Жақында «Egemen Qazaqstan»-да Біріккен күрес әлемінің (UWW) жаңартылған рейтингі жайында көлемді екі мақала жарық көрді. Ол жерде біз әйелдер мен грек-рим күресі туралы біраз әңгіме қозғадық. Бүгінгі тақырыбымыз – еркін күрес. Әлемде осы спорт түрінің даму барысы қалай? Қазақ елі балуандарының өнері жанкүйерлердің көңілінен шығып жүр ме? Дәл қазір осы сауалдар төңірегінде әңгіме өрбітудің реті келіп тұр.
Еркін күрес шеберлерінің әлемдік рейтингінде Грузия мен АҚШ балуандарының өзгелерден мысы басым. ТОП-10-дықта Қап тауының 11 және Американың 10 апайтөсі бар. Иран құрамасының да қарқыны күшті. Парсы елінің 8 пехлеваны сол тізімге еніп отыр. UWW рейтингінде Әзербайжанның – 7, Моңғолияның – 6, Түркияның – 5, Армения, Қырғызстан, Үндістан, Болгария, Украина, Польшаның – 4, Пуэрто-Рико, Мажарстан және Словакияның 3 өкілінің есімін кезіктірдік. Көшбасшылар жайында айтар болсақ, бұл тартыста АҚШ алдына жан салар емес. 10 салмақ дәрежесінің үшеуінде америкалықтар бірінші орында тұр. Түркияның екі балуанының өзгелерден тұғыры биік. Олардан бөлек, Армения, Иран, Қырғызстан, Словакия және Грузияның да сайыпқырандары топ басында келеді. Осы мәліметтерден-ақ, аталған спорт түрі қай мемлекеттерде қарқынды дамып келе жатқанын анық аңғаруға болады.
Қазақстан ұлттық құрама командасы мүшелері арасында ең жақсы нәтижеге Азамат Дәулетбеков қол жеткізіп отыр. 29 жастағы жерлесіміз былтыр Белградта өткен әлем чемпионатында қола медальді мойнында жарқыратып, күллі қазақ қауымын қуантқан еді. Азия біріншілігінде ол 2 алтын, 1 күміс және 1 қола медаль иеленді. Биыл Астанада жалауы желбірген сары құрлықтың басты додасына Азаматтың асқан шеберлігіне тәнті болдық. Барлық қарсыластарын қапы қалдырған ол финалда ирандық Әлиреза Каримиді жеңгенде, Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайына жиналған жұрттың бөріктерін аспанға атып қуанғаны есімізде.
Соңғы уақытта отандық еркін күрес шеберлері арасында ең нәтижелі өнер көрсетіп жүрген дәл осы Дәулетбеков екенін жанкүйерлер жақсы біледі. Қазақтың ұлы тек Словакияның намысын қорғайтын осетин жігіті Борис Макоев (әлем чемпионатының күміс және қола жүлдегері, Еуропа біріншілігінің қола жүлдегері) пен Польшаның дүлдүлі Себастьян Езежаньскиден (Еуропа чемпионатының екі дүркін қола жүлдегері) қалып келеді. Тіпті, ирандық Хасан Яздани (Рио Олимпиадасының жеңімпазы, Токио Олимпиадасының күміс жүлдегері, әлемнің үш дүркін чемпионы, екі мәрте финалисі, бір мәрте қола жүлдегері, Азия ойындарының жеңімпазы, құрлықтың екі дүркін чемпионы), америкалық Давид Тейлор (Токио Олимпиадасының жеңімпазы, әлемнің екі дүркін чемпионы және бір мәрте күміс жүлдегері, Панамерика чемпионатының екі дүркін жеңімпазы), әзербайжандық Әбубакр Абакаров (әлем және Еуропа чемпионаттарының жүлдегері), испаниялық Таймураз Фриев (әлем чемпионатының қола жүлдегері) сынды атақтары алысқа жайылған жампоздардың өздері біздің Азаматтан төмен тұр.
UWW рейтингінің ТОП-10-дығына тағы бір қандасымыз еніп отыр. Ол – Рахат Қалжан. 57 кило салмақта белдесіп жүрген балуандар арасында Рахат тоғызыншы орынға тұрақтады. 25 жастағы Қалжан көптеген халықаралық додаларға қатысып, былтыр Ұланбатырда және биыл Астанада жалауы желбіреген құрлық біріншілігінде күміс пен қола медальді мойнына ілді. Өкінішке қарай, өзге еркін күрес шеберлерінің қарқыны баяу. Әлемдік рейтингте олар мынадай орындарға табан тіреді: Дархан Есенғали (74 кило) мен Болат Сақаев (79 кило) – 11, Нұрболат Абдоллаев (61 кило) – 12, Ризабек Айтмұхан (92 кило) – 13, Юсуп Батырмурзаев (+125 кило) – 14, Бекзат Үркімбай (97 кило) – 15, Жігер Зәкіров (79 кило) – 19 және Санжар Досжанов (70 кило) – 20 орын.
Десек те биыл көктемде Астанада өткен Азия чемпионатында төрт балуанымыз жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтеріліп, тағы бірнешеуі жүлдегерлер санатынан көрінгені белгілі. Сол жарыста Азамат Дәулетбеков пен Болат Сақаевтан бөлек, Дархан Есенғали, Санжар Досжанов және Ризабек Айтмұхан секілді дарынды жастар дараланған болатын. Алғашқы екеуі алтын алса, үшіншісі күміс медальді еншіледі. Жалындап тұрған осы жігіттер алдағы уақытта да дүбірлі додаларда ел намысын абыроймен қорғап, сонымен қатар әлемдік рейтингтегі жағдайларын да жақсартады деп үміттенеміз.
Еркін күрестен әлемдік рейтингтегі үздік үш балуан
57 кило: 1. Томас Гилман (АҚШ), 2. Ванхао Зоу (Қытай), 3. Зелимхан Абакаров (Албания).
61 кило: 1. Арсен Харутунян (Армения), 2. Рэй Хегучи (Жапония), 3. Реза Атри (Иран).
65 кило: 1. Рахман Амузад (Иран), 2. Янни Диакомихалис (АҚШ), 3. Сеюастьян Ривейра (Пуэрто-Рико).
70 кило: 1. Ерназар Акматалиев (Қырғызстан), 2. Аллен Редхерфорд (АҚШ), 3. Таиши Нарикуни (Жапония).
74 кило: 1. Сонер Демирташ (Түркия), 2. Кайл Дэйк (АҚШ), 3. Таймураз Салказанов (Сербия).
79 кило: 1. Джордан Барроуз (АҚШ), 2. Василий Михайлов (Украина), 3. Бекзод Абдурахмонов (Өзбекстан).
86 кило: 1. Борис Макоев (Словакия), 2. Себастьян Езежаньски (Польша), 3. Азамат Дәулетбеков (Қазақстан).
92 кило: 1. Мириани Майсурадзе (Грузия), 2. Камран Гасемпур (Иран), 3. Осман Нұрмагамедов (Әзербайжан).
97 кило: 1. Кайл Снайдер (АҚШ), 2. Батырбек Цакулов (Словакия), 3. Владислав Байцаев (Мажарстан).
125 кило: 1. Таха Ақгүл (Түркия), 2. Гено Патрашвили (Грузия), 3. Лхагвагерел Мұңхтұр (Моңғолия).