Әулиеатада алауы тұтанған VI жазғы спартакиада мәресіне жетті. Тараз топырағына табан тіреген саңлақтар волейбол, су добы, дзюдо секілді үш спорт түрінен сынға түсіп, өзара кім мықтыны анықтады. Ұлттық құраманың негізін құрайтын спортшылар іріктелетін додада жамбылдық волейболшылар қарсыластарына дес берген жоқ.
Еліміздің барлық өңірінен келген командалар арасындағы кездесулер тартысты өтті. Спартакиадада топ жаруды мақсат тұтқан құрамалар жеңістің биік тұғырынан көріну үшін барын салды.
Жамбылдық волейболшылар мен Солтүстік Қазақстан облысының командалары арасында өткен жартылай финалдық кездесу шиеленіскен жағдайда өрбіді. Бірінші сетте әулиеаталықтар екі доп айырмасымен басымдық танытқаннан кейін екінші және үшінші кезеңде қонақтар жеңісті жұлып алған. Ойынның төртінші сеті тартысқа толы болды. Қай команданың басым түсетіні соңғы сәтке дейін беймәлім еді. Алайда өз алаңында барын салған жамбылдықтар соңғы екі ұпайды қатар иеленіп, 38:36 есебімен жеңіске жетті. Ал шешуші партияда 15:12 есебімен басымдық танытқан әулиеаталық ұжым бар күшін сарқа жұмсап, финалға жолдама алды.
Жартылай финалда ең қиын кездесуін өткізген Жамбыл облысының құрамасы ақыры спартакиада жеңімпазы атанды. Олар соңғы кездесуде Павлодар облысының жігіттерінен айласын асырды. Түркістан облысының жігіттері үздік үштікті түйіндеді.
Қыздар арасында өткен бәсекеде Қарағанды облысының бұрымдылары қарсылас шақ келтірмесе, Солтүстік Қазақстан облысының арулары екінші орынды, Шығыс Қазақстан облысының қыздары үшінші орынды иеленді.
Спартакиадада су добынан өткен ерлер мен әйелдер бәсекесінде айтарлықтай сенсация тіркелген жоқ. Арулар бәсекесінде ұлттық құраманың негізін құрайтын «Айша бибінің» арулары фаворит саналса, ерлер бәсекесінде мамандар алматылықтардың топ жару мүмкіндігі жоғары екенін әу баста болжап қойған.
Су добы шеберлері додасына айтарлықтай көп команда қатысқан жоқ. Ерлер арасындағы бәсекеде бар болғаны алты команда кім мықтыны анықтаса, қыздар арасындағы сында бес команда топқа түсті.
Спартакиада қорытындысында ерлер арасындағы жарыста алматылықтар қарсыластарының барлығынан айласын асырып, чемпион атанса, Жамбыл облысының командасы күміс жүлдегер атанды. Ал қарағандылықтар үздік үштікті түйіндеді.
Әйелдер арасындағы сында Жамбыл облысының командасы қарсыластарының барлығынан басым түсіп, кезекті мәрте өздерінің шын мықты екенін дәлелдесе, алматылықтар күміс, елордалықтар қола жүлдені иеленді.
Сондай-ақ спартакиада аясында өткен дзюдошылар бәсекесінде де өз салмақтарының үздіктері анықталды.
Жамбыл облысы