• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Таным 06 Маусым, 2023

Кітап оқуға қатысты топ-5 кеңес

2067 рет
көрсетілді

Кітап оқу – ми жаттығуы.  Кітаппен достасқан адам ақылы толысып, парасатты бола түседі. Әрі өз ойын нақты, ашық айта алатын болады. Кітапты көп оқу ойлау жүйеміздің жақсаруына, қиялымыздың дамуына, сонымен қоса сөздік қорымыздың артуына өзіндік ықпал етеді.

Ғалымдардың айтуынша, кітапты жылдам оқығанда көз көп шармайды екен. Ал адамдардың 95 пайызы кітапты өте баяу оқиды. Бар болғаны минутына 180-200 сөз. Кітапты асықпай оқығанда адам оқығанының 60 пайызын түсінсе, жылдам оқығанда 80 пайызын түсінеді. Кітап оқу кезінде оқырманның көздері әр әріпті жеке сурет ретінде көрсетеді, ал ми оларды бір суретке біріктіреді екен.

Сондай-ақ кітап әрбір адамның бойындағы шығармашылық қабілетті оятады. Сол себепті оқырман кітапқа деген махаббатын, қызығушылығын жоғалтып алмас үшін бірнеше кеңес ұсынамыз.

1)Кітап оқуды әдетке айналдыру

Күніне кітап оқуға 1 сағат арнау қажет, ал уақытыңыз болмаса кемінде 15 минут оқу керек. Сонда миыңыз тынығып, сергіп қаласыз және сіздің тұлғалық дамуыңызға үлкен әсер етеді.

2)Кітапты дұрыс таңдау

Ең алдымен кітапты жас ерекшелігіне қарай таңдаған жөн. Оқу барысында жүйелікке аса мән берген абзал. Бастауыш сынып оқушылары балалар әдебиетін, ертегі кітаптарды оқымай тұрып «Абай жолы» немесе «Көшпенділер» секілді көлемді әрі ауыр кітаптарды оқыса, оны толықтай түсініп, өзіне керек дүниені ала алмайды. Сол секілді жасөспірім шағында «Махаббат қызық мол жылдарды» оқымаған адам, жасы ұлғайғаннан кейін қанша талпынса да романның қызығына бата алмайды.

3) Негізгі ойларды түртіп алу

Кітаптағы өзіңізге қажетті жерлерін жазып алу сізге пайдасын тигізеді. Нақыл сөздер немесе қанатты сөздерді жазу арқылы сізде жаңа ойлар туындайды, өмірге деген көзқарасыңыз өзгереді және кітап оқуға деген құлшынысыңыз арта түседі.

4) Талдау жасау

Кітапты оқып біткеннен кейін өз ойыңызды жазып отырыңыз. Яғни кітаптан түсінгеніңізді, не түйгеніңізді баяндау. Оқыған кітаптан тәжірибе жинап, өзімізге қажет құндылықтарды алу қажет. Осы кеңестерді пайдалана отырып кітаптың қаншалықты пайдалы болғанын біле аламыз.

5) Бөлісу

Кітапты оқып болғаннан кейін оны достарыңызға, жақындарыңызға ұсынған жақсы. Кітап туралы пікір алмасып, талқылау оқығаныңызды есте сақтауға көмектеседі.

 

Саяжан ҚҰДАЙБЕРГЕН,

Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ студенті.