• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Жұмыс 06 Маусым, 2023

Шетелдегі жұмыс: Артықшылығы мен кемшілігі

2980 рет
көрсетілді

Бүгінде шетелде жұмыс істеуді армандап қана қоймай, оны алдына мақсат етіп қойған жастардың қатары көбейді. Бірі өзге елдің жақсы жалақысына қызықса, енді бірі тәжірибе жинақтап, еліміздің әлеуметтік-экономикалық ­ахуалына үлес қоссам деп талпынады. Аяна Бекешова саяхаттау арқылы тіл үйреніп, өзін дамыту мақсатында былтыр Ұлыбританияға уақытша қоныс аударған. Бойжеткен алғашында сол елдегі фермалардың бірінде жұмыс істеген. Кейін қонақ үйге жұмысқа орналасыпты. Балқаш қаласында туып-өскен Аяна өзге елде еңбек етуді 19 жасынан армандапты.

– 18 жастан 20 жасқа дейін Халық банкінде жұмыс істедім. Шетелге кету туралы ой алғаш 19 жа­сымда пайда болды. Ол уақытта банкте жұ­мыс істеп жүрген едім. Күнделікті уақытымды үйрен­шікті жұмысқа барып-келумен өткізгім келген жоқ. Өзім білмейтін жер­лерді, өзге де қызықтарды кө­руге әр­­дайым талпынатынмын. Бір сөзбен айт­қан­да, өмірімді кеңседе қамалған күйде өткізгім кел­меді. 2021 жылы ғана шетелде жұмыс істеу және саяхаттау мүмкіндігі туралы естідім, уақыт жоғалтпай, еш ойланбастан Ұлыбританияға көшу туралы шешім қабылдадым. Әрине, алғашында жұмысқа орналасу бойынша қиындық болғаны рас. Барлық құжаттарды толтырып, виза алып беруді уәде еткен алаяқтарға үш рет алданып қалдық. Соған қарамастан ізденісімді тоқтатпадым. Достарымызбен бірге 2022 жылы Ұлыбританияда ауыл шаруа­шылығы саласы қыз­метімен айналысатын компанияға сауалдама тол­тырдық. Екі апта өткеннен кейін аталған компания бізбен байланысқа шығып, онлайн сұхбат жүр­гіздік. 2,5 ай ішінде барлық құжаттарды жинадық, сұх­баттастық, виза алдық. Міне, осындай талаптардан өтіп барып Ұлыбританияға ұшып кеттік, – деді ол.

Бастапқыда бойжеткен фермада алма жинаумен айналысқан. Алғашқы аптасында жұмыс беруші бір сағатына 10,10 фунт стерлинг төлеген. Кейін жалақы жинаған өнімдеріне қарай үлестіріліпті. Арада екі апта өткен соң, шаруашылық жұмысының ақсауына байланысты достарымен бірге Лондонға көшкен. Онда сол қаладағы қонақ үйдің бірінде бөлме тазалаушы болып жұмыс істейді. Айлық табысы – 1,7-1,8 мың фунт стерлинг болған. Оны теңгеге шақсақ, 800-900 мың теңге шамасы.

– Бұл елде негізінде ауыл шаруа­шылығы жақсы дамыған. Олардың жыл сайын жоғары мөлшерде өнім жинауға, баптауға арналған технологиялары бар және түрлі инновациялар енгізілген. Ылғалды климат пен жиі жаңбыр егіннің шығуына көп ықпал етеді. Ең бастысы, мұндағы жұмысшылар өз істеріне өте ұқыпты. Фермада жұмыс істейтін жастар қатары көп. Оларға қай салада болсын жұмыс күші қажет болғандықтан, британдықтар жұмысшыларды көбіне ТМД елдерінен алады. Өйткені біздің атқарған жұмысымыз үшін ақы төлеу олар үшін де, біз үшін де тиімді. Сол себепті көптеген адам ақша табу үшін өзге мемлекеттерге кетеді. Десе де, ере­сектер де қалыспайды. Барлығы бір дең­гейде жұмыс істейді. Жұмыс визамның уақыты осыдан екі ай бұрын аяқталды. Мұндағы тәжірибемді өңірде шың­дап көрсем деген ниетте, іске кірісіп те кет­тім, – деді А.Бекешева.

Аяна қазіргі уақытта жұмыс күші аса бағалана бермейтінін, жұмыс қанша ауыр болса да, соған сай жалақының төленбейтінін де айтып қалды. Сол себепті адамдар күнін көру үшін бірнеше ауыр жұмысты қатар алып жүруге мәж­бүр. Жастардың шетелге кетуінің де бір себебі осы болса керек, деген орамды ойын ортаға салды.

– Қазір жастардың басым көпшілі­гі­нің айлық табысы өз қажеттіліктерін толық өтеуге жетпейтіні белгілі. Тіпті отбасын құрып, оны асырай алмай отыр­ғандар жетерлік. Жалпы, мұнда жұмыс іздеп келген жандардың барлығы өз елдерінде де жұмыс істеуге дайын, бірақ тиісті деңгейде ақысы төленсе екен, – деді ол.

Кейіпкеріміздің сөзінің жаны бар. Расымен, елдегі әлеуметтік ахуал мәз емес. Дүкен сөрелеріндегі баға да аспандап тұр. Тек жастар емес, ересектердің басым көпшілігі жалақысының азды­ғына налиды. Жұмыс­сыздықты азайту мақсатын көздеген бағдарламалар­дың да нәтижесі жақсы емес. Соның бірі «Дип­ломмен – ауылға» бағдарламасы. Бағ­­дарламаға қатысты мәселені Мәжіліс мін­берінде де­путат Наурыз Сайлаубай көтерген еді. Оның сөзінше, елді мекендерге жібе­­рілген мамандар мерзімі біткен соң, жү­гін буып-түйіп, қайтадан қалаға кө­шіп жатыр.

«Бұл бағдарламаның жүзеге асып жат­қанына 14 жыл болды. Мамандар­ға мұқ­таж өңірлер көбеймесе, азайған жоқ. Өз міндеттемесін орындап, үш жыл­ ауыл­да жұмыс істеген мамандар тиіс­ті мерзімі аяқталған соң жүгін буып-түйіп, қайтадан қалаға көшіп жатыр. Жылдар бойы бюджеттен қаржы құйылып келген бағдарлама неге міндетін мінсіз орындай алмайды? Көшкен жас мамандардың бағдарламадан айнып, қалаға қайтып кетуінің салмақты себебі – тұрғын үйді сатып алу қиындықтары және орта­лықтандырылған су мен жылу жаб­дық­талуының жоқтығы. Жоба аясында келген маманға 100 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) біржолғы көтерме жәрдемақы беріледі. Ал тұрғын үй сатып алу үшін жылдық 0,01% мөлшерiнде 15 жылға дейінгі мерзiмге 1 500 (АЕК) айлық есептік көрсеткіште кредит түрінде әлеуметтік қолдау шаралары ескерілген. Көптеген ауыл әлі күнге дейін тәжірибелі мұғалімсіз, білікті дәрі­герсіз отыр. Мемлекеттен берілетін бір реттік 345 мың теңге неге жетеді? Қазір азық-түліктің ауылдағы құны, қалада­ғы бағамен бірдей. Үйге деп берілетін 5 мил­лион теңгеге үй ала аласыз ба?», деді Мәжіліс депутаты.

Ұлттық статистика бюросының мәлі­метін ескерсек, 2021 жылы елден 32 209 адам шетелге қоныс аударған. Жалпы, кейінгі 10 жылда 360 мың адам жат жерге көшкен. Бұл есеп жыл санап өзгеріп, өсіп келеді. «Қоғамның негізгі даму кү­ші – жастар» екенін ескерсек, олардың басым көпшілігі шетелге аңсары ауатыны белгілі. Елде жастарды қолдауға арналған түрлі жоба қарастырылып, іс-шара ұйымдастырылып жатса да білікті, білімді жастардың кей легін уыстан шығарып алдық. Оған әлемдік әйгілі компанияларда жұмыс істейтін жастар қатары дәлел. Әлеуметтанушы Салтанат Оразбекова отандастарымыздың шетелге кету себебін өзінше қарастырады.

– Олар: саяси, әлеуметтік және эко­но­микалық факторлар. Саяси фактор­ға еркіндік пен сөз бостандығының жоқ­тығы, мемлекет жүйесіндегі жастар­дың өзін-өзі дамытуға тежеу болатыны, жұмыста аз жалақы алу себебі жа­тады. Ал орта жастағы адамдарды алатын болсақ, кө­біне тұрмыс жағда­йын реттеу үшін қоныс аударады, – деді әлеуметтанушы.

Таяқтың екі ұшы бар демекші, ең­бек­ке де, оқуға құлықсыз жастардың көбейгені де белгілі. Ұлттық статис­тика бюросының дерегіне сүйен­сек, NEET сана­тындағы азаматтар­дың үлесі 7,9 па­йызды құрайды. Бұл есей­гісі кел­мей­тін ересектердің еліміздегі кадр тап­шы­лығын көбейтіп отырғаны белгілі. Келесі кейіпкеріміз Сымбат Төлеге­нова солар­дың қата­рында. Ол Қазақ­станда екі жоғары білім тәмамдап, шетел­де жұ­мыс тәжірибе жинақтауды көз­деп жүр.

– Жоғары білімді Л.Н.Гумилев атын­дағы Еуразия ұлттық универси­те­тінің журналистика және саясаттану факультетінен алдым. Ендігі мақсатым – АҚШ медиа саласының қыр-сырын меңгеріп, осы салада отандық БАҚ-қа тың жоба әкелу. Өзге елдің мә­де­ниетін, жұмыс тәжірибесін көруді мек­теп жасымнан армандайтынмын. Бі­рақ нақты қай сала бойынша білім-білігімді арттыру керек екенін ойластырмадым. Журналистикада оқып, елдегі бұл саланың ақсап тұр­ған тұс­тарын көрген соң, осы саланы дамытуды мақсат тұттым. Қазір ағыл­шын тілі курсына барып жүрмін. Дең­ге­йім тәп-тәуір. «Болашақ» халық­ара­лық бағ­­дар- ламасына құжат тапсыр­мақшы­мын, – деді С.Төлегенова.

Ал маркетинг саласы бойынша маман Фатима Тарғамбай былтыр жазда америкалық корпорацияға жұмысқа орналасты. Ол үш ай дүкенде менед­жер болып жұмыс істеген. Соның арқа­сында әлеуметтік желінің қыр-сырын меңгеріп алған. Бір жағынан ағыл­шын тілін шыңдапты. Оның айтуынша, штат­тардағы корпорацияда жұмыс істеу оңай емес екенін айтады.

– Әрине, көптеген жағымды, жақсы естелік болды. Біраз тәжірибе жинақ­тадым. Маған қатты ұнады. Бірақ  ортаға бейімделуім қиындау болды. Өйт­кені бұл жерде өзіндік жүйе бар. Адамға қоятын талаптары да мықты. Осы тұрғыда қиындау болды. Сол себепті елге қайта оралуға шешім қабылдадым, – деді Алматы қаласының тұрғыны.

 

ТҮЙІН. Әрине, жоғары жалақы, таңдаулы жерде білім алу, жақсы жұмыс орнына әр азаматтың, әрбір жастың таласы бар. Келер ұрпағына үміт артқан Қазақстан да жастар саясатын жүзеге асыруда осыны мақсат етеді. Сондықтан мемлекет жастарға шетелде білім алсын, таным көкжиегін кеңейтсін, тәжірибесін жинақтап, елдің көркеюіне үлес қоссын деп түрлі бағдарламалардың мүмкіндігін кеңейтуде. Тек сол мақсатқа жұмсалған қаражат ақталса игі.