• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Әлем 07 Маусым, 2023

Бақыт іздеген Әмірлік

2559 рет
көрсетілді

Қазақстан экономикалық қарым-қатынаста көпқыр­лы саясатты ұстанады. Біздің мемлекет әлем­нің барлық елі­мен бірдей сауда-саттық, эконо­ми­калық байланысты нығай­туға мүдделі. Әсіресе көрші елдермен интеграциялық ықпал­дастық бүгінде жоғары деңгейге көтеріл­ген.

Соның ішінде Ислам әлеміндегі араб мемлекеттерінің арасында Біріккен Араб Әмірліктерімен жан-жақты байланыс орнап келеді. Оның жарқын бір мысалы биыл жыл басында Мемлекет басшысы осы елге іс-сапармен барып қайтты. Бұған қоса жақында Президент БАӘ билеушілерінің бірі шейх Сурур бен Мұхаммед Әл Нахаянмен кездесіп, Біріккен Әмірліктердің Қазақстан үшін стратегиялық маңызды дос мемлекет екенін баяндады. Бұдан қос мемлекет арасында достық рәуіштегі қарым-қатынастың жылдан-жылға күшейіп келе жатқанын байқау қиын емес. Ендеше, осынау араб елінің Қазақстанға үлгі боларлық қандай жақсы жақтарын айтуға болады? Ол әрине алдымен инвестициялық тартымдылығы мен экономикасы дер едік. Бірақ бұдан бөлек мақтауға тұрарлық бір ерекшелігін айтпай кетуге болмас...     

Ол қандай десек, әлемде турис­тер көп келетін өмір сапасы жоғары мемлекеттердің бірі Біріккен Араб Әмірліктерінде Бақыт министрлігі бар. Өзінің халқы мен тұрғылықты жұрттың жағдайын жасау осы Бақыт деп аталатын ведомство құзыретінде. Соңғы жылдары Араб Әмірліктері көз ілеспес жылдамдықпен дамы­ды. Ол елдегі жайлы тұрмыс пен бас­қа да әлеуметтік саладағы жеңіл­дік­­тер, әлеуметтік мәселелердің дер кезінде шешім тауып отыруы, жа­л­­пы адамдардың өзін бақытты сезі­ну Бақыт министрлігінің атқарған жұ­мыс­­тарының нәтижесі деп білген жөн.

Негізінде БАӘ өзінің саясатында бірінші орынға экономиканы қояды соның ішінде табыстың нақты әлеуметтік салаға шашау шықпай жұмсалуын көздейді. Сондықтан араб мемлекеті әрбір жеке адамның және тұтастай қоғамның бақыт пен шаттықта ешқандай қайғы көрмей өмір сүргенін қалайды. Сол үшін де мұнайдан, туризмнен, саудадан, өнеркәсіптен түскен бар табыс ха­лық­тың жағдайын жақсартуға бағыт­талады. Қоғамда ешкімді де бөліп-жармайды. Әмірліктерге турист болып немесе жұмыс, бизнеспен келген шетел азаматтары да осы топырақта өсіп-өнген араб халқы да бұл мемлекетте өзін керек адамдай сезінуге тиіс. Сол себепті аз уақыттың ішінде БАӘ дүние жүзінде әлеуметтік тұрмысы жоғары елдер қатарынан орын алып үлгерді. Тіпті осы көрсеткішімен туристерге және бизнес жасауда ыңғай­лы орта қалыптастырғаны үшін әлемнің төрт бұрышынан осы бір елді көруге асыққан адамдар саны күрт артты. Статистика бойынша 2017 жылы БАӘ араб мемлекеттері арасында ең бақытты халық ретінде бірінші орын, ал әлем бойынша 21 орын алған. Ал 2021 жылы, тіпті әлемдегі осы көрсеткіш бойынша алдыңғы қатарлы бес елдің бірі болуға ұмтылыпты.

Халықтың тұрмыс жағдайының көңілден шығатынын анықтау үшін әрбір азаматтан сауалнама түрінде сұхбат жүргізілген. Бұдан басқа да көрсеткіштер арқылы елдің әлеуметтік тұрмысы зерделенген. Олардың қатарында жан басына шаққандағы табыс, адамдардың орташа өмір сүру ұзақтығы, ойын еркін ашық айту, қоғам, үкімет тарапынан көрсетілетін қолдаулар және тағы басқа да сауалнамалар кірген.

Бақыт министрлігі арнайы бағдар­лама бойынша жұмыс істейді. Ол құжат Бақытты ету және өмірді жақ­сар­туға арналған ұлттық бағдарлама деп аталады. 2016 жылы бағдарламаға тілмен айтқанда БАӘ вице-президенті, үкімет басшысы, Дубай әкімі шейх Мұхаммед ибн Рошид Әли Мактум жетекшілік жасады.

Бағдарлама біраз әлеуметтік бастамалар мен қызметтерді және эконо­микалық бағыттағы өзгерістерді қам­ти­ды. Мұндағы мақсат жоғарыда айтылғандай, халықтың тұрмыстың әлеуметтік жағдайын экономикалық өсімді есепке ала отырып, барынша жақ­сартуға тырысу. Өз кезегінде атал­ған құжат негізгі үш бағыттан тұра­ды. Атап айтқанда, біріншіден, бақыт­қа кенелту мен өмірді жақсарту үкі­меттің басты мақсаты және негізгі стра­тегиялық жоспары саналады. Екін­­шіден, қоғамды бақытты ету жо­­лын­­д­а қызмет атқару мен нақты жүзеге асыру ешқашан мерзімінен айны­майды. Үшіншіден, халықтың өзін бақытты сезінуі үшін барлық тетіктер мен заманауи стандарттар қолданылады. 

Осыған байланысты аталған елде адам өзін қайткенде бақытты сезінеді деген тақырыпта түрлі ғылыми еңбек­тер мен оқулықтар көбейіп, халық соларды оқып, білімдерін арттырып, бай әрі бақытты болудың тәсілі мен мәдениетін терең зерттеп ұғынып келеді. Сонымен бірге жергілікті жұрт өзінің діннен бөлек ата-бабадан қалған әдет-ғұрпын өздерінің жағдайына, ыңғайына қарай бейімдеп алған. Яғни олардың түсінігінде адам өзін тек материалдық тұрғыдан ғана емес, рухани жағынан бақыттымын деп санау керек екен.

Ендеше, БАӘ тұрғындарына жай­машуақ көңіл, жанға жайлы өмір сыйлау үшін әмірліктерде осы жобаны жүзеге асыратын арнайы министрлік жанынан ұйым, мәжіліс алқалары құрылған. Былайша айтқанда, осы бағытта тұтастай институт жұмыс істейді. Сондай-ақ адамдардың көңіл күйін, шынайы тұрмысын біліп отыру мақсатында жыл сайын статистикалық зерттеулер жүргізіледі. Халық шынымен де бақытты ма деген сұраққа әр­бір тұрғыннан сауалнама арқылы жауап­­тар алынып, соған қарай кейін қоры­­тынды тұжырымдама жасалады. Содан кейін Үкіметтің барлық салалық ведомствосы оларға қарас­ты мекемелері халықты бақытты қылу жобасы аясында жұмыс істейді. Бүкіл қабылданатын бағдарламалар, бас­тамалар сол бағыттан қиыс кетпеу керек. Яғни мемлекетте жоғарыда атал­­ған жалғыз стратегиялық жос­пар бар. Қалған барлық құжат пен іс-шара­ соның төңірегінде қалып­тасады.

БАӘ үкіметі өмір сапасын жақсар­туға қатысты негізгі үш тетікті немесе қызметті қолданады. Оның бірін­шісі қоғамда «қой үстіне бозторғай жұ­мыртқалаған заман» орнатуға  жасай­тын талпынады. Олардың бұл бас­тамадағы ұран сөзі «Сені бақыт­ты ету үшін ант етеміз». Екінші қызмет­тегілер әлемдегі ең үлгілі қоғамды БАӘ-де қалыптастыру бағытында жұмыс істейді. Бірінші топ негізінен бақытты шақ тудырудың теориялық жолдарын зерттесе, екінші топ оның шынайы тәжірибеде іске асырады. Олардың ұраны сәйкесінше «Сені бақытты ету үшін қызмет атқарамыз». Үшінші топ Үкіметке адамдарды ба­қытты қылудың жолдарын ұсынып, арнайы жобаларымен атқарушы би­лік­тен қолдау тауып, сол бойынша халыққа сапалы қызмет көрсететін ұйымдар. Бұл топтың ұраны «Саған бақытты ету үшін көмектесеміз» екен.

2016 жылы бастау алған осынау жоба шеңберінде Үкімет тарапы­нан 60 атқарушы директор тағайындалып, олар арнайы оқудан, іс-тәжірибеден өтіп, бүгінде бағдарламаға сай қыз­мет­терін сәтті атқарып отыр. Және мұндай жоба әлемде әлі бірде-бір мемлекетте жоқ теңдессіз саналады. Осы ретте 2017 жылы БАӘ-де «Достардың бақытқа ұмтылысы» электронды платформасы іске қосылады. Оның басты мақсаты жоғарғы билік пен қарапайым халық арасын жалғайтын «алтын көпір» орнату. Сол жылы Әмірліктер университеті жанына Бақытты ету және өмірді жақсартуға арналған ұлт­тық бағдарлама шеңберінде Бақытты зерттеу орталығы ашылады. Аталған орталық қоғамда адамдарды не нәрсе бақытты ететінін зерттеумен және оны шынайы өмірде қолданысқа енгізу жолдарын қарастырумен айналысады. Ол тұтас Таяу Шығыстағы осындай жоғары үлгідегі зерттеу мекемесі болып есептеледі.

Жалпы, Қазақстан мен БАӘ ара­сын­дағы сауда-экономикалық байланыстар жылдан-жылға артып келе жатқанын жоғарыда айттық. Нақты сандарды сөйлетсек, былтыр екі ел ара­сындағы тауар айналымы 632 млн долларға жеткен. Бір ерекшелігі Қа­зақ­станның әмірліктерге экспорты 560 млн доллар, керісінше БАӘ-ден келе­тін импорт 72 млн доллар болып отыр. Ал соңғы он жыл ішінде бұл көрсет­кіш 4,4 млрд долларды құра­ған. Бүгінгі таңда Қазақстанда БАӘ инвес­торларының қатысуымен 5,6 млрд долларды құрайтын он шақты ірі жоба жүзеге асырылып жатыр.  Сонымен бірге биыл қос елдің іскер топ өкілдері елорда төрінде өтетін Халық­аралық Астана форумында бас қоспақ. Осынау маңызды іс-шара аясында әлемнің беделді халықаралық ұйым мен ел үкіметтерінің өкілдері жа­һан­дық климаттың өзгеруі, азық-түлік пен энергетика қауіпсіздігі бойынша мәселелерді талқылайтын болады.

 

ШЫМКЕНТ