• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Қоғам 14 Маусым, 2023

15 млн теңгеге сатылған мектеп мемлекетке қайтарылды

238 рет
көрсетілді

Жақында Мәжіліс депутаты Мақсат Толықбай Алматы облысы, Шалқар ауылындағы М.Ломоносов атындағы мектептің 15 миллион теңгеге сатылып кеткенін айтып, мәселе көтерген еді, деп хабарлайды Egemen.kz.

«Сіздерге бір сұмдықты айтайын, Алматы облысы Қарасай ауданы Шалқар ауылында Ломоносов атындағы 250 балаға арналған орта мектеп болған. Соңғы жылдары толығымен капиталды ремонт жасалды, жаңадан спорт залын салып берді. Ауыл балалары қуанып жүргенде сол ауылдың мектебін жекенің қолына сатып жіберген. Кім сатады? Әрине, әкімдіктен басқа кім сатады?! Ол біреуден алған, 15 млн теңгеге сатқан, одан тізбектеліп, әрі қарай 80 млн теңгеге басқа біреуге сатқан. Бұл мәселені Прокуратураға айтып, қайда қарап отырғанын сұрадым. Олар шамамыз келмейді, сот шағымымызды қабылдамайды деп отыр», деді депутат.

Содан кейін Қарасай ауданының әкімі Жасұлан Естенов 15 миллион теңгеге сатылып кеткен мектепке байланысты сотқа арыз түскенін алға тартқан.

«Әлеуметтік желілерде талқыланып жатқан Шалқар ауылындағы М.Ломоносов атындағы мектебінің ескі ғимараты 2018 жылы 15 224 000 теңгеге сатылған. Бұл ғимаратты мемлекеттің құзырына қайтару үшін менің тапсырмама сәйкес 2023 жылдың 9 наурызы күні Алматы облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотына талап арыз жолданды. Қосымша Қарасай аудандық прокуратурасы тарапынан Шалқар орта мектебінің ескі ғимараты бойынша қаулылардың күшін жоюға талап арыз берілді. 25 мамыр және 2 маусымда сот отырыстары өтті. Айтайын дегенім, құрметті аудан тұрғындары, бұл жұмысты біз үш ай бұрын қолға алғанбыз. Заңға сәйкес, мемлекетке қайтарып, ел игілігіне пайдаланамыз», деді Жасұлан Естенов.

Аудан әкімі сот нәтижесінде мектептің мемлекетке қайтарылғанын растады.

«Бұл мәселе бойынша біраз соттастық. 8 маусым күні мектепті сатып алған адам өз еркімен ғимаратты мемлекетке қайтарды», деді Ж.Естенов.