Екібастұз тұрғындары өте арзан бағада үйлерін сатып, қаладан кетіп жатыр, деп хабарлайды Egemen.kz.
Қыста болған апаттан кейін жарнамалық сайттарда «пәтер сату немесе жалға беру» туралы хабарламалар көбейіп кеткен. Мәселен, сондай сайттардың бірінде бір күнде пәтерлерді сату туралы 200 хабарландыру пайда болған. Жылжымайтын мүліктің құны өте төмен. Бұрын 9-10 миллион теңгеге бағаланған бір бөлмелі пәтерлер қазір 4-5 миллион, ал екі бөлмелі пәтерлер 7 миллион теңгені құрайды.
Бұл ретте қала әкімдігінің өкілдері келесі жылыту маусымына дейін сегіз қазандық жөнделетінін, ал зақымдалған құбырлар ауыстырылатынын хабарлаған. Сондықтан олардың айтуынша, алаңдауға негіз жоқ.
Естеріңізге сала кетейік, 2022 жылдың қараша айында Екібастұз қаласының тұрғындары ЖЭО-дағы коммуналдық апатқа байланысты жылусыз қалған.