Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек қалада ауыз судың қысымы көтерілгенін жеткізді, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Кешеден бастап су қысымы көтерілгенін байқаған боларсыздар. Бұған дейін айтып өткенімдей, 2021 жылдан бастап Астана су қоймасынан су жеткізетін таратқыштың жаңа желісінің және сорғы стансасының құрылысы жүріп жатыр. Кеше сол су таратқышты іске қостық. Бұл желі үйлердегі ауыз судың тиісті қысымын және жүйенің тұрақтылығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», деп жазды әкім Facebook парақшасында.
Әкімнің айтуынша жаңа сорғы-сүзгі стансасының бірінші кезеңінің құрылысы маусым айының соңына дейін аяқталады. Нәтижесінде қаладағы су тапшылығы мәселесі түбегейлі шешілмек.
Құрылыстың екінші кезеңі тамыз айында аяқталады. Бұл алдағы 3-4 жылға жететін қосымша қысымды қамтамасыз етеді екен.
Сонымен қатар Нұра жерасты суынан тіршілік нәрін жеткізетін құбырды жобалау және Тельман массивіндегі сорғы стансасының қуатын кеңейту жұмысы аяқталуға жақын. Бұл жобалар Астананың алдағы уақытта ауыз сумен қамтамасыз ету үшін қосымша қуат беретінін елорда әкімі атап өтті.