• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Мәдениет 13 Маусым, 2023

Тәлімі терең туынды

2028 рет
көрсетілді

Отан отбасынан басталса, ал отбасы – баладан, саналы ұрпақ тәрбиеден тамыр алады. Себебі елдің ертеңі еркін ойлы, тәрбиелі жастың қолында. Дәл осы мақсатты мұрат тұтқан «Замандас» отбасылық аула клубының театр студиясындағы балалар мен оқытушылар елордалық көрермендер назарына «Алтын өлке аңызы» ертегісінің премьерасын ұсынды.

Ата-аналардың назарын от­басылық құндылықтарға аудару, балалар мүддесін, олардың таң­дауы мен тілектерін құрметтеуге ша­қыруды мақсат тұтқан қойы­лым­ның негізгі өзегі – отбасын­дағы ахуал баланың жан-жақ­ты қалыптасуына әсер ететінін, табиғатпен үйлесімде болуы көк­жиегін кеңейтетінін көрсету.

Ертегінің басты кейіпкері – Қа­рагөз есімді қыз. Оның бо­лашақты болжай алатын қасиеті бар. Ерекше қыздың айрық­ша қабілетін қабылдай алма­ған айналасы одан безінеді. Тіпті қар­шадай қыз туған ауылынан қуылады. Отбасынан алшақ­тап, ауыл тұрғындарынан зәбір көр­ген Қарагөз енді кек алуға бел буа­ды. Осылайша, ол қаһарлы сиқыр­шы­ға айналады. Алайда махаббат пен ізгілік Қарагөзді ғана емес, ауылдағы барлық баланы қасаң қағидалар қамытынан құтқара­ды. Қазақ мифологиясының өзегі­нен нәр алған қойылымның жас жеткіншектер ғана емес, олардың ата-анасына да айтары көп.

«Педагогика саласында 25 жыл­­­дан аса тәжірибем болса да, бұл қойылымды дайындау оңай бол­ған жоқ. Балалар кәсіби актер бол­мағаннан кейін сахналық әр детальмен тәтпіштей жұмыс істеу­ге тура келді. Түрлі тәжірибе­ге бардық. Нәтижесінде, ізденісі­міз балаларға ұнады. Көздерін­­де жанған жалын, сахналық өнер­­ге деген құштарлық алдымыз­дан кездескен барлық қиындық­ты еңсеруге көмектесті. Тамаша ша­быт сыйлады. Жалпы, біз бұл шы­ғарманы бекер алған жоқпыз. «Алтын өлке аңызы» ертегісі ар­қылы ең әуелі ата-ана­ларға ой сал­ғымыз келді. Бала­ларымен қа­рым-қатынаста жібе­ріп жата­тын көптеген қателік пен кем­шілікті түзеуге сеп болсын дедік. Өздеріңіз куә болғандай, қойылымдағы Қарагөз есімді қыздың ерекше қабілетін, өзге­лер­ден ерекше мінезін айналасы қабылдаған жоқ. Соның сал­дарынан Қарагөз ауылдан қуы­лады. Бұл оны ашындырады да, қайырымды Қарагөз жауыз Жез­тырнаққа айналады. Оны қа­тыгез­діктен құтқарған туған хал­қы­­ның әні. Әннен қуат алған Қара­гөз баяғы қалпына оралады. Міне, осы оқиға арқылы біз кез кел­ген баланың ерекше қабілеті, мінезі болатынын көреміз. Соны әр ата-ана сол қалпында қабылдай білу­ге тиіс. Өзінің таным-түсінігіне икем­деуге тырысу, көппен бірдей ойлауға баулу баланың балғын санасында қарсылық тудырады. Ондай қарсылық тіпті кейде қа­тыгездікке да ауысуы мүмкін. Сол себепті де баланың табиғатын, болмысын өзгертуге ұмтылмай, ке­рісінше сол қалпында қабыл­дай білген жөн. Осы жағына абай ­болу керек дегенді айтқымыз кел­ді. Сол негізде ой салуға ұмтыл­дық», дей­ді қойылым режиссері Ләззат Сүлейменова.

«Самұрық-Қазына» ком­­­па­­­ниялар тобының бірың­ғай қа­­йы­рымдылық операторы «Sam­ruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жо­ба­ларды дамыту қо­рының де­меу­шілігімен кө­рер­менге жол тарт­қан ертегіні сах­налауға «Заман­дас» отбасылық аула клубының 80-ге жуық тәр­бие­ленушісі, оның ішін­де жас актерлер, домбырашылар мен биші­лер қатысты.

«Бүгін біз әдемі аңызға қа­ны­­ғып, керемет ертегіні тама­шала­дық. Сонымен қатар сахнаның сә­ніне айналған балаларымыз­­дың жұлдызы жанғанына куә бол­дық. Біздің балаларымыз талантты ­әрі шынайы өнер көрсетті. Олар­ға болашақта табыс, денсаулық, сондай-ақ армандарының жүзе­ге асуын тілеймін», деді «Samruk-Kazyna Trust» қорының бас директоры Әлфия Әдиева.

12 жыл бойы елордалық «За­мандас» отбасылық аула клу­­бы әлеуметтік осал санаттағы бала­ларға түрлі шығармашы­лық, спорт­тық және білім беру сек­ция­лары мен үйірмелерде тегін оқуға мүмкіндік беріп келеді. Қоғамдық қор директоры Ләззат Алшынованың айтуынша, 2023 жылы клубқа 3000-нан астам бала мен ата-ана мүше болған.

«Біздің тәрбиеленушілер бос уақытында клубқа барып қа­­на қоймай, өз мақсаттарын жүзе­ге асыруға ұмтылады. Рес­пуб­лика­лық чемпионаттарда же­ңіп­маз атанып, кандидаттар мен спорт шеберлері болады, шы­ғар­машылық конкурстар мен жа­рыс­тарда топ жарады. «Ал­тын өлке аңызы» қойылымы – бір­неше ай бойы еңбек еткен ұйым­дастырушылардың, оқыту­шы­лар мен балалардың ұжым­дық жұ­мы­сының тағы бір жетістігі», деп атап өт­ті «Замандас 21» қо­ғамдық қо­ры­­ның директоры Ләззат Алшынова.

Иә, «Замандас» отбасы­лық аула клубының театр сту­дия­­­сын­дағы балалар мен оқы­тушы­лардың шығармашылығы – шын мәнінде сүйсінуге тұрарлық қа­жырлы еңбектің жемісі. Соның бірі – бүгінгі біз тамашалаған «Алтын өлке аңызы» ертегісі. Қо­­­йылымға қатысқан әр бала өз ке­йіпкерімен өмір сүріп, сах­на­ның сәнін кіргізді. Әсіресе бас­ты рөлдегі Жезтырнақ, Айша, Данай, Жаназар бейнелері көп­ші­ліктің қошеметіне бөленді. Эпи­зодтық рөл болса да Қосаяқ бейнесіндегі балдырғанның ойы­ны жан-жақты ізденісімен риза қылды. Сондай-ақ «Алтын өлке аңызы» спектаклінің премьерасында ерекше есте қалғаны домбырашылардың сахнада ту­дырған қызықты музыкалық ше­шімдері десек, артық айтқан­дығымыз емес. Талғаммен таң­далған музыка көпшілікті тәнті етті. Ал көрермендердің шынайы ықыласы мен қошеметі жас әртіс­терге қанат бітірді.

«Менің аты-жөнім – Үміт Дүй­­­сенбек. Актриса бол­сам де­ген ар­манымды жүзеге асы­руға кө­мектескен, сахна өне­ріне бау­­лыған ұстазым, бүгінгі қойы­­лымның режиссері Ләззат Сү­лей­меноваға ерекше алғыс білдір­гім келеді. Сахнадағы іс-қимылым­ды, сөйлеу мәнерін – барлығын ма­ған сол кісі үйретті. Мен ойнаған Жезтырнақ – негізгі кейіпкердің бірі. Бұл рөл арқылы адам міне­зінің сан қырлылығын, адам қан­­ша қатыгез болса да, бәрібір мейі­­рімге, қолдауға, қамқорлыққа зәру екендігін айтқым келді. Әри­не, бұған дейін де бірнеше рөл­де ойнадым. Алайда бү­гінгі ертегінің орны ерекше. Ерек­шелігі сол – қойылымымыз кө­рерменді ойлантып қана қой­майды, адам жанына тереңнен бой­лауға үйретеді», деген жас өнер­паздың сөзін қойылымда жас батыр Жаназар бейнесінде көрінген дарынды оқушы Архат Жолдыбай бы­лай сабақтады: «Атым Архат, жасым 15-те. Бұл – менің сахналық өнердегі ал­ғашқы жұмысым. Әсерімді сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Осы сәтті бақытты сәт деп айтар едім. Шынымен, қойы­лымға дайындалған кез біз­дің әрқайсымызға ұмытылмас есте­ліктер сыйлады. Жаңа дос­тар таптық. Ең бастысы, мен бұған дейін тіпті өзім бай­қамай келген бойымдағы актер­лік қабі­леттің барын білдім. Қат­ты ұна­ды. Болашақта да осы жұ­мыс­ты жалғастырып, сахнада қы­­зықты образдар тудырғым келеді. Киноға түссем деген арманым да бар», деді Архат ағынан ақтарылып.

Жас дарындардың сахнадағы жұлдызын жағып қана қоймай, олардың тәрбиесі мен өмірлік ұс­танымдарының айқындалуына, тұлға ретінде өздерін жан-жақ­ты дамытуына септесіп, өлшеусіз ең­бек сіңіріп келе жатқан «За­ман­дас» қоғамдық қорының шын мәнінде замандастарына ұсынар тәлімі мен тағылымы мол. Оны, әсіресе, сахнада жалын атып өнер көрсеткен жеткіншектердің отты жанары мен баласының өне­рін мақтан тұтқан әр ата-ана­ның толассыз соғылған ша­палақ үнінен айқын сезгендей бол­дық. Ал Ұлы даланың ұлттық құн­дылықтарын оқиға өзегіне айналдырған қойылымның кіш­кентай көрермендер ғана емес, ересектерге де айтары мол.