• RUB:
    4.73
  • USD:
    511.22
  • EUR:
    540.05
Басты сайтқа өту
Халық 13 Маусым, 2023

Батагөйлер бәйгесі

309 рет
көрсетілді

Ұлттық құндылықтарымыздың бірі де бірегейі – бата беру дәстүрін дәріптеу, уақытпен үн­дес­тіре жаңғырту, кейінгі ұрпаққа үлгі ету мақ­сатында Тараз қала­сында дәстүрлі «Батаменен ел көгерер» атты байқау өтті.

Тағылымы мол шараға облыс әкімдігінің қолдауы­мен өңірдегі ардагерлер және билер кеңесі ұйытқы бола білді.

Шараны ашқан Жамбыл облыстық мәслихаттың төрағасы Әбдәлі Нұралиев, облыстық ардагерлер кеңе­сінің төрағасы Еркімбек Солтыбаев бата беру – жақсы ниет, өнегелі өсиет білдірудің ұлттық дәстүрі екендігін айта келіп, батагөй қарияларға сәттілік тіледі.

Қазақы шапандарын иыққа жауып ортаға шыққан қарияларымыз сахна сәнін кіргізді, ше­шендік өнерлерін паш етті. Жиналған көпшілік ежелгі дәстүрдің жанданғанына қуанды.

Батагөйлердің өнерін сараптай келіп, Қазақстан­ның Құрметті журналисі, Қазақстан Журналистер одағы облыстық филиалының төр­ағасы Жаңабай Миллионов бастаған қазылар алқасының ұйға­руы­мен «жүзден жүйрік шыққан» Жуалы ауда­нының батагөйі Сейітқазы Медетбеков бас жүлдеге лайықты деп танылды.

Бірінші орынды Шу ауданынан келген Сайлау­бек Қалиев жеңіп алса, екінші орын тараздық Исан Тіле­геновке бұйырды. Ал жүлделі үшінші орынды Жамбыл ауданының қариясы Орынбай Рысбаев иеленді.

Іс-шараны облыс әкімінің орынбасары Ержан Үйсім­баев қорытындылап, облыс әкімі Нұржан Нұржі­гітовтің құттықтау хатын оқып берді.

Байқауды тамашалауға келген жас көрермендер, данагөй қарттарымыздың өнегелі өмірін үлгі ете отырып, ғибрат боларлық сөздерін бойларына сіңіре алды деп ойлаймыз.

Сондай-ақ асыл қазына – қарияларымыздың бойындағы қасиеттерін дәріптеу арқылы жастарды имандылыққа тәрбиелеу, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуді үйретуде мұндай іс-шаралардың ық­палы мол екеніне тағы бір рет көз жеткізгендей болдық.

Аталы сөздер айтылып, мағыналы баталар берілген мерекелік іс-шара ұлтымыздың құнды­лықтарын дәріптеу, кейінгі жастарға осы дәстүрді жаңғыртып, оларды имандылыққа тәрбиелеумен есте қалды.

 

Алдаберді МАҚАШЕВ,

Тараз қалалық ардагерлер кеңесінің мүшесі