Олимпия ойындарының бағдарламасына енген спорт түрлерінің тарихына көз жүгіртер болсақ, көп спорт түрі Олимпиаданың ажырамас бөлігіне айналғанын байқаймыз. Солардың бірі – нысана көздеу спорты. 1896 жылы алғаш рет Афинада ұйымдастырылған Жазғы Олимпия ойындарының бағдарламасына енген сәттен бастап бүгінгі күнге дейін нысана көздеу спортынан жүлделер сарапқа салынып келеді. Тек 1904 және 1928 жылдардағы ойындарды есепке алмағанда.
Афинадағы алғашқы аламанда нысана көздеушілер бес бағдарлама бойынша сынға түссе, келесі жылы Парижде өтетін додада ерлер мен әйелдер тапанша, мылтық және стенд атуды қосқанда 15 бағдарлама бойынша кім мықтыны анықтайды. 1968 жылғы Мехикодағы жазғы Олимпия ойындарына дейін нысана көздеу жарыстарына тек ер спортшылар қатысып келген болса, 1968 жылдан бастап әйел спортшылар да бақ сынай бастады.
Парижге 340 мерген барады
Париж Олимпиадасының бағдарламасына байланысты Елисей алабындағы бәсекелерде 340 спортшы (170 еркек, 170 әйел) өнер көрсетеді. Ал осыдан екі жыл бұрын ұйымдастырылған Токио Олимпиадасына 360 спортшы қатысқан болатын.
Өзге спорт түрлеріне қарағанда нысана көздеуде Олимпиада жолдамалары жекелеген спортшыға емес, елдерге беріледі. Сонымен қатар спортшылар Олимпиадаға қатысу үшін Халықаралық Олимпиада комитетінің (ХОК) мынадай талаптарына сай келуі керек.
Ең алдымен, барлық спортшы Олимпиада жарғысын және басқа да өзекті ережелерді сақтауға тиіс. Сонымен қатар нысана көздеушілер олимпиадалық рейтингке қосылып, Олимпиадаға қатысуды жоспарлап отырған жарысы бойынша кем дегенде бір ұпай жинауы және Халықаралық нысана көздеу федерациясының (ISSF) қолдауымен өткен кем дегенде екі іріктеу жарысына қатысуы керек. Ал нысана көздеу спортынан іріктеу жарыстары 2022 жылдың 14 тамызында басталып, 2024 жылдың 9 мау- сымында мәресіне жетеді. Осы уақыт аралығында спортшылар әлем чемпионаттары, халықаралық жарыстар, құрлық біріншіліктеріне қатысып, ұпай жинайды.
Жолдамалар қалай бөлінеді?
Бұған дейін жазғанымыздай, Франция Олимпия ойындарын қабылдаушы мемлекет болған соң «үш жолақты» елдің спортшылары өз еліндегі бәсекелерге іріктеусіз қатысады. Яғни қазірдің өзінде франциялық спортшылардың еншісінде 12 жолдама бар. Олар әр жекелеген бағдарлама бойынша екі адамнан (ер және әйел) қатыса алады. Дегенмен бұл – әзірге тек қағаз жүзіндегі ғана жолдама. Іріктеу кезеңдері аяқталған соң ХОК Франция спортшыларының жоғарыдағы талаптарға сай келетін тексергеннен кейін ғана Олимпиадаға қатысуға рұқсат береді. Егер талаптарға сәйкес келмесе, жолдама өзге елдің спортшыларына бұйырады.
Сонымен қатар тағы 16 жолдама (әр жынысқа 8 жолдамадан) іріктеу кезеңі аяқталғаннан кейін үшжақты комиссияның шешімімен ең үздік нәтиже көрсеткен Ұлттық Олимпиада комитеттеріне (ҰОК) бөліп беріледі.
Ал қалған 312 жолдама (әйелдер мен ерлердің әрқайсысына 156 жолдамадан) жоғарыда айтқандай 2022 жылдың 14 тамызы мен 2024 жылдың 9 маусымы аралығындағы іріктеу сайыстарына қатысқан спортшыларға таратылады. Әр ҰОК ең көп дегенде 24 жолдама (әйелдер мен ерлердің әрқайсысына 12 жолдамадан) иелік ете алады.
Нысана көздеудің әр бағдарламасы бойынша (олар: пневматикалық мылтықпен оқ ату (10 метр, әйелдер, ерлер, аралас команда), мылтықпен үш қалыптан ату (50 метр, әйелдер, ерлер), пневматикалық тапанша (10 метр, әйелдер, ерлер, аралас команда), тапанша (25 метр, әйелдер), тез ататын тапанша (25 метр, ерлер), трап (әйелдер және ерлер) және стенд ату (әйелдер, ерлер, аралас команда) әр ҰОК ең көп дегенде екі спортшы, ал командалық сайыста екі команда қатыстыра алады.
Жекелей сайыстар іріктеу кезеңі мен финалдан тұрады. Финалда ең жоғары орынға ие болған спортшылар өздерінің Ұлттық Олимпиада комитетіне бір жолдама алып береді. Егер ISSF аясындағы іріктеу жарыстарына жолдамаға қол жеткізіп қойған спортшы қатысып, жоғары орындарға ие болса, онда Олимпиада квотасы кейінгі орында тұрған спортшының еліне беріледі. Сондай-ақ ҰОК сол бағдарлама бойынша мүмкін болған барлық жолдаманы алып қойған болса, квотаны келесі орындағы спортшының ҰОК-і иеленеді.
Спортшылардың қорытынды рейтингі 2024 жылдың 9 маусымында жарияланатынын жоғарыда айттық. Егер спортшы рейтингте жоғары орында тұрып, бірақ жолдама иелене алмаған болса, ХОК әр елдің жолдамаларын қарап шығып, әр бағдарлама бойынша толық олимпиадалық жолдаманы иеленбеген елдің өкілдеріне береді. Мысалы, пневматикалық мылтықпен оқ ату бағдарламасында еліміздің бір спортшысы рейтингте жоғары орында тұрып, бірақ сол бағдарламада біздің құрамада бір ғана жолдама болса, жоғарыда ереже бойынша автоматты түрде екінші квота ретінде Қазақстанға тағы бір жолдама беріледі.
Ал аралас командалық сайыстарға тек іріктеу бәсекелерінде өнер көрсетіп, ұпай жинаған спортшылар ғана қатыса алады.
Нысана көздеу бойынша олимпиадалық іріктеу жарыстары:
21 маусым – 2 шілде: Еуропа ойындары – 2023, Польша
14-31 тамыз: Әлем чемпионаты, Әзербайжан
25 шілде – 6 тамыз: Еуропа чемпионаты, Аустрия
1-10 қазан: Африка чемпионаты, Мысыр
Қазан: Панамерикан ойындары – 2023, Чили.
Қазан: Азия чемпионаты, Оңтүстік Корея.
Ақпан – наурыз 2024: Еуропа чемпионаты, Мажарстан.
Ақпан 2024: Стенд атудан Азия чемпионаты (өтетін жері белгісіз).
Наурыз 2024: Тапанша мен мылтық атудан Азия чемпионаты (өтетін жері белгісіз).
Сәуір – мамыр 2024: Еуропалық іріктеу турнирі (өтетін жері белгісіз).
Сәуір – мамыр 2024: Стенд атудан Еуропа чемпионаты (өтетін жері белгісіз).
CAT XIV Чемпионаты 2024, Лима, Перу