге Күл Қадырханның ұрпағы. Бұдан шығатын қорытынды: түркі дәуіріндегі тарих сахнасына шыққан үш қарлық тайпалық бірлестігі негізінен, қазақтың Орта жүзі мен Кіші жүз қаракесектерінің әуелде бір ел болып, үш қарлық тайпасын құрағандығын көрсетеді.

Жоғарыда жасалған талдаулар: араб-парсы жазбалары, қытай жылнама­ла­ры,­ көне түркі жазба ескерткіштері (бітік­­тастағы руникалық жазулар), тари­­хи эпикалық шығармалар ( қазақ шежі­ресі және ауызша тарих айту дәс­­түріндегі деректерді салыстырмалы тұрғыда жүйелеу, оларды ғылыми айна­­лымға келтіру нәтижесінде мүмкін бол­ды. Оның толық мәтіні 9 маусымда Қарағандыда, Орталық Қазақстан ака­де­миясының ұйымдастыруымен өтетін «Атың­нан айналайын Қарқаралы» атты халық­аралық конференцияда баяндалып, материалдар жинағына енгізіледі.

Жо­ғарыда аталған ғылым салалары бойынша кешенді зерттеулердің нәтижесінде төмендегідей қорытындыға қол жеткізгенін айтуға болады:

 -географиялық орналасу тұрғысынан Қар­қаралы өңірі ортағасырлардағы қар­лық түркілерінің мекендеген жері­мен сәйкес келеді. Оған араб-парсы тілін­де­гі «Худуд ал-Алем», әл-Истахри шығар­маларындағы «Қырқыр хан», «Хаз­ла­жия» туралы деректер дәлел.

-этностық құрамы жағынан орта­ға­­сырлық Қырқырхан иелігінің тұр­ғын­да­ры болып есептелетін қарлық ру-тай­палары қазірде Қарқаралы өңірінде тұра­тын қазақ руларының шежіресімен тіке­лей байланыстылығы және олардың толық сәйкесетіндігі айғақ;

-хронология тұрғысынан, яғни Қар­қа­ралы өңірінің қарлықтардың тарих сах­насына шыққан кезі мен олар құрған мем­лекеттің уақытымен, билеушілерінің ат­тары мен титулдары (840 жыл,Білге Күл Қадырхан қаған, «елтебер») сай келетіні айшықталды.

-этнотопонимика ғылымының сала­сы­ бойынша ру-тайпа атауларының жер-су аттарымен байланыстылығын Қар­қаралы өңірі мен қарлықтардың мекен­деріндегі жер, тау аттарының (Хаз­лажия, Қазылық – Қарқаралы таула­ры) бір­-бірімен сәйкес келуін де айта кеткен жөн.

Міне осындай, сан түрлі, бар дерек­терді талдау, жан-жақты жүйелі қарас­ты­ру­ нәтижелері ежелден жерінің де, елінің де бір болғанына орай, Қарқаралының ір­ге­сі қаланған жылын Қарлық билеушісі Қыр­қырханның қаған болғанын жариялап, мемлекеттілігін құрған уақыттан, яғни 840 жылдан басталуы керек деген тұжы­рымға келтіреді. Кезінде Шығыс Түрік қағанаты жанқиярлық күреспен Тан импе­риясынан тәуелсіздігін алғанда Тоныкөк абыз: «Ел де ел болды» – деп мемлекет құрылғанын өзіне арналған бітіктаста жария еткен еді. Сол сияқты 840 жылы Қарқаралы өңірін ежелден мекендеген қарлық елі де өз мемлекетін құрған ел болды.

Осыдан сегіз жыл бұрын Қарқа­ра­лының 190 жылдығына арналған кон­ференциядан кейін «Қарқаралы – Қазылық» кітабымда қала тарихын біз­дің дәуіріміздің 840 жылынан бастау қа­жет­тігі болжаммен айтылса, енді содан бер­гі жүргізілген кешенді зерттеулер қоры­тындысы осы аталған уақыттың дұрыс­тығын қуаттайды. Сондықтан Қарқа­ралының тарихын патшалық Ресей­дің отарлау мақсатында шығарған бұйрығынан бастап емес, қазақ елінің төл тарихының деректеріне сүйене отырып, оның байырғы тұрғындарының ел болып, мемлекет құрған кезінен, яғни біздің дәуіріміздің 840 жылынан бас­тал­са бұл мәселеде де тарихи әділдік ор­нап, халықтың да қалауы жүзеге асар еді. Сонымен бірге, қазақ еліндегі басқа қалалардың да тарихын анықтауда үлгі болары анық.

 

Сатай СЫЗДЫҚОВ,

ҰҒА Құрметті академигі,

Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ жанындағы «Еуразия тарихы мен мәдениетін зерттеу» орталығының директоры