Уақыт өткен сайын еліміздің ішкі әуе қатынасында жаңа бағыттар ашылып, халықаралық рейстер де көбейіп келеді. Елдің авиация саласы ИКАО-ның талабына сай 82% жұмыс істеп отыр деген мәлімет бар. Аталған халықаралық ұйым әуе компанияларын, ұшқыштарды, аэронавигацияны, аэропорттарды бәрін бөлек қадағалайды.
«Egemen Qazastan» газетінің тілшісі Сәндібек Асанәлі «Ұшқыш болу оңай ма?» мақаласында халықаралық талапқа сай маман даярлауға қатысты мәселе қозғады.
Автордың жазуынша, кадр даярлауға байланысты 90 сұрақ болса, оның нақты 20-сы академияның жұмысына қарайды. Демек, осы талаптың жүйелі орындалуын да ел екіметі қадағалайды.
«Бүгінде біз ИКАО-ның өзімізге жүктелген талабына сай маман даярлауымыз қажет. Аталған ұйымға 192 мемлекет қарайды. Соның ішінде біз де әуе қатынасын Еуропа стандарттарына сай үйлестірмесек болмайды. Біз 2016 жылдан бері осы талапқа сай болуымыз керек деп межелі міндет қойдық. Біздегі әуе компаниялар Еуропа талабына сай жұмыс істейді. Бұл дегеніңіз біз де академия түлектерін халықаралық талапқа сай даярлауымыз керек дегенді ұқтырады. Енді академия не істеп жатыр, деген сұраққа тоқталайық. Біздің құжаттарымыз, оқулықтарымыз Еуропа тәжірибесінен алынған. Студенттерді талапқа сай оқытамыз. Бірақ «Air Astana» әуе компаниясы ұшқыштарды даярлау үшін сол Еуропа одағының аудитына өту туралы талап қояды. Ал оған өтуге бірінші уақыт, екінші қаражат керек», дейді Азаматтық авиация академиясының ректоры Бекен Сейдахметов.
Бұл бұрыннан бар мәселе. Мысалы, 2012 жылы еліміз «Еуропа талабына сәйкес маман даярлау керек» деп ұрандатқан еді. Нәтижесінде оқу орнының басшылығы 2015 жылы академияның материалдық-техникалық базасын жаңғыртуға Үкіметтен 3,5 млрд теңге қаражат сұраған. Көп ұзамай академияның жоғын түгендеуге 1,7 млрд теңге қаржы бөлінеді. Оған оқу-жаттығуға арналған 7 ұшақ алынып,оның алтауы – бір моторлы, біреуі – екі моторлы ұшақ болса, осыған қоса Boeing, Airbus жаттығу тренажерлері де бар. Енді араға 7 жыл салып осы мәселе қайта қозғалып отыр. Өйткені бүгінгі даярлаған ұшқыштарды «Air Astana», «SCAT» әуе компаниялары мойындамайды. Ол үшін академия Еуропаның ұшу қауіпсіздік аудитін өтіп, сертификат алуы керек.
Мақала авторының пікіріне сәйкес, түлектердің біліктілігі халықаралық талаптарға сай болуы үшін академияға кемі инструменталды үш ұшақ керек. Академияның балансындағы қазіргі ұшақты тізгіндеген ұшқыштар визуалды, яғни төңіректегі жағдайды көзбен бақылап ұшады. Ал әуе компанияларына күндіз де, түнде де ұшатын ұшқыштар керек.