• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Аймақтар 06 Маусым, 2023

Агроиндустрияда әлеуеті зор мегаполис

681 рет
көрсетілді

Елімізде Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту жөніндегі 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жоба қабылданған еді. Бүгінгі таңда осы құжат аясында ауыл шаруашылығы саласын өркендету бағытында тыңғылықты жұмыстар атқарылып келеді. Жалпы, аталған жобаның негізгі көздеген мақсаты – еңбек өнімділігін екі жарым есе арттыру, АӨК өнімінің экспортын екі жарым есе ұлғайту және ішкі нарықты әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларымен қамтамасыз ету арқылы бәсекеге қабілетті агроөнеркәсіптік кешен құру болып табылады.

Осы тұста Шымкент бір қа­ра­ғанда қала болып көрінгенімен, оның да азық-түлік қауіпсіздігіне қосар әжептеуір үлесі бар екенін ұмытпау керек. Өйткені шаһар айналасындағы елді мекендерде халық әлі де егін салып, мал ұс­тай­ды. Сонымен бірге көптеген кәсіпорын ауыл шаруашылы­ғы өнімдерін қайта өңдеп, қала эко­номикасының дамуына атсалысып жатыр. Сондықтан агро­өнер­кәсіпті кешенді өркендету саласында мегаполистің жинақтаған біраз тәжірибесі бар деп ауыз толтырып айтуға болады. Бұл ретте агросаладағы 2021-2025 жыл­дарға арналған ұлттық жобаны іске асыру шараларын Шым­қала өзге өңірлермен бірдей дәре­жеде атқарып келеді. Ал осы ұлт­тық жоба төңірегінде нақты қан­дай жоспарлар мен істелінген жұ­мыстар жөнінде Қалалық ауыл ша­­руашылығы және ветерина­рия басқармасының басшысы Әбу­насыр Жанбатыров баяндап бер­­­ді. Төменде келтірілетін дерек­тер­дің бар­лығы да осынау маңыз­­ды құжат не­гізінде атқарылған ша­руалар деп ұғынған жөн.

Сонымен, басқарма басшы­сының айтуынша ұлттық жобаға сәйкес 5 негізгі және 6 қосымша индикатор белгіленген. Оның ішінде, жоғарыда атап өтілгендей, ауыл шаруашылығы өнімдерін арттыру, осы салада еңбек ететін шаруалардың еңбек өнімділігін жоғарылату, сондай-ақ өнім экспортын, әсіресе қайта өңделген тауарлар саудасын күшейту, орташа тірі салмақтағы мал экспортын ұлғайту, алма, тауық еті өндірісін қолға алу сынды көрсеткіштер бар. Жалпы, Шымкентке ұлттық жобаны орындау бойынша 11 индикаторды іске асыру тапсырыл­ған. Осыған сәйкес қала әкімдігі был­тырғы және биылғы межені ойдағыдай атқарып шықты.

Қала аумағында бес мыңға жуық шаруа қожалығы өнім өн­діреді. Шаһардың 6,6 мың тұр­ғыны агросектор саласында тер төгіп жүр. Оның басым бөлігі мал шаруашылығымен айналысады. Елуге жуық қайта өңдеуші кәсіпорын былтыр 40 тонна шұ­жық, 316 мың литр жеміс-көкөніс шырынын, 56 мың тонна өсімдік майын, 1,7 мың тонна ірімшік пен сүзбе өндірген. 2022 жылы жалпы Шымқалада 46 млрд теңгенің ауыл шаруашылығы өнімдері және 143 млрд теңгенің азық-түлік өнімде­рі шығарылыпты. Сонымен қатар қа­ла аумағында орналасқан 209 гек­тар жылыжайда қияр, қызанақ, бас­қа да көкөніс түрлері өндірі­ліп, мау­сымаралық кезеңде шаһар­­дың сау­да нүктелерінен бөлек, елі­міз­дің өзге өңір­леріне де жөнелті­ліп тұрады.

Ауыл шаруашылығы және ­ве­­­те­­­ринария басқармасының не­­гіз­­­гі мін­деттерінің бірі – мега­по­­­лис­­­те азық-түлік қауіпсіздігін қам­­та­­­ма­сыз ету. Одан бөлек тауар баға­сының негізсіз өсуіне жол ­бер­­меу және оның алдын алу шарала­­­рын жүргізу. Ста­тис­тика бойынша ­жы­­­лына қала тұрғындары 500 ­мың тоннаға жуық азық-түлік тұты­на­ды. Әлеуметтік маңызы бар 19 тауар түріне ұн, нан өнімдері, дән­ді дақылдар, сүт өнімдері, тағы басқалар кіреді. Соның ішін­де мегаполис бүгінде ұн, ма­ка­рон, күнбағыс майы және тауық жұмыртқасымен жүз пайыз өзін-өзі қамтамасыз етіп отыр. Ал сүт өнімдерінің, тауық және сиыр етінің, көкөністің жарты­сына жуы­ғын шымкенттік кәсіпкерлер өн­діреді. Күріш, қант, тұз, қарақұ­­мық жармалары бол­са өзге өңір­лер­ден, соның ішін­де Түркістан және солтүстік өңір­лерден тасы­мал­данады.

Биыл 27 мың гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егіліпті. Оның ішінде дәнді, майлы дақылдар, көкөніс пен бақша, картоп пен малға азық дақылдар бар. Өнімділікті арттыру мақсатын­да биыл мемлекеттен қолдау шаралары қарастырылып, соның аясында 143 млн теңге қаралып, оның 122 млн теңгесі минерал­ды ты­ңайтқыштарды субсидия­лау бағдарламасына, 20 млн тең­гесі тұқым шаруашылығын қол­дауға, қалғаны пестицидтер мен био­агенттердің шығындарын өтеуге бағытталған.

Бүгінгі таңда еліміздің агросектор саласындағы саясаттың бірі – ұсақ шаруашылықтарды біріктіру арқылы өнімділікті арттыру. Осыған байланысты кластерлік жобаларды жүзеге асыру мәселесін басқарма тарапы былтырдан бастап қолға ала бастады. Соның шеңберінде 15-тен аса тақырыпқа орай семи­­нар­лар, шеберлік сағаты ұйым­дастырылды. Қалада суармалы жер көлемі шектеулі. Осыған орай суды аз тұтынатын, бірақ мол өнім беретін дақылдарға ба­сымдық бе­рілді. Басқарма осын­дай табы­сы мол ауыл ша­руашылығы өнім­де­рін көбірек егуге ша­руаларды ба­ғыттап отырады. Соның бірі құл­пынай өсіруді айтуға болады. Одан кейін салатқа керекті түрлі өсім­­діктер бар. Омарта, балық және етті, сүтті бағыттағы мал ша­руа­шы­лықтарын қоса кетуге бо­лады. Сондықтан кластерлік жо­­ба­лар бойынша басқарма тиісті оқы­ту іс-шараларын жүргізіпті. Оқу­ға ниет білдірген шаруалар­мен әкімдік тығыз байланыста жұ­­мыс істеп жатыр. Мұнда негі­зінен ұсақ шаруашылықтарды бірік­­тіріп, өндірісті орталық­тан­дыру, сол арқылы қайта өң­деуші кәсіпорындардың жүкте­ме­сін арттыру әрі ет пен сүт өнім­­дерін көбейтіп, оларды әлеу­мет­­тік дүкендерге өткізудің мақ­­саты жатыр. Осыған орай қа­ла­­да орналасқан Түркістан аграр­лық көпсалалы колледжімен ке­лі­сім жасалып, олар ауыл шаруа­шы­лығына қажетті мамандарды даяр­лауға уәде берді. Өз кезе­гін­де 2023 жылдың 4 айында мал ша­руа­шылығы саласында біршама өсім байқалыпты. Мәселен, ірі қара мал саны бүгінде 71 мың, қой мен ешкі 75 мың, жылқы 16,5 мың, құс 956 мың басқа жетіпті. Со­ның нәтижесінде осы төрт айдың кө­лемінде 3,2 мың тонна ет, 17,4 мың тонна сүт, 57,2 млн дана жұ­мыртқа өндіріліпті. Осынау ме­жені әрі қарай дамыту үшін бас­қарма биыл 16 млрд теңгені құрай­тын 18 инвестициялық жобаны жү­зеге асыруды жоспарлап отыр. Яғни шаһарда биыл қосымша сүт фермасы, мал бордақылау алаң­­дары, жылыжай кешендері, көкөніс, жеміс пен сүтті қайта өң­дей­­тін кәсіпорындар ашылатын болады.

Азық-түлікпен қамтамасыз ету­дің бірден-бір тетігі – тұрақ­тан­дыру қоры. Оған 8,7 млрд тең­ге қаражат бөлініпті. Тиісті ми­нистр­ліктер тарапынан ережеге өз­гертулер енгізуіне байланыс­ты қара­жаттың 70 пайызы тауар өндірулерді, қалған 30 пайызы сауда желілерін қолдауға жұмсалады. Осыған сәйкес басқарма жергілік­ті өнім өндірушілерді 0,1 пайыз үстемеақымен қаржыландырып, бағаларды алдын ала бекітіп ал­ды. Ондай кәсіпорындарға ұн, жұ­мыртқа, нан, сиыр, тауық етін, кар­топ пен сәбіз, пияз, қырыққабат кө­кө­ністерін өндіретін мекемелер жа­тады. Сонымен бірге Грамад пен Магнум сауда желілеріне де 0,1 па­йызбен айналым қаражаты бе­рі­ліпті. Соның нәтижесінде бү­гінде қала аумағындағы 200-ден астам сауда орнында орна­ласқан әлеуметтік сөрелерде 19 түрлі азық-түлік өнімдері арзан бағамен сатылып жатыр. Халықты мау­сымаралық кезеңде және ерте пісетін көкөністермен дер кезінде қамтамасыз етіп отыру үшін бас­қар­ма шаруа қожалықтарымен 1600 тонна картоп, 1100 тонна сә­біз, 1000 тонна пияз және 1100 тонна қырыққабатқа фор­ворд­­тық келісімшарт жасасып­ты. Түр­кістан облысындағы «Ақ­­ор­да» серіктестігімен де 100 тон­на қы­рыққабат бойынша осын­дай келі­сімге келіпті. Негізінде баға өсімі өнімдердің ерте пісетін уақыты мен былтырғы сақтал­ған қор­дың таусылған шағын­да орын алады. Осындай кезең­де баға­ның өсіміне жол бермеу үшін форвордтық келісімдер тү­зіледі. Бұдан бөлек Өзбекстан мен Тәжікстаннан да өнімдер жеткізу бойынша келі­сім жасалған. Өз кезегінде әкім­­дік тарапынан әлеуметтік ма­ңызы бар тауарлардың негізсіз қым­­баттап кетуін болдырмау мақ­сатында және делдалдардың қыз­метін реттейтін арнайы комиссия құрылған. Мониторингтік топ қы­рықтан астам жиын өткізіпті. Ко­миссия құрамына әкімдік мү­ше­лері, бәсекелестікті қорғау секіл­­ді тиісті құзырлы органдар мен ­департамент өкілдері кірген. Қала әкімінің орынбасары комиссияға төрағалық етеді. Жұмысшы топ алып­сатарлардың тауар үстіне қоя­тын құнды тым көбейтіп жібер­меуін қадағалайды. Сондай-ақ үй маңындағы, базарлардағы дү­кен­дер мен сауда нүктелерінде баға­ның негізсіз өсуіне жол бермеу жа­ғын бақылауларына алады. Ауыл шаруашылығы өнімдері­нің қым­баттауын болдырмаудың бір ба­ғыты ретінде қала аумағы­ның іргесінде орналасқан сау­да-логистикалық орталығы құрылы­сының екінші және үшінші кезеңі жүзеге асырылып жатыр. Онда 22 жобаға сай инвесторлар азық-түлік өнімдерін сақтауға ниет білдіріп отыр. Соның ішінде 3 инвестор жұ­мысын бастап кетіпті. Арасында жо­балық-сметалық құжаттары енді да­йындалып жатқан жоба­лар да бар. Бүгінде маусымаралық кезеңде 80 мың тонна азық-түлік­ке қажеттілік туындаса, қала со­ның 35 мың тоннасын жауып отыр. Ен­ді сауда-логистикалық орта­лық­тардың құрылыс кезеңдері то­лық аяқталса, өнім тапшылығы мәсе­лесі бұрынғыдай туындамайды деген сөз. Азық-түліктің мол қо­рын жасақтаудан бөлек, сауда-логис­тикалық орталықтардағы қой­малардың екінші қызметі Түркіс­тан облысынан және Өзбекстан­нан келетін ерте пісетін өнімдерді сақтап, шаһардағы қайта өңдеуші кәсіпорындарды тиісті шикізат­пен қамтамасыз ететін болады. Осы ретте «Бозарық» тамақ өнеркәсібі индустриялық аймағында жобаларды игеру бойынша жұмыстар қарқынды жүргізіліп жатыр. Атал­ған кәсіпорындар алаңында ауыл ша­руашылығы өнімдері қайта өң­де­ліп, сол арқылы шаһарға келе­тін импорттық тауарлар үлесі аза­йып, керісінше мегаполистің да­йын тамақ өндірісіндегі экспор­ты артатын болады. 132 гектар аумақ­ты алып жатқан индустриялық аймақта 8 жобаның жұмысы бас­талып кетті.

Президенттің жергілікті әкім­діктерге тапсырған басты мін­дет­­тердің қатарына инвестиция тар­ту мәселесі кіретіні белгілі. Осы ретте мемлекет тарапынан ин­вес­торларға бірнеше қолдау қа­растырылған. Атап айтқанда, егер кәсіпкер жобаны іске асы­руға екінші деңгейлі банктен қа­ра­жат жұмсаса, пайыздық суб­си­диялау бағдарламасы бойын­ша алын­ған несиенің 10 пайызға жуық мөлшерлемесі мемлекет ар­қылы өтеледі. Екіншіден, ин­вес­тициялық субсидиялау бағдар­ла­масына сәйкес көкөніс сақтау қой­­маларын немесе қайта өңдеу кә­­сіп­орындарын салған жағдайда кет­кен шығынның 25-50 пайызға дейінгі мөлшері мемлекет есебінен кәсіпкерге қайта қайтарылады. Сондай-ақ сатып алынған мал­дың басына, тыңайтқыштар мен тұқымға субсидия төленеді.

Бүгінгі таңда мегаполисте елуден астам ауыл шаруашылығы коо­­­перативі бар. Іріленудің негіз­гі пайдасы көп. Мәселен, мал ша­руашылығында мемлекеттен жәр­дем алу үшін оның талапта­рын орындау керек. Айталық, мал саны кемі 50 бас болуы қажет. Ал бұл міндетті іске асыру ұсақ ша­руашылықтардың қолынан келе бермейді. Кооперативке біріккен жағ­дайда шағын шаруашылық құры­лымдарынан мұндай талаптар бірден алынып тасталынады. Осы­лайша, кооператив мүшесі атан­ған шаруалар малдың жем-шө­бін сатып алғанда және басқа да жағ­дайларда мемлекеттің көп же­ңіл­дігін пайдалануға мүмкіндік алады.

Бүгінгі таңда «Ауыл аманаты» бағдарламасымен өңірлердегі ауыл тұрғындарына 2,5 пайыз­­дық мөлшерлемемен несие беріліп жатыр. Алайда мегаполис биыл бұл бағдарламаға іліге алмапты. Тиісті министрлік келесі жылы Шымкентті «Ауыл аманатына» қо­суға уәде бергенге ұқсайды. Дей тұр­ғанмен, шаһарда оған балама қолдау тетігі бар. Ол – жастарды биз­нес бастауға құлшындыратын арзан несие бағдарламасы. Оның шартына сәйкес жас кәсіпкерлерге 2,5 пайызбен 5 млн теңгеге дейін несие беру қарастырылған. Қазіргі таңда бұл бойынша қалаға 1,3 млрд теңге бөлініпті. Соның ішін­де ауыл шаруашылығы саласы бағы­тын­да басқармаға өтінішпен жолдан­ған 26 жобаның алтауына қаржы­лай қолдау көрсетіліпті. Ал қал­ған­дарының құжаттары қаралып жатыр. Осы көмектің барлығы клас­терлік жобаларды қолдау, ұсақ шаруашылықтарды коопера­тивке біріктіру бағдарламасы аясында жүзеге асырылып отыр.

Жалпы, мегаполистегі шаруа­шылықтар иелігінде мыңға жуық техника бар. «ҚазАгроҚаржы» институты арқылы фермерлер­ге лизингпен жаңа техника сатып алуға мүмкіндіктер ұсынылып ­жатыр. Бір айта кетерлігі, М.Әуезов атын­дағы Оңтүстік Қазақстан уни­­верситеті ғалымдары ойлап шығарған кө­шет егу мен өзі тегістеп арық-атыз са­латын тех­ни­­каны тіркеп, мем­лекеттік суб­сидияға ұсыну жұ­мыс­тары қол­ға алына бастапты. Осы баста­ма­­ның нәтижесінде бола­шақта жер­гі­лік­ті фермерлер Шымкентте шы­ғарылған техникалармен қамта­масыз етілетін болады.

Шаһарда жалпы ауыл ша­руашылығы мақсатындағы жер кө­лемі 30 мың гектар болса, соның 27 мың гектары игерілген. Суармалы егістік 5 мың гектарды құрайды. оған ағын су 27 канал арқылы ке­леді. Жыл сайын басқарма тара­пынан 2-3 жөндеуден өтеді. Кеңес дәуірінен қалған каналдар болған соң күрделі жөндеу­­ге бі­раз қаражат пен уақыт керегі тү­сінікті. Соның нәтижесінде суар­малы егістіктің жағдайы жақ­сарып келеді. Сонымен бірге биыл «Бақыт» шаруа қожалығы 50 гек­тар жерге жаңбырлатып ­суару технологиясын енгізіпті. Ол мемлекеттен тиісті қолдау шараларын алып, мал азығы дақылда­рын егіп жатыр. Ал тамшылатып суару көбінесе жеміс пен көкөніс дақылдарының ирригациясын­да қолданылады. Алдағы уақытта 200 гектар жерге жаңбырлатып, тамшылатып суару технологияларын пайдалану бойынша жобалар әзір­леніп жатыр.

«Бұдан бөлек мегаполисте 209 гектар жылыжай орналасқан. Биыл қыста болған ауа райының қолайсыз жағдайынан біраз шаруа зиян шеккен еді. Осыған бай­ланысты жылыжайлар қауым­­­дастығының мүшелері мен Үкі­меттің арнайы өкілдері бірнеше рет жиын ұйымдастырып, сала­дағы біраз проблемалар бойын­ша ортақ шешімге келді. Соның ішін­­де бұрынғы гектарлы суб­си­­дия бағдарламасын қайта іске қо­су жөнінде және көмір өн­ді­рушілерден тікелей қатты отын­ды сатып алатын болып уағ­да­ласты. Бұл мәселелер күзге қа­рай шешімін табуға тиіс. Әрі қа­рай осы бойынша жылыжай ша­­руа­шылығын дамыта береміз. Со­ның аясында индустриялық аймақ құрылады. Онда жылыжай кешені бой көтереді. Ендігі жұ­мыс жылыжай кешендерін немен жылыту тиімді, табиғи газбен бе, көмірмен бе?! Осы мәселені ше­шу қалды. Сонымен бірге жылыжай орналасатын индустриялық аймақты жоғары қуат көзі бар мекенге жақын аумақтан қарастыру жұмыстары жүріп жатыр. Мұның алдында үшінші жылуэнергия орталығының ыстық буын пайдалану мақсатында сол мекеменің төңірегінен ашқан болатынбыз. Алайда жылу орталығы босатқан тарифтік бағаның қымбаттығына байланысты өнімді өндіруге жұм­салатын шығын өзіндік құнынан асып кеткендіктен бұл жобадан бас тартып, қазіргі таңда табиғи газ қуаттылығы бар көздің маңынан салуға шешім қабылдап отырмыз», деді Ә.Жанбатыров.

Мегаполисте дайын өнім шы­ғару саласы қарқынды дамып ке­леді. Айталық «Дары Сайрама» ком­паниясы жылына 15 млн да­наға дейін, ал былтыр ғана жобасын жүзеге асырған «Алан и компания» кәсіпорны 10 млн данаға жуық банкіге жабылған қалбырлы өнімдер өндіреді. Сонымен бірге «Азамат» серіктестігінің де ауыл шаруашылығы өнімдерін өң­деу саласындағы жобасы ауқым­­ды­лардың қатарына кіреді. Алда­ғы уақытта басқарма осы секілді ірі­лі-ұсақты өңдеуші кәсіпорын­дар­ды энергия қуаттылығы жо­ға­ры, инфрақұрылым жағынан жан-жақты жағдай қарастырыл­ған «Бо­зарық» тамақ өнеркәсібі ­ин­дустриялық аймағына көшіру бойынша жұмыстарды қолға ­алып жатыр.

Салада атқарылған өзге де ша­ралар жөнінде айтып өтсек, 2023 жылдың қаңтар-сәуір айларын­­да ауыл шаруашылығының жал­пы өнім көлемі 13,2 млрд теңгеге жет­кен. Өткен жылдың тиісті кезе­ңімен салыстырғанда табыс 3 млрд теңгеге артқан. Егістік ал­­қап­та көктемгі және күзгі дала жұ­мыс­тарын жүргізу үшін же­ңіл­детілген бағамен 1 000 тонна жа­нар-жағармай бөлінді. Қа­зіргі уақытта операторлар мұ­най өңдеуші зауыттан тиісті жа­нар-жағармайды алып үлгерді, сөй­тіп 310 тонна сұйық отын ша­руа­лардың қажеттілігін өтеуге үлес­тірілді. Өз кезегінде ауыл ша­руашылығы жануарларына аса жұқпалы ауруларға қарсы вакцина егу және ветеринарлық зертханада зерттеуге қан сынамасын алу, сырға салу, ветеринариялық паспорт беру, кенеге қарсы залалсыздандыру, қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау жұ­мыс­тарын басқармаға қарасты «Ве­те­ринариялық қызмет» ме­ке­месі атқарады. АШМ Вете­­ринариялық бақылау және қада­ғалау комитетінің бұйрығымен бе­кі­тілген ережеге сәйкес биылғы 4 айда аса қауіпті 29 түрлі ауруға қар­сы диагностикалық зерттеу мен 14 түрлі жұқпалы ауруға қар­­сы профилактикалық егу жұ­мыстары жүргізіліпті. Сондай-ақ қой мен ешкі, ірі қара малдан және жылқыдан алынған төлдер сырғаланып, құжаттандырылған. Жануарлардың шоғырлану орындарына мониторинг жасалынып отырады. Азаматтардың өтініші бойынша қараусыз қалған немесе көшеде қаңғып жүрген 9 мыңға жуық ит пен 600-ден астам мысық ауланып, үлгілік қағидаға сәйкес ізгілік тәсілмен жансыздандырылды.