Рәміздер күнінде елордадағы бірнеше көппәтерлі үйдің тұрғындары терезеге, балконға Мемлекеттік Ту ілуді дәстүрге айналдырды. Биыл да игі бастаманың жібі үзілмей, жалғасты. Атаулы күннен Астана қаласының әкімдігі де қалыс қалмай, қалаға қарасты аудандармен ұйысып, іс-шара ұйымдастырды.
Мысалы, осы күні қала әкімдігі бастап, Байқоңыр ауданы әкімі аппаратының қызметкерлері мен Қарулы Күштердің Ұлттық әскери-патриоттық орталығының жеке құрамы бірлесіп, Мемлекеттік әскери-тарихи музей алдында Әнұран шырқады. Еске салар болсақ, биыл Қорғаныс министрлігінің нұсқауымен 3 мамырда Астана қаласында Қарулы Күштердің тарихында алғаш рет шығармашылық жасағы құрылған-тын. Бұл құрамға Астана және Алматы, Семей қалаларынан сарбаз жинақталған. Орайлы сәтте Қарулы Күштердің Ұлттық әскери-патриоттық орталығының басшысы Арман Әсенов Мемлекеттік рәміздердің сарбаздарды жігерлендіретінін айтты.
– Біздің толқын Мемлекеттік рәміздердің қандай қиындықтардан өтіп қабылданғанын біледі. Сондықтан біз жас сарбаздар Мемлекеттік Ту, Елтаңба, Әнұранға бой түзеуіміз керек деп есептейміз. Ұлттық әскери-патриоттық орталығы жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеуді мақсат тұтқан. Мемлекеттік рәміздер – елдігіміздің, тұрақтылығымыздың символы. Біз осыны мақтан тұтынуымыз керек. Еліміздің Мемлекеттік рәміздеріне назар аударған кез келген адам біздің өзге мемлекеттермен ынтымақтастықта еркін өмір сүріп жатқанымызды біледі деп ойлаймын. Әрине, біз бұған бек қуаныштымыз, деді А.Әсенов.
Көп ұзамай көпшіліктің алдына Байқоңыр ауданының әкімі Ерлан Жаулыбаев шығып, аудан тұрғындарын құттықтады.
– Біздің Мемлекеттік рәміздер халқымыздың тарихы мен тағдырын, ұлы мақсаттарға ұмтылысын танытады. Тәуелсіздік жылдарындағы төл рәміздеріміз дүниеге келген күн баршамыз ұмытпайтын сәтке айналды. Мемлекеттік рәміздеріміз – тек көркем образ ғана емес, тәуелсіздіктің символы. Қыран бейнеленген көк туымыз, шаңырақ шырайлы Елтаңбамыз, Әнұранымыздың әсерлі әуені мен рухты мәтіні бүгінде тәуелсіз елімізді әлемге танытқан ұлттық айшығы мызға айналды», деді ол.
Рәміздер күнінде тұрғындар елордадағы көппәтерлі үйлердің тұрғындары келісіп, балкон, терезеге Мемлекеттік Ту ілді. Сонымен қатар мереке қарсаңында қаладағы Байқоңыр ауданында абаттандырылған 5 жаңа аула ашылды. Аталған аулаларда мерекелік іс-шараға қатысқан тұрғындар жергілікті әкімдікке алғыс айтып, шат-шадыман болысты.