Өрт – аса қатерлі тілсіз жау. Қай кезде де бұл құбылысқа бейқам қарауға болмайды. Өрт, су сынды айтып келмейтін апаттардан алдын ала сақтану, оған тас түйін дайын болу – күн тәртібіндегі маңызды мәселенің бірі. Осындай қамсыздықтың салдарынан елімізде орны толмас қайғылы оқиға орын алды. Абай облысындағы орман өрті кезінде табиғатқа, қоршаған ортаға, ел экономикасына келтірілген залал, шығын өз алдына, адам өліміне жол берілді. Өртпен күрес кезінде 14 адам тілсіз жаудың құрбаны болды.
Жаз маусымы басталысымен, күннің күрт ысуына байланысты табиғи өрттің орын алу қаупі жиіледі. Биылғы маусым аңқа кептірген аптап ыстықпен басталды. Еліміздің көптеген аумағында дерлік әлі күнге күн күркіреген жоқ, осы мезгілге тән қалыпты жауын-шашын да жаумай тұр. Осындай аптап ыстық пен қуаңшылық кезеңінде дала төсіндегі, ормандардағы өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтаудың маңызы өте зор. Өрттің басым көпшілігі шөп, көк мол шабындық, жайылым жерлерге, орман алаптарына көршілес орналасқан шаруа қожалықтары және ауыл шаруашылығы ұйымдарына тиесілі шабындықтарда жүріп жатқан жұмыстар кезінде техникалардан шыққан ұшқын, далада от тұтату, түрлі қалдықтарды жағу салдарынан басталады. Сондай-ақ табиғат аясында демалушылар мен тұрғындардың өрт қауіпсіздігін сақтамауы да орны толмас қайғылы оқиғаларға алып келіп жатады. Адамдардың алаңғасарлығы, немқұрайдылығы, мәдениетсіздігі – ойланбай тасталған темекі тұқылы, сөнбей қалған от – осының барлығы табиғи өрттердің шығуының негізгі себептері болып келеді.
Күн күйіп, үстіне ыстық жел ұрып тұрғанда өрттің өршитіні бесенеден белгілі. Онсыз да сусап, қаңсып тұрған ағаш, шөп, өсімдіктің әп сәтте тұтануына далада жатқан шыны, сынық әйнектердің қызуы, жол бойында автокөліктерден жауапсыз лақтырылған өшірілмеген темекі тұқылдары, найзағай, шөп ору жұмыстарына қатыстырылатын тракторлар мен агрегаттардың жарамды шоқ өшіргішпен жабдықталмауы себеп болып жатады.
Өрт апатының артында адам тағдыры тұр. Қас-қағым сәтте қалың орманның өзін күлге айналдырып жіберуге бар өрттің «құдіретін» міне, көріп отырмыз. Қаншама жан мезгілсіз қаза болды, қаншама жас қыршынынан қиылды, қаншама отбасы азаматынан, асыраушысынан айрылды?! Ең өкініштісі, осындай төтенше жағдайға тағы да жеткілікті дәрежеде дайын болмағанымыз. Өрт сөндірушілер қызыл жалынмен қаншалықты арпалысқандарымен, оны жылдам, барынша шығынсыз ауыздықтауға күштері жетпеді. Бұл бағыттағы жұмыстардың кәсіптік деңгейде, оралымды ұйымдастырылмайтындығы, жүйесіз жүргізілетіні анық байқалды.
Жиі, жыл сайын қайталанатын осы келеңсіздіктің негізгі себеп-салдарлары жөнінде «Астана қаласы Төтенше жағдайлар органдары ардагерлерінің қазақстандық ұйымы» федералдық қоғамдық ұйымының төрағасы Қанатбек Әденов былайша әңгімелейді:
– Менің төтенше жағдайлар қызметінен зейнет демалысына шыққаныма жиырма жылға жуықтады. Демалыста жүрсек те сүйікті кәсібімізден қол үзген жоқпыз. Осы саланың білгірі ретінде ардагерлер кеңесінің қызметіне тартылғанбыз. Ұзақ жылғы іс-тәжірибемізбен кейінгі буын өкілдерімен бөлісіп отырамыз. Қоғам үшін аса маңызды осы саланың қалыптасуы мен дамуына қал-қадерімізше әлі де болса үлес қосып келеміз.
Төтенше жағдайлар, оның ішінде өрт сөндіру қызметі соңғы жылдары материалдық-техникалық тұрғыда қатты дамыды, озық үлгілі құрал-жабдықтармен, қондырғылармен көптеп жарақтандырылды. Кез келген тосын жағдайларға сақадай-сай дайын. Оның есесіне, соңғы жылдары түрлі өрт жағдайы жиі болып, соның салдарынан адамдық, материалдық шығындар орын алуда. Оның түрлі себептері бар. Ең бастылары – елімізде қазірде адам саны, мал басы, автокөлік түрлері еселеп артты. Сан алуан ірі кәсіпорындар, кен орындары пайда болды. Айнала – қайнаған тірлік, қызу еңбек. Барлық аумақтарда құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Құрылыс ғимараттары, адамдар көп шоғырланатын орындар көптеп салынуда.
Міне, осындай қоғам өмірі күрт дамып жатқан жағдайда, оның үстіне климаттың өзгеруіне байланысты өрт оқиғалары көп тіркелуде. Әдетте, өртті ескерту, өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтамау, ұқыпсыздық салдарынан өрт шығады. Өрттің алдын алу, сөндіру кезіндегі барлық келеңсіздіктерге тек төтенше жағдайлар қызметін кінәлай беруге болмайды. Бұл жерде төтенше жағдайлар қызметімен қатар ішкі істер департаменті, газ, су, электр мамандары, барша бұқара жұмылдырылуға тиіс. Сонда ғана өрттің зиян, шығындары азаяды. Былтыр осындай оқиға Қостанай облысында болғаны белгілі. Содан дұрыс қорытынды шығармағанымыз өкінішті. Алдағы уақытта қауіпсіздік, алдын алу шараларын барынша күшейту керек. Өрт қауіпті аймақтарды аралап, барлап отыру үшін, сондай-ақ өрт сөндіруге пайдалану үшін осы мақсатқа арналған тікұшақтар санын арттырса жөн болар еді. Елдің орман-дала аймағындағы өрт қауіптілігіне әдетте табиғи климаттық жағдайлар мен халықтың өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзуы үлкен әсер етеді, осы орайда өрттің алдын алу және оны сөндіру бойынша уақтылы шараларды бірлесіп қабылдау керек.
Өрт – тілсіз апат. Айтып келмейді, оның қай уақытта орын алатынын ешкім де болжап біле алмайды. Онымен күресудің ең дұрыс жолы – өрт қауіпсіздігі шараларын қатаң сақтау. Олардың негізгілері мыналар: жазғы маусымда құрғақ, ыстық және желдi ауа райында ауылдық елдi мекендерде, саяжайда, бақшалық учаскелерде от жағуға, өрт қауіпті жұмыстарды жүргiзуге жол берiлмегені жөн; елді мекендер мен ұйымдардың аумақтары, ашық қоймалар мен құрылыстардың, ғимараттардың өртке қарсы қашықтығы сақталуға тиіс, сондай-ақ тұрғын үйге, саяжайға және басқа да құрылыстарға жақын учаскелер жанармай қалдықтарынан, қоқыстан, құрғақ шөптерден, жапырақтардан дер кезінде тазартылып тұруы қажет, темекі тұқылын және жанып жатқан отты мұқият өшіру керек, т.с.с.
Өрттің шығу себебін анықтау емес, қызыл жалынмен күресетін құтқарушылардың қызметін бағамдау біраз жайдың басын ашып бергендей. Біздің өрт сөндірушілердің тілсіз жауды ауыздықтауға соншалықты дайын еместігі, ұзақ уақыт жұмсайтындығы алаңдатады. Мұндай салғырттықпен, жайбасарлықпен, жүйесіздікпен өрттен келетін шығынның көлемі арта түспесе, кемімейтіні сөзсіз.
Жалпы өртке қатысты статистикалық деректер көңіл көншітерліктей емес. Ал өрт – адамның өмірі мен денсаулығына, қоғамға залалын тигізетін, қоршаған ортаға ауқымды материалдық зиян келтіретін орасан апат. Өрт жылдың төрт мезгілінде де бола беруі мүмкін. Сондықтан Төтенше жағдайлар жөніндегі департамент пен өрт сөндірушілердің жауапкершілігі мол болуы, кәсіптік шеберліктерін ұдайы шыңдап отыруы міндет. Оған қоса, тұрғындар да өртке қарсы қауіпсіздік шараларын білгені, сақтағаны жөн.