WKF-каратэден Жапонияда өткен Премьер-лига бәсекелерінің кезекті жарыс кезеңі аяқталды. Күншығыс еліндегі сайыста 47 елден келген 300-ден аса каратэші бас жүлде үшін бақ сынады. Олардың қатарында жерлестеріміз де бар.
Қазақстан – Жапониядағы Премьер-лига жарысына ең көп спортшы апарған санаулы мемлекеттің бірі. Бұл додада ел намысын 25 отандасымыз қорғады. Өйткені жарыс ережесіне сәйкес, мұндай маңызды турнирге тек әлемдік рейтингтің алғашқы отыздығына енген спортшылар ғана қатыса алады.
Жарыс нәтижесінде, Жапония төрінде Дархан Темірәлиев (60 кг) финалға дейін жетіп, турнирдің күміс жүлдегері атанса, Мөлдір Жаңбырбай (50 кг), Гүлмира Үсенова (55 кг), Дидар Әмірәлі (67 кг), Лаура Әліқұл (68 кг), Софья Берульцева (+68 кг), Абылай Төлтай (+84 кг) қола медальды қоржынға салды.