«Amanat» партиясы жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі республикалық кеңестің жұмыс тобы Астана қаласында салынып жатқан «ЖЭО-3» құрылысына арнайы барып, партиялық бақылау жүргізді. Оның құрамына Мәжіліс депутаттары, Бас прокуратураның, Астана әкімдігінің, Қаржы мониторингі агенттігінің, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің өкілдері кірді.
Құрылысы жүріп жатқанына он бес жылдай болған жылу-электр орталығының пайдалануға беру мерзімі бірнеше рет кейінге шегерілген. Дегенмен жоба мердігері «ЦентрКазЭнергоМонтаж» АҚ-ның ақпараты бойынша, алғашқы екі қазандық биыл қазан айында іске қосылып, ал ЖЭО-ның өзі жыл соңына дейін пайдалануға берілмек. Бүгінде нысанда 17 қосалқы мердігерлік ұйымнан 600-ден астам адам екі ауысыммен жұмыс істеп жатыр. Техникалық аудит деректеріне сәйкес, нысандағы жұмыстың 83%-ы біткен. Атап айтқанда, су жылыту қазандықтарын, қыздырғыштар мен желілік су құбырларын монтаждау жұмысы аяқталды. Сондай-ақ Индустриалды парктен «ЖЭО-3»-ке дейін техникалық су құбыры салынған. Бірақ жылу-электр стансасын іске қосу үшін әлі де атқаратын шаруа шашетектен. Газ тарату желілерін жүргізу, су жылыту қазандығының желдету және ауаны баптау жүйесін жолға қою, сыртқы және ішкі инженерлік желілер жұмысы күтіп тұр. Бүгінде құбырларды оқшаулау, сондай-ақ нысанды басқару жабдықтарын орнату және суды сығымдау жұмысы жалғасып жатыр.
Инспекция барысында партия өкілдері елордада ЖЭО құрылысы белгіленген мерзімде аталмаса, қыста жылу тапшылығы туындауы мүмкін екенін атап өтті. Тағы бір мәселе, соңғы 15 жыл ішінде бұрын сатып алынған жабдықтың бір бөлігі ескіріп, қолдануға жарамсыз болып қалған.
«Мердігерлер нысанның 83%-ы дайын екенін айтады. Барлық қазандық әзір, құбырлар қаланың негізгі магистраліне қосылған деп отыр. Алайда біз жұмыстардың 83%-ы атқарылмағанын көріп отырмыз, өйткені әлі де жасалынуға тиіс іс көп. Сондықтан біз ай сайын бақылау жүргізіп, жұмыстың қалай жүріп жатқанын тексереміз. Бұл мәселені әкімдік және министрліктердің өкілдерімен талқылап, жан-жақты бақылау жасаймыз. Егер нысан уақытында салынып бітпесе, елордада жылу энергиясы тапшылығы туындауы мүмкін», деді Ерлан Саиров.