Аргентинада жалауы желбіреген 20 жасқа дейінгі футболшылар арасындағы әлем чемпионатында Уругвай құрамасының жас футболшылары жеңіске жетті.
Аргентинаның Ла-Плата қаласында орналасқан Марадона атындағы стадионда өткен финалдық бәсекеде Уругвай жастары Италия футболшыларымен кездесіп, 1:0 есебімен жеңіске жетті. Оңтүстікамерикалық құрамаға жеңіс сыйлаған жалғыз голды ойынның 86-минутында Лусиано Родригес соқты. Осылайша, Уругвай өз тарихында алғаш рет жастар арасындағы әлем чемпионатында топ жарды. Мұның алдында олар екі рет (1997 және 2013 жылдары) күміс, бір мәрте (1979) қола жүлдегер атанған болатын.
Ал үшінші орын үшін өткен бәсекеде Израиль құрамасының мерейі үстем болды. Олар қола жүлде үшін болған матчта Оңтүстік Корея жастарын 3:1 есебімен тізе бүктірді.