АҚШ-тың Арканзас штатының орталығы – Литл-Рок қаласында теннистен «Челленджер» санатындағы турнир аяқталды.
Жүлде қоры 75 мың долларды құраған жарыста Бейбіт Жұқаев табысты өнер көрсетті. АТР рейтингінде 325-орында тұрған Бейбіт іріктеу сынынан іркілмей негізгі турнирдегі тұсаукесер кездесуін германиялық Петер Гоевчикпен (333) өткізді. Бұл тартыс 6:2, 6:2 есебімен қандасымыздың пайдасына шешілді. Екінші кезеңде ол осы доданың басты фавориттерінің бірі америкалық Николас Морено Альбораннан (№182) басым түсті – 6:2, 6:7, 7:6. Одан кейін өзінің командалық әріптесі Михаил Кукушкинмен (№286) күш сынасты. Аса шиеленісті өткен сайыста жас дарын 35 жастағы сақа спортшыны сан соқтырып кетті – 6:7, 6:4, 7:5. Жартылай финалда Жұқаев аустралиялық Адам Уолтты жолынан ығыстырды – 6:7, 6:4, 7:6. Бірақ финалда Марк Лаялуға (311) әлі жетпеді. Бұл тартыс 4:6, 5:7 есебімен Эстония теннисшісінің пайдасына шешілді.
22 жастағы Ақтау қаласының тумасы қазіргі кезде өзін жақсы қырынан көрсетіп жүр. Оның Литл-Роктағы жарыста финалға дейін жетуі – спорттық мансабындағы әзірге ең ірі табыс. Осы жетістігінің арқасында Бейбіт Жұқаев әлемдік рейтингте 254-орынға көтерілді.