Таиландтың Районг қаласында өтіп жатқан тас жолдағы велоспорттан Азия чемпионатының кезекті күнінде жерлесіміз Евгений Федоров жарыс жеңімпазы атанып, ел қоржынына алтын жүлде салды.
Былтыр Аустралиядағы 23 жасқа дейінгі велошабандоздар арасындағы әлем чемпионатында топ жарған Евгений биыл Азия біріншілігінде де алдына жан салмады. Отандасымыз 46 шақырымға жалғасқан жарыс жолын 53 минут 28 секундта жүріп өтіп, бас жүлдені иеленді. Күміс жүлде жерлесімізден екі минутқа қалып қойған тайбэйлік Серхио Туданға бұйырса, қола медаль моңғолиялық Саинбаярын Джамбалжамтстың еншісінде кетті.
Бұл – Қазақстан құрамасының Азия чемпионатындағы үшінші алтын медалі. Бұған дейін 23 жасқа дейінгі велошабандоздар арасындағы сайыста Андрей Ремхе мәре сызығын бірінші болып кессе, оның алдында жерлестеріміз аралас командалық сында (микс) үздік шыққан болатын. Әйелдер арасындағы бәсекеде Рината Сұлтанова қола жүлдеге ие болған еді.