Ел теннисінің болашағы саналған Заңғар Нұрланұлы Ереванда өткен 18 жасқа дейінгілер арасындағы «ITF Juniors J30 Tsaghadzor Golds’S Gym Cup 1» турнирінің абсолютті чемпионы атанды.
15 жастағы отандасымыз аталған жарыстың жекелей және жұптық сынында тамаша өнер көрсетті. Жекелей сайыстың финалында Заңғар осы жарыстың бірінші ракеткашысы, чехиялық Якуб Смычекпен шеберлік байқасып, екі сетке жалғасқан матчта қарсыласын 7:5, 6:1 есебімен тізе бүктірді.
Заңғар дода барысында Аустрия жасөспірімдер құрамасы көшбасшыларының бірі Максимилиан Хейдельмайермен аса тартысты кездесу өткізіп, үш сетке созылған матчта жерлесіміздің мерейі үстем болғанын айта кеткен жөн. З.Нұрланұлы Еревандағы турнирдің жұптық бәсекесінде дәл сол аустриялық М.Хейдельмайермен бірге жұп құрап, финалда ресейлік теннисшілер – Максим Колобов пен Родион Малмыгинді үш сетте жеңді – 6:7, 6:4, 10:6.
Бұл – Заңғар Нұрланұлының Халықаралық теннис федерациясы өткізген жарыста жекелей сындағы екінші титулы.