Төтеннен тұтанған өрттің де, айтпай келетін апаттың да үлкен-кішісі болмайды. Қай-қайсысы да қауіпті, қай-қайсысы да залалға толы. Бір өкініштісі, орны толмас орасан апат кезінде адам шығыны да болып жатады. Сегіз күннен бері елді сергелдеңге салған апат алдыңғысына қарағанда әлдеқайда ауқымды. Жалын жайпаған жер көлемі өткен жолғы өрттен 20 есеге үлкейіп, жайылып кеткен. Сонымен, салғырттықтың салдарынан Семей өңіріндегі 60 мың гектардан астам орман алқабы бір-ақ сәтте күлге айналды. Ресми дерек бойынша «Семей орманы» резерватының жалпы аумағы 650 мың гектардан асады. Міне, соның оннан бірін от шарпыды. Тілсіз жаудың кесірінен 200 адам Семей қаласындағы жатақханаларды паналауға мәжбүр болды.
Қатарынан болған қос өрт
Осы жағдайларды елеп-екшеген Мемлекет басшысы Абай облысындағы алапат өртке байланысты 11-13 маусым күндері Вьетнамға жоспарлаған ресми сапарын кейінге шегерді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жан түршіктірген жағдаймен жіті танысу үшін және шұғыл әрекет ету штабының отырысын өткізіп, өрт кезінде қаза тапқан орман шаруашылығы қызметкерлерінің туыстарымен кездесуге Абай өңіріне жұмыс сапарымен келді.
Жарты айға жетер-жетпес уақыт бұрын ғана Абай облысы Бородулиха ауданында 3 мың гектар алқапты жалмаған өрт жан-жақтан шақырылған шұғыл көмектің күшімен әрең сөндірілген еді. Бұл өрттің әуел баста Ресейдің Алтай аймағынан бері өтіп кеткендігі жайында бірсыпыра айтылып та жазылып та жатты. Соның кесірінен қаншама ағашты өрт шалды, арасында өсіп-өнген тіршілік атаулыға қаншама залал келді. Аудан-ауыл тұрғындарының әуре-сарсаңы өз алдына бөлек әңгіме. Қаншама қызметкер өмір мен өлімнің арасында жанталасып, қызыл жалынды өшіруге күш жұмылдырды.
Алайда араға аз күн салып, өткен аптаның жұмасында кешкісін Бородулиха ауданының үш ауылында қызыл жалын қайта тұтанды. Сонда алдыңғы апат сабақ болмаған ба? Сақтық шаралары неге күшейтілмеді? Күн райының кесірінен десек, ол неге ескерілмеді? Әлде тілсіз жаудың тасасында әлдеқандай өрт тұтатушы топ тұр ма? 14 адамның өмірін жалмаған алапат орман өртінен кейін осындай сауалдар еріксіз ойға оралады екен...
Қабырға қайыстырған ауыр қайғы
Ел аумағының түкпір-түкпірінен өрт сөндіру техникалары, құрылымдық күштер үсті-үстіне келіп жетсе де апат ауыздықталмай жатыр. Оқыс оқиға салдарынан орны толмас ауыр қаза да орын алды. Жалынмен арпалысқан «Семей орманы» резерватының 14 қызметкері тілсіз жаумен айқасып жүріп ажал құшты.
Олар:
Мейрамгүл Құсайынқызы Жиенбаева (33 жаста) – «Семей орманы» МОТР» РММ Новошульба филиалы Успенка орманшылығының басшысы; Серікжан Бақытбекұлы Тоқтасын (27 жаста) – «Семей орманы» МОТР» РММ Новошульба филиалының инженері; Амангелді Спатайұлы Дүйсембаев (58 жаста) – «Семей орманы» МОТР» РММ Новошульба филиалының көлік жүргізушісі; Алексей Григорьевич Губаев (30 жаста) – «Семей орманы» МОТР» РММ Новошульба филиалы Успенка орманшылығының орман шебері – мемлекеттік инспекторы; Максим Владимирович Фоминых (25 жаста) – «Семей орманы» МОТР» РММ Новошульба филиалы Успенка орманшылығының аумақты қорғау бойынша инспекторы – мемлекеттік инспекторы; Саят Нұржанұлы Нұржігітов (50 жаста) – «Семей орманы» МОТР» РММ Новошульба филиалы Успенка орманшылығының аумақты қорғау бойынша инспекторы – мемлекеттік инспекторы; Константин Сергеевич Начинёнов (40 жаста) – «Семей орманы» МОТР» РММ Новошульба филиалы Успенка орманшылығының аумақты қорғау бойынша инспекторы – мемлекеттік инспекторы; Виктор Александрович Сидорин (63 жаста) – «Семей орманы» МОТР» РММ Новошульба филиалы Успенка орманшылығының аумақты қорғау бойынша инспекторы – мемлекеттік инспекторы; Александр Викторович Сидорин (39 жаста) – «Семей орманы» МОТР» РММ Новошульба филиалы Успенка орманшылығының аумақты қорғау бойынша инспекторы – мемлекеттік инспекторы; Николай Иванович Пузырев (54 жаста) – «Семей орманы» МОТР» РММ Новошульба филиалы орталық орманшылығының көлік жүргізушісі; Сергей Николаевич Пузырев (30 жаста) – «Семей орманы» МОТР» РММ Новошульба филиалы орталық орманшылығының орман өрт сөндірушісі; Петр Александрович Гражданкин (51 жаста) – «Семей орманы» РММ Новошульба филиалы Успен орманшылығының орман өрт сөндірушісі; Александр Викторович Дарибаев (48 жаста) – «Семей орманы» МОТР» РММ Новошульба филиалы Жерновка орманшылығының тракторшысы – машинисі; Даниил Евгеньевич Ганьшин (41 жаста) – «Семей орманы» МОТР» РММ Новошульба филиалы орталық орманшылығының көлік жүргізушісі;Өрт фактісі бойынша Қылмыстық кодексінің 292-бабының 3-бөлігі («Абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу») бойынша сотқа дейінгі тергеу басталғаны белгілі болып отыр.
– Біз орманшылардың отбасыларында, Успенка, Боровлянка ауылдарында болдық. Жағдайды сөзбен жеткізу өте ауыр. Қара жамылған әр отбасына кірген сайын жаның күйзеліп шығады. Мен де баламның мезгілсіз өмірден өткенін бастан өткерген жанмын. «Қайғыларыңызға ортақпын» деп барлығына айтып шығудың өзі қандай екенін түсінетін боларсыз. Жүрегің қан жылайды. Қазақта «қайғыны бөліссең азаяды» деген сөз бар ғой. Басқа не дей аламыз?.. Әсіресе болашағын енді ғана бастаған Серікжанның қазаға ұшырағанын естігенде, көзіме еріксіз жас келді. Дәл сол күні (8 маусым) түс уақытында жиналыс өткізген едік. Сонда орнынан тұрып, интернет байланысының сапасы нашар екенін айтты. Менің бұл саладағы министр келгенін, меморандум жасалғанын айтқан едім. Ол «Мен ауылда қалғым келеді. Осында жұмыс істей берсем деймін» деді. Семейге шығып бара жатқанымда, қоңырау шалып, жаныма келді. Көңілінде сондай ризашылық бар. Қаза болғандардың арасында оның да бар екенін естіген сәттен ауыр күйзелісті бастан кештім, – дейді Абай облыстық мәслихатының хатшысы Қуаныш Сүлейменов.
Алапатпен айқасқандар
Қазір жалын шарпыған аймақта барлық сала қызметкерлері барын салып күресіп жатыр. Төтеннен тұтанған тілсіз жауды тізгіндеуге Төтенше жағдайлар министрлігінен, Орман шаруашылығы комитетінен, Қорғаныс министрлігінен 1500-ге жуық адам, 300-ге жуық техника және 11 тікұшақ жұмылдырылды. Өрт ошақтарына әуеден 486 рет 1000 тоннаға жуық су қоры шашылады.
Алматы қаласы Алматы облысы төтенше жағдайлар департаменттері жіберген күштер мен құралдар, Қарағанды және Алматы облыстарының ТЖМ әскери бөлімдерінің әскери қызметкерлері өртті сөндіруге кірісті. Арнайы жіберілген жылжымалы басқару пункті өз функциясын атқарып жатыр.
Аталған министрлікке қарасты апаттар медицинасы орталығының бригадасы қажет болған жағдайда шұғыл медициналық көмек көрсетуге дайын тұр.
Анығында, алапат өрт резерваттың 5 бөлігіне жайылған. Қазір үшеуінде жағдай тұрақталды. Енді 2 алқап ерекше бақылауға алынды. Елді мекендерге төніп тұрған айтарлықтай қауіп жоқ. Мамандар ауа райы жағдайды ушықтырмаса, бірер күнде отты толық ауыздықтаймыз деп отыр. Бірақ кеше жел тұрып, бықсып жатқан шоқтар қайта тұтанды. Ал бүгін секундына 20 метрге дейін жел соғады деген болжам бар. Не де болса, жақсылықтан үміт етейік...
Оқиға неге қайталанды?
Осыдан он күн бұрын Ресейдің Алтай аймағынан Бородулиха жеріне өтіп кеткенде өрт 3 мың гектар алқапты шарпып өткені белгілі. Сол кезде өрт толық сөндірілмеуі мүмкін екені туралы да болжамдар айтылып жатыр.
Кейінгі өрт 8 маусым күні басталып кеткенде, Семейде Абай облысының бір жылдығын атап өту іс-шаралары да қатар өтіп жатыр еді. Облыс әкімдігі Telegram каналында 9 маусымда ғана ақпарат таратып, Бородулиха ауылындағы орта мектептің және колледждің базасында эвакуациялык пункттер ашылғанын мәлімдеді. Өрт қаупі төнген Успенское, Поднебесное және Барышевка ауылының тұрғындары өз бетінше туыстарының үйін паналауға мәжбүр болған.
– 8 маусым күні сағат 12:03-те Семейден 25 шақырым жердегі Батпаев орман шаруашылығының 66 кварталында өрт шыққаны туралы хабар түсті. Өрт екі рет найзағай түсуі салдарынан шыққан. Өртті тез арада өшіру мүмкін болмады. Себебі «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватының техникасы биік құм төбелері орналасқан аймаққа жете алмады. Өрт орман шаруашылығы орналасқан жерден 11 шақырымда болып, техника жеткенше 20 гектар орман өртке оранды. Жоғары температура мен қатты жел де тілсіз жауды күшейтіп, алғашқы 2 сағаттың өзінде 200 гектарды өрт шалды, – дейді облыс әкімінің орынбасары Д. Гариков.
Қалай десек те бейбіт күнде 14 орманшының өмірін қиған оқиғаның түбінде салғырттық тұрғаны анық. Бірінші кезекте жаз маусымы басталғаннан өрт шығуы мүмкін аймақтарда өрт сөндіру техникалары сақадай сай тұруы керек-тін. Оның үстіне лаулаған жалыннан енді ғана көзін ашқан Бородулиха ауданының жері негізінен орманды алқапқа жататындықтан, барлық мүмкіндікті жергілікті атқарушы билік жіті назарға алуға тиіс еді. Тілсіз жаумен алғашқы айқасқа орманшылардың түсуінің өзі түрлі ойға жетелейді.
Апат алдын ала анықталса...
Жыл сайын республика көлемінде 1000-ға жуық орман және дала өрті тіркеледі екен. Сонымен қатар халыққа, меншікке және табиғатқа қауіп төндіретін 4000 табиғи өрт және қосылады.
Абай облысындағы төтенше жағдайға байланысты шұғыл кеңес өткізген Үкімет өртті ерте анықтау жүйесін енгізу жайын талқылады. Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Әлихан Смайылов табиғи саябақтар мен қорықтарда өртті ерте анықтау жүйесін белсенді түрде енгізуді тапсырды.
Алайда Төтенше жағдайлар министрлігінде көрсетілгендей, бұл жүйені орнату өте баяу жүргізілуде. Нәтижесінде, жағдай кеш анықталып, соның кесірінен өртті ұзақ сөндіруге тура келеді.
Биылғы жылдың өрт қауіпті кезеңі басталғаннан бері ғана Қазақстанда 130-дан аса табиғи өрт тіркелді, өрт аумағы 20 мың гектардан аса жерді шарпыды.
Әзірге анықтау жүйесі Бурабай ұлттық табиғи паркі аумағында және «Семей орманы» МҰТП он филиалының бірінде ғана бар. Төтенше жағдайлар министрлігі бұл жүйелер түтін ошақтары мен өрттерді бастапқы кезеңде анықтауда өзінің тиімділігін көрсетті деп сендіреді. Соңғы жүргізілген есептерге сәйкес, осындай жүйелерді орнату есебінен өрт аумағының 3 есеге (2023 ж. – 2,3 га, 2022 ж. – 1,3 га, 2021 ж. – 20,5 га) қысқару динамикасы байқалған.
Биылғы жылы Көкшетау, Ертіс орманы МҰТП жалпы құны 4 млрд теңгеге осындай жүйе орнатылмақ.
Ел көмегі – есепсіз
Семей өңіріне түскен сынақ – бұл бүкіл елдің басына түскен ауыртпашылық. Әлеуметтік желілерде қолдан келгенше көмек береміз деген ел азаматтарының қатары артты. Қай кезде де қолұшын созып, жәрдем беруге асығатын ерікті волонтерлер тобы бұл жолы да оқиға орнынан табылды. Су, тамақ, медициналық дәрі-дәрмек жинастырып, жеткізуге атсалысуда. Ал кейбір жекелеген компаниялар өз жәрдемдерін жариялай бастады. Мәселен, Halyk Bank Абай облысында өрттен қаза тапқан орман шаруашылығы қызметкерлерінің отбасыларына қаржылай көмек көрсетеді, деп хабарлайды банктің баспасөз қызметі.
Банк басшылығы марқұмдардың жақындарына көңіл айта отырып, «Абай облысында өртті сөндіру кезінде қаза тапқандардың отбасыларына Halyk Bank-тен 3 миллион теңгеден беріледі. Сонымен қатар өрттен қаза тапқан азаматтардың және олардың отбасы мүшелерінің Halyk Bank-тегі несиелері есептен шығарылады», деп хабарлама жасады.
Ал «Қазцинк» компаниясы қайғылы жағдайға душар болған әрбір орман шаруашылығы қызметкерлерінің отбасына 1 млн теңгеден көмек беруді ұйғарды.
Қанша отбасына қайғы алып келген қызыл жалын әлі де жалғасып жатыр...
Абай облысындағы қайғылы жағдайға байланысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 12 маусымды Ұлттық аза тұту күні деп жариялады.
Абай облысы