• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 07 Маусым, 2023

Қызылорда облысы инвестиция тартудан алда тұр

294 рет
көрсетілді

Былтыр Қызылорда облысына 400 млрд теңгеден астам инвестиция тартылып, осы көрсеткіш бойынша өңір еліміздегі үздіктер қатарынан көрінді. Бұл туралы бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтып өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.

«Облыс 2023 жылдың 4 айы қорытындысымен әлеуметтік-экономикалық дамудың макрокөрсеткіштері бойынша оң динамикаға қол жеткізді. Ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 1,6, өңдеу өнеркәсібінің көлемі 1,9 пайызға, пайдалануға берілген тұрғын үйлер көлемі 2,4, сауда көлемі 2,5, инвестициялар тарту 42,1 және құрылыс жұмыстарының көлемі 44 пайызға артты. Бүгінде облыс бюджеті 593 млрд теңге болып тұр. Бұл былтырғы бюджеттен 53 пайызға артық. Бюджеттің 64 пайызы немесе 378,6 млрд. теңгесі әлеуметтік салаға бағытталған», деді Н.Нәлібаев.

Қордың сарқылуы салдарынан 2013 жылдан бері өңірде мұнай өндіру 6,5 млн тоннаға азайған. Қазір жаңа кен орындарын игеру үшін «Шу-Сарысу» бассейнінде геологиялық-геофизикалық зерттеу жұмыстары аяқталып, Арал бассейнінің «Батыс» және «Шығыс» бөлігінде жалғасуда.

Өңірде шикізатқа тәуелділікті азайту үшін экономиканы әртараптандыруға бағытталған жобаларды іске асыру жалғасады. Атап айтқанда, индустрияландыру аясында өңірде құны 607,7 млрд теңгені құрайтын 34 жоба жүзеге асырылуда. Бұл жобалар 6,3 мың адамды жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Жалпыұлттық бірыңғай жобалар пулы қалыптасып, оған құны 907 млрд. теңгеден асатын 36 жоба енгізілді. Өткен жылы құны 5,1 млрд теңге болатын 4 жоба іске қосылды. Биыл Сыр өңірінде құны 13,4 млрд теңгенің 9 жобасы жүзеге асырылады. Бұл өңірге инвестиция тарту қарқынын арттыруға мүмкіндік береді.