• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Тарих 06 Маусым, 2023

Қашқын қалмақтың лаңы

7564 рет
көрсетілді

Өткен ХХ ғасыр басында әлем тарихында аса күрделі өзгерістер орын алды. Соның алғашқысы – 1905-1907 жылдары патшалық Ресейде толқу тудырған бірінші төңкеріс болса, екіншісі – 1911 жылы циньдік Қытай елінде үш жүз жыл үстемдік жүргізген мәнжі билігі құлап, қоғамдық-саяси ахуалдың өзгеруі. Осы тұста жаңадан құрылған Қытай мемлекетін ықпалды әскери генералдар, саясаткерлер жеке-жеке бөліп алып билеуге көшті. Атап айтқанда, Сычуань провинциясын бір генерал меншіктеп алса, тағы бір генерал Юань Шикай парламентті таратып, елдің негізгі бөлігін өзінің басқаруына көшірді. Ал Шыңжан өлкесі мен Моңғолия уақытша буферлік күйде болды.

Мұндай сәтті бос жібермейтін патша­лық Ресей болашақта Азияға ықпалын ат­тыру мақсатында, өздерінің ішкі бү­лін­шілігіне қарамай Моңғолияны Қытай ық­палынан айырып алып қалуға жан­таласты. Бұл істі үлкен жақтан Бей­жіңде отырған орыс елшісі Иван Корос­товец (1862-1933) пен Күредегі консул Владимир Люба басқарды.

Сөйтіп, орыстардың құпия қолдауы­мен 1911 жылы 29 желтоқсан күні қы­тайларды қуып шығып, Моңғолия өзін тәуелсіз ел деп жариялады. Бірақ бұған бұрынғы мәнжі-қытай билігінде болған моңғолдар түгел қамтылмады. Тек бір бөлігі ғана «Боғда хандық Моңғол мемле­кеті» деген атау алып, уақыт өте келе әлем картасында «Сыртқы Моңғолия» атты мемлекет пайда болса, бұларға қосыла алмай Қытайдың құрамында қалып қойғандары «Ішкі Моңғолия» деп аталды.

Қазақтың жалпақ тілімен айтқанда, сол тұста жалпы моңғол жұрты – Сыртқы Моңғол, Ішкі Моңғол, Барғы Моңғол, Батыс Моңғол (Ойрат Моңғол), Ұранхай шебі қатарлы бес ірі территориялық бө­лікке жіктелді. Осылардың ішінде орыс­тардың назарын ерекше аударғаны Батыс Моңғол болды. Бұл өлке Ресеймен шекаралас және реті келсе болашақта бөліп алуға қолайлы. Оның сыртында өлке тұрғындары – ежелгі Ойрат хандығынан қалған жұрнақ. Орталыққа, яғни халқа моңғолдарға әлі сіңісе қоймаған. Ілім-білімге таяз, айранын ұрттап, қойын құрттап бұйығып жатқан бейуаз жұрт. Оның үстіне бұл өлкеге XIX ғасырдың екінші жартысында қазақ деген халық келіп қоныстанды.

* * *

Осылай мәнжі-қытайдан азаттық алған Боғда хандық Моңғол мемлекеті­нің үлкен-кіші ұлықтары 1912 жылы көктемде астанасы Күре қаласында бас қосып, Батыс Моңғолия мәселесі бойын­ша кеңес өткізіп, келесі кезекте елдің батыс шебіндегі маңызды тірек «Қобда бекінісін қытай билігінен азат ету керек» деген шешім шығарады.

Бұл істі тиянақты атқару үшін барғы моңғол нояны Дамдінсүрен мен атақты қолбасшы Мақсыржаб орталықтан 500 шерікті бастап аттанады. Бұл әскерилерді орыс офицерлері жаттықтырып, арнайы дайындаған болатын. Бұларға қытай­дан қашып барып Чита қаласында жасырынып жатқан тағы бір Ішкі Моңғол ноя­ны Тоқтық тайшы шерігімен келіп қосылды. Бірақ бұл шеріктер қаланы азат етуге жеткіліксіз еді. Сондықтан жер­­гілікті халықтан әскер жинау қажет бо­лады. Сөйтіп, орталықтан келген ноян-құтықтылар Жалқаныз бен Дилав, әс­кери қолбасшылар Мақсыржаб пен Дамдінсүрендер Ұланқом деген жерде ойрат тұқымдастардың басын қосып 1912 жылы 20 сәуір күні жиын ашады. Ондағы мақсат – халық арасынан жасақ жинап, Қобданы азат ету еді.

Осы жиынға бір жыл бұрын қайдан келгені белгісіз, ел арасында «Далама» атымен танылып, онымен қоймай: «Атақ­ты Әмірсана ноянның баласы Төмір­сананың ұрпағы екен. Атасының аманаты бойынша ойраттарды қытайдан құтқарғалы келіпті» деген лақап таратып жүрген, бір адам көлденеңнен келіп қосылады. Уақыт аңысын байқаған бұл алаяқ ең әуелі Жалқаныз құтықтының көңілін табады. Ол дәл қазір бұларды қолдаса, екі жеп биге шығарын жақсы білді. Осылай етсе, біріншіден, Боғда ханның назарына ілігері анық. Екінші­ден, Қобданы азат етуге еңбек сіңірсе, бола­шақта сөз жоқ батыс өлкенің билігі қолына өтеді де, шұбар төс шынжыр балақ нояндарды бір шыбықпен айдайтын болады...

Мұндай мүмкіндікті жіберіп алуға әсте болмайтынын алаяқ лама өте жақ­сы түсінді де, Жалқаныз құтықтының қол­дауымен дереу іске кірісті. Ең әуелі Қобда өзенінің орта сағасы, қазіргі Убсы аймағының Қобда сұмын жеріндегі Қобда өзенінің иіні Үшсеңгірде ұранхай, байыт, дөрбет және қазақтың атқамінерлерін шақырып, жиын өткізеді.

«Бұл жиын 1912 жылы сәуір айында болған», дейді Моңғолия тарих ғы­лымдарының докторы Ислам Қабыш­ұлы. Осы басқосуға қазақтар атынан шеруші Қылаң, төре Адай, ителі Тәжі, шыбарайғыр Күлкетай, ботақара Барлам, қарақас Қалел, шеруші Жұртбай, молқы Оразбек қатарлы адамдар қатысқаны анық. Мұнда қаралған мәселе – «Қытай­ға қарсы жасақ шығару». Бұған моң­­ғол-ойрат нояндары «Мақұл!» дескен. ­Қан­ша айтқанмен қаны бір, намысы ортақ. ­Ал қазақтар мақұл болмаған. Тіпті мол­қы Оразбек Манақұлы тіке қарсы шық­қан. Басқасы оны қолдаған. Тек Қылаң ата­мыз өз қандастарының қылығын жуып-шайып: «Айтқаныңыз орынды, тақсыр, бұл істі ел-жұртпен ақылдаса оты­рып көрейік», деп ашулы қашқын қалмақ­тың бетін қайтарған. «Қылаң­ның сөзін ес­тіп ламаның жүзі жылып сала берді», ­деп жазыпты өлкетану­шы-ғалым Шерхан Орайханұлы.

* * *

Осы орайда, «Жалама деген кім?» дейтін сұрақ туады. Ресейлік дерек­ті құ­жаттарда қалмақтың аты «Дамби­­жан­сын Әмірсанаев» деп жазылыпты. Ал Қобда беті қазақтары оның «Да лама» деген діни атағына орай «Жалама» атап кеткен. Бұдан былай бізде осы атымен баяндаймыз. Дамбижансын немесе Жалама туралы 1991 жылы Моңғолия­лық жастар газеті «Монголын залуучууд» («Моңғолия жастары») басылымында «Қалмақ Дамбижансын» атты көлемді мақала жарық көріпті. Мақала авторы зерттеуші журналист З.Лонжидті жа­зуына қарағанда, Жалама 1862 жылы ­Еділ бойындағы Астрахань қаласында туған, ұлты қалмақ» деп жазылыпты.

Бұл қашқын алғаш рет 1889 жылы Моңғолияға келіп жүріп, оғаш әрекеті үшін қолға түседі. Оны Ұластайдағы орталыққа алып барып, тергеп тексереді. Ол тергеушілерге: «Мен Ресей азаматымын, ұлтым моңғол, атақты Әмірсана­ның немересі болам», деп ойбайлайды. Әрі қаладағы Ресей консулдығы­нан адам шақыртуды талап етеді. Консул: «Барып, жағдаймен таныс», деп көпес П.И.Кря­жевті жібереді. Дәл осы оқиға туралы Ұлан-Үде қаласында 1994,1998 жылдары екі рет жарық көрген И.И. Ломакина­ның «Голова Джаламы» атты кітабын­да: «Ұластайда тергеуде отырған лама Ресей консулдығынан кісі шақыртты. Кон­сул көпес П.Кряжевті жіберді. Оған кішкентай сандықшаны ашып, прок­ламацияны көрсетті. Онда арнайы тапсырма орындау үшін жіберілгендігі ­туралы орыс тілінде жазылған құжат болған», десе, Ресей саяхатшысы Д.А.Клеменц «Моңғолия туралы естеліктер» атты кітабында, «Қытай шенеуніктерінің қо­лына түскен Жала­маға П.И.Кряжев «Астрахандық қалмақ Ресей азаматы» ­деген жалған құжат жасап беріп құтқарды», дейді. Осы нұсқа рас болуы керек.

Жоғарыда аты аталған Әмірсана – көшпелі ойраттың соңғы ханзадасы. Бұл ноян 1755-1758 жылдары ойраттардың азаттығы үшін мәнжі-қытай билігіне қарсы шыққан ірі күрескер. Орта жүздің сұлтаны Абылаймен қарым-қатынаста болған. 1755 жылы Жоңғар хандығы толық жойылған тұста қашып қазақ даласына келген, мұнда тұрақ таппай, Тобыл қаласына барып паналаған. 1757 жылы сол қалада шешек ауруы­нан өлген. Қытайлар ханзаданың өлгеніне сен­бей, көрден денесін суырып алып көр­ген. Әмірсана кетерінде: «Мен күн­дер­дің күнінде келіп, сендерді қытай басқын­шылығынан құтқарам», депті-міс. Осы аңызды айлакер Жалама жақсы пайдаланған.

Орыс офицері Адам Беннигсен 1912 жылы жарық көрген «Несколько дан­ных о современной Монголии» атты еңбегінде «Моңғолиядағы Қытай үс­тем­дігін шайқалту үшін аса пысық бі­реу­ді Әмірсана атын жамылдырып жі­­бе­ре қойса жетіп жатыр», десе, пат­ша­­лық Ресейдің әскери барлаушысы В.И.Ро­бо­­ровский өзінің Моңғолияға сапары туралы жазбасында: «Бізге кезіккен моң­ғолдар қытай басқыншыларынан, «Бізді құтқаратын Әмірсана қашан келеді екен, білесіздер ме?» деп сұрағаны жайын­да дерек қалдырған. Дәл осы сәтті алаяқ лама жақсы пайдаланған.

Бұл қашқын қалмақ алғаш рет 1891 жылы Ұластайда қамаудан босаған соң Күреге барып бір жыл тұрған. Әй­гілі шы­ғыстанушы Ю.Н.Рерих өз күн­де­лі­гін­де: «Қалмақ Дамбижансынды бір күні ­орыс солдаттары тұтқындап, Қияқ­ты (Кях­ты) бекінісіне алып кетті», деп жазып­ты. Бірақ залым Жалама Қияқтыға барған күні кенет жоғалып кеткен. Арада 10 жылдан кейін, 1900 жылы Тибетке экспедиция ұйымдастырған П.К.Козлов­тың отрядымен бірге Лхасаға барған. Экспе­диция басшысының үкімімен тапсырмалар орындап жүріп, тағы жоғалып кеткен.

Турасын айтсақ, ХІХ ғасырдың ба­сында Ресей-Қытай-Моңғолия қаты­насын зерттеген немесе осы іске ара­ласқан саяси тұлғалар, тыңшы-бар­лаушылар, саудагер-кәсіпкерлер, әс­кери қайраткерлер мен консулдық қызмет­керлерінің бәрі дерлік Жаламаға назар аударған.

Мысалы, Ресей әскерінде тұт­қында болып, 1920-1929 жылдары Сырт­қы Моң­ғолияда жұмыс істеген ма­жар офи­цері Иозеф Гелеттің 1936 жы­лы «Го­лова таинственного монгола» атты Лон­­­­донда бастырған кітабында, «Жа­ла­­­ма­ны бүліншілікке орыстар өзі да­йын­­­даған», десе, Моңғолияда ғылыми бар­­­лау жұмысын жүргізген поляк Фер­ди­нанд Оссендовскийдің «Звери, Люди и Боги» атты кітабында Жаламаны, «Көз­­­байлаушылық, сиқыршылық өне­рін терең меңгерген адам», десе, орыс сау­дагері, барлаушы В.Бурдуков қашқын қалмақтың өз ауызынан: «Түшетхан аймағы Батыр-гүн қошуы Ұластай-Кол­шан күрежолы бойында орналасқан Ашыққорғы (Ашигхорга) тауында тудым», дегенін жазып алса, жоғарыдағы поляк Ф.А.Оссендовкий: «Жаламаның шын аты – Балдан. Ол Ресейдің Астра­хань өлкесінде туған кіші дөрбет тай­па­сының адамы», депті. Осындағы пікір­лердің ақиқаты – Оссендовский­дікі. Ал бұл тақырыпты терең зерттеген Инесса Ломакина: «Жаламаны төңкерістен бұрын «Моңғолияның батысын қытайлардан құтқарып Ойрат хандығын орнат» деп орыстар жұмсаған», дейді.

* * *

Осы орайда жоғарыда айтқанымыз­дай, 1912 жылы 21 тамызда Қобда қала­сы қытайлардан толық азат етіледі. Бұ­ған дейін Қобда мен Алтай шебі (қазір­гі Шыңжан – Алтай өлкесі) бір орталық­қа бағынып келген болатын. Мәнжі-қы­тай билігі 1907 жылы Алтай мен Қобда шебін екіге бөліп, жаңадан құрылған Алтай шебінің орталығы ретінде Сары­сүмбе қаласы таңдалып, торғауыт нояны Балтабанды (Балт ван) бастық етіп сайлады. Қобдадан айырылып қалған қытай­лар Алтайдағы Балтабанға қайтарып алу ­жайлы міндетін жүктеп, әскер береді.

Дәл осы тұста, әлде шын, әлде дақ­пырт Қобдадағы Ресей консулы М.Кузь­минский арқылы моңғолдарға «Алтай­дан Балтабан әскер бастап келе жатыр» ­деген мәлімет жетеді. Сөйтіп, Алтайдан келе жатқан жаудың бетін қайтару үшін қолбасшы Мақсыржаб әскер бастап аттанады. Олар Алтайдан Қобдаға бара­тын күре жолдың үсті Жолтыға келіп бекі­ніс алады. Мақсаты – Алтайдан арып-ашып келе жатқан қытай әскерін осы жерде жасырынып жатып қырып тастау.

Кенет ел ішіне келіп орныға қалған моңғолдың қарулы шерігі не істегелі жүр, кіммен соғыспақ? Оны Бұлғын, Жолты, Лақшын өлкесінің қазақтары түсінбей дал болады. «Күдіктің арты күмән» дегендей шеріктен сескенген елдің бір бөлігі үркіп Алтай асады.

Алтай жақтан әскер келіп қала ма деп онсызда алаңдап отырған халқа шерігі: «Бұлар барып Балтабанға қосы­ла­ды», деген күдіктен қарулы әскер елді күшпен тоқтауға ұмтылады. Сөйтіп, моң­ғол әскері мен қазақтар арасында қақтығыс басталып, «Жолты қырғыны» дейтін оқиға орын алады. Осы оқиғаның басы-қасында болған адамның бірі шы­барайғыр Нәжікеш Таңқайұлы (1885-1953) «Ел айдалған» дастанында:

Бұлғын басы Жолтыда

жатты халқа,

Тарту алып олжаға батты халқа.

Немере Стамболдың бір баласын,

Әуелі қан шығарып атты халқа, ‒ десе, тарихшы Зардыхан Қинаятұлы: «Бұлғынның басы Жолтыда халқаның тосқауыл әскеріне жолыққан базарқұл Стамбол Елешұлының ауылы қақты­ғысып қалады. Бұл қақтығыста Райыс Тоқтағанұлы оққа ұшты» деп жазыпты.

Моңғолия қазақтары арасынан шық­қан тағы бір зиялы тұлға һәм өлке тарихын жинақтаушы Шерхан Орайханұлының 1957 жылы ойғырлық Қасым Әлдешұлы деген қарияның аузынан жазып алған деректе: «Құтырынған шеріктер үйі­нің қа­сында жайында тұрған Рақым деген жігітті мылтықтың дүмімен ұрғанда, ашуланған ол шерікті бір ұрып ұшырады. Таяқ жеген шерік Рақымды қолма-қол атып жібереді. Сол кезде Рақымның әйелі Құлашкер тұра ұмтылып, атқан шерікті қылғындырып өлтіреді», деп жазады. «Құ­лашкердің азан шақырып қойылған есімі – Бәтима Шаңдақбайқызы», дейді тарихшы Сұраған Рахметұлы.

Қысқасы, бұл қақтығыстан кейін дү­ние мидай былықты. Алтайдан келетін жау Балтабан жайында қалды да, халқа-моңғол шерігімен қазақтар арасында қақтығыс пайда болды. Біздің пайым бойынша, осы тұста моңғол нояндарының алдына, «Қобда бетіндегі қазақтарды не істейміз?» деген сұрақ туындаған. Ең тиімді тәсіл – бұларды Алтай бетіндегі тумаларынан алыстатқан дұрыс. Сонда Балтабанға да қосыла алмайды, Қобда бетіне жасырынып келіп жылқы қуып, ел тонайтын Алтайдағы сыбайластарынан да алыс болады, ‒ дегенге тоқайласса керек. Осы бір күрделі сәтті пайдаланған Жалама «бұл істі мен атқарам» деп бел­сеніп шығады.

* * *

 «Іздегенге – сұраған» дегендей, қан жалап туған жауызға керегі де осы еді. «Бір қалмақ пайда болды Жалама атты, Сиқыршы, қаны арам, діні қатты», деп Нәжікеш ақын айтқандай, қашқын қал­мақ дереу іске кіріседі. Тарихшы Сұра­ған Рахметұлының жазуына қарағанда, Жалама қазіргі Бұлғын-Делуін өлкесінде отырған қазақтарды түп қопарып айдау үшін Төңірек, Жалғызағаш, Сілкім маңын жайлап отырған ауылдарға кенет шабуыл жасайды. Екіашада отырған қарақас Қосантай әулеті Алтай бетіне үрке көшеді. Ал қарсылық танытқан Рақым Қосантайұлын және әйгілі палуан, қамшыгер Қосылбай Мірсейітұлын атып өлтіреді. Жаламаның жауыздығынан ­сескенген елдің бір тобы қар басып жат­қан асуды бұзып, Алтай бетіне ауып кетуге талпынған.

«Мал төлдеп аяқтанып жатқан кез. Сай-салаға тарап кеткен елді көшіруге аттанған шеріктер кешіккен сайын Жа­лама құтырған қасқырша жантала­сып, көзіне көрінген адамды түтіп жей­тіндей түрде болды. Шеріктерден бұрын қимылдап Алтайдың асуын бұзып арғы бетке асып кетпек болған қарақас руының көш бастаушылары деп Ақымбек пен тағы бір жігітті байлап әкелді. Шерік­тер ауыл адамдарын шетінен соққының ас­тына алып, алтын-күміс, бағалы заттарын тонап алып, оны Жаламаға тарту етті», деп жазыпты өлкетанушы Ш.Орайханұлы.

Бұл жерде мән беретін мәселе: ерік­сіз айдауға қай өңірдің елі көбірек ұшы­рады дегенге келсек, Қобда бетінің ту­масы, кәсіби тарихшы және аталған тақы­рыпты жүйелі зерттеген Сұраған Рахметұлының жазуы бойынша, қазіргі Бұлғын сұмын өлкесі, Делун, Бессала, Тұлба, Алтайдың және Қызылқияда мекендеп отырған руы секел Жанықұл-Тақпыжанның, Бөрібайдың ауылдары түгелдей айдау­ға ұшыраған көріне­ді. Сондай-ақ өлке­танушы Еркетай Нұрпейісұлы: «Бұл айдауға ілікпей ана-мына жерде жасырынып қалып қойған ауылдар да бар. Атап айтқанда, Нұрпейіс, Жанпейістің ауылдары және Уанбай Етекбайұлының аулы қазіргі Тұлба сұмыны жері Қызыл Қатуда қа­лып қойды», десе, тарихшы Құрметхан Мұхамәдиұлы: «Жалама­ның айдауына шеруші руының саңыру, құрман, төлек топтары, Делунді мекендеп отырған – қарақас, молқы, Бұлғын мен Тұлба жеріндегі жәнтекейлер ұшыра­ған», дейді.

Бұдан жарты ғасыр бұрын ірге теуіп, күл төккен жұртынан ел аман, жұрт тынышта айдалу – бейбіт ел үшін «кіші ақтабан шұбырынды» болған тәрізді. Айталық, ақын Мыса Рақымбайұлы: «Шеруші баяны» атты толғауында:

Шулатып қатын-бала қырып айдап,

Текқұл менен Бекқұлдың

қолын байлап.

Келеді дүре соғып жаяу айдап,

Көп адам қаза болды соры қайнап.

Жіберді малын алып, мүлкін тонап,

Қалғаны қаңғып кетті

қайыр сұрап, ‒

деп шерлі жырмен сипаттаса, зерттеуші Шерхан Орайханұлы: «Жалғызағаш асуындағы Төңіректің Ақбұлақ жайлауы мен Шегіртайдан айдалған елдің жайын айтар болсақ, әбден айбарланып алған шеріктер: «Тамақтанамыз», деп, айдалып келе жатқан малға қасқырша тиіп, екеу-үшеуара бір қойдан, бес-алтыдан жүргендері жылқы, сиыр демей семізін шалмалап ұстап, ұстатпағанын атып жығып, дереу сойып жеп, таусылмаған етті жемтік болғызып тастап жүре береді. Өздері тіпті отқа таяса болды, шикілі-пысылы жейді екен. Киімдеріне, тіпті денесіне су тимеген. Баттасқан кірден көздері жылтырайды. Қасына таянсаң, қолаңса сасық иістен жүрегің айниды. Ауыл-ауылдың малын бір-біріне күштеп қосқандықтан мал екеш малдың өзі басқа үйірді жатсынып, маңыраған қой-ешкі, мөңіреген сиырдың зарлы үні онсыз да титықтап келе жатқан елдің жүйкесін тоздырды. Жол-жөнекей көшке ере алмаған төлдер далада қалып жатты. Осындай неше түрлі қиындықты бастан кешірген қайғылы көш Делуін мен Тұлбаның кең алқап, бел-белестерімен ойпат жазық­тарына сыйыспай сығылысып келеді. Нағыз жау айдаған көш осындай болатын шығар. Айдалған ел аңсағанын шөлге, арықтағанын жолға тастап қазіргі Өлгей қаласынан жиырма шақырым жердегі Сарыкөлге келіп жетті», деп жазады.

Бұл оқиға Қобда беті қазақтары үшін тағы бір «Ақтабан шұбырынды» бол­ға­ны анық. Оқиға мұнымен шектелмейді, айдалған ел көтеріліс жасап, Ресей же­ріне ауып барады. Бұл жайт патшалық Ре­сейдің назарын аударып, Думада мәселе болып көтеріледі. Тіпті қуғын көріп қыс­паққа түскен қазақтардың күйі ұлт ұс­тазы Ахмет Байтұрсынұлының құлағына жетіп, «Қазақ» газеті күллі алашқа үн тас­тап, бастама көтереді.