Таиландтың Районг қаласында ұйымдастырылған тас жолдағы велоспорттан Азия чемпионаты өз мәресіне жетті. Бір аптаға жалғасқан байрақты бәсекеде жерлестеріміз 15 медаль (8 алтын, 4 күміс және 3 қола) олжалап, жалпыкомандалық есепте топ жарды.
Сары құрлық додасының соңғы күнінде велошабандоздар 156 шақырым жолда жарысты. Аталған қашықтықты бірінші болып отандастарымыз Глеб Брусенский мен Евгений Гидич бағындырды. Брусенский бас жүлдені еншілесе, Гидич күміс медальға қол жеткізді. Ал үздік үштікті жапониялық велошабандоз Юкия Араширо түйіндеді.
Районгтағы сары құрлық бәсекесінде Азияның 27 елінен келген 700-ге жуық велошабандоз ересектер арасындағы ХХХХІІ, жастар арасындағы ХХІХ, ХІ пара Азия чемпионатында сынға түсті. Тағы бір айта кетерлігі, велошабандоздар бұл Азия чемпионатында Париж Олимпиадасына жолдама беретін қажетті рейтингтік ұпайларын иеленді.