• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Футбол 15 Маусым, 2023

Солтүстік Ирландияны жеңе аламыз ба?

352 рет
көрсетілді

Ұлттар лигасының былтырғы маусымында Еуропа футболын таң қалдырып, мамандар назарын өздеріне аудартқан Қазақстан ұлттық құрамасы 2024 жылғы Еуропа чемпионатының іріктеу кезеңіндегі кезекті тур ойындарын өткізу үшін кәрі құрлыққа аттанды. Ертең түнде Магомед Адиев шәкірттері Италияның Парма қаласында Н тобының аутсайдері Сан-Мариномен кездессе, араға үш күн салып (19 маусымда), Белфастта Солтүстік Ирландия құрамасымен ойнайды.

Еліміздің футбол федерациясы 2002 жылы УЕФА құрамына қосылғалы бері Қазақстан кәрі құрлықтың бірқатар құ­­рамасымен жасыл алаңда кездесіп үл­­герді. Еуропа чемпионатының осы ірік­­теуіндегі қарсыластарымыздың үшеуі­мен біздің жігіттердің бұ­ған дейін бірне­ше мәрте түрлі деңгейдегі турнирлерде жолдары түйіскен. Ал Солтүстік Ирлан­дия және Словения құрамаларымен алғаш рет ойнамақ. Наурыз айын­дағы іріктеу­дің алғаш­қы­сында Словения футболшыларымен «танысып», өкінішке қарай, елорда­­дағы «Астана Аренада» өткен ойында 1:2 есебімен жеңіліп қал­ған болатын. Енді, міне, 19 маусымда елі­міздің ұлттық құрамасы да, жан­күйер­лер де Сол­түстік Ирландия футбо­лының қарым-қабілетін байқап көреді.

Алдымен, 16 маусымдағы қар­сыла­сымыз – Сан-Марино құра­масына тоқта­лып өтсек. Жер­­гілікті маман Фабрицио Кон­­с­тантини жаттықтыратын Сан-Ма­ри­но құрамасымен Қазақ­стан фут­бол­шылары бұған дейін де топтық кезеңде ойнаған. 2020 жылғы Еуропа чемпионатының іріктеуінде біздің жігіттер Сан-Мариномен бірге I тобына түсіп, екі матчта да ірі есеппен жеңіске жеткен еді. Астанада өткен ал­ғашқы ойында жерлестеріміз қар­­сылас құраманың қақпасына жауапсыз төрт гол соққан болса, Сан-Маринодағы қарымта кездесуде 3:1 есебімен тізе бүктірген болатын.

Фабрицио Константинидің алдағы екі ойынға шақырған фут­бол­шыларының тізімін қарай­тын болсақ, қорғаушылар – Фи­липпо Фаббри («Ольбия»), Симоне Франциози («Валфоглия»), Данте Росси («Тропикал Кориано») және шабуылшылар – Филиппо Берарди («Саммаурезе») мен Ни­кола Нанниден («Ольбия») бас­қаларының бәрі жергілікті чемпионатта ойнайды. Ал атал­ған футболшылар Италия чем­пионатының төменгі лигала­рын­да доп тебеді екен. Сол­түс­тік Ир­ландия құрама­сының негізі ағыл­шын чемпионатында ойнайтын футболшылардан жасақталған. Яғни алдағы екі ойын­да Магомед Адиев шәкірттерін екі түрлі ойын күтіп тұр деп айтсақ та болатын шығар.

Өйткені Сан-Марино көр­шілері Ита­лия сияқты көбірек қорғанысқа көңіл бөліп, «гол соқпасақ та өз қақпамызға гол өт­кізіп алмайық» деген тактиканы ұстанады. Сан-Мариноның кейінгі алты ойынына қарайтын болсақ, бір ғана матчта гол соғуға шамалары жеткен екен. Өз қақпасына 10 гол өткізіп алған.

Ал Солтүстік Ирландия ағыл­шындар сияқ­ты стандартты жағ­­дайларда, әуедегі допқа таласта басымдық танытып, гол со­ғуға тырысады. Сонымен қатар олар алыс паспен ойнап, қаптал арқылы шабуылға жиі шығады. Майкл О’Нилл шәкірттері кейінгі төрт ойынның екеуінде жеңіске жетіп, екеуінде қарсыластарына жол берген. Атап айтар болсақ, Косово (2:1) мен Сан-Маринодан (2:0) басым түсіп, Грекия (3:1) мен Фин­ляндиядан (1:0) жеңілген.

Отандық белгілі футбол функ­ционері және ардагер футболшы Болат Есмағамбетов Қазақстан құрамасын алда осы іріктеудегі ең қиын екі матч күтіп тұрғанын айтады. «Біздің жігіттерді осы іріктеудегі ең маңызды әрі ең қиын ойындар күтіп тұр. Сан-Марино және Солтүстік Ирландиямен өтетін матчтарда жинақы ойын көрсету керек. Сан-Мариноны аутсайдер деп менсінбей қарауға болмайды. Өздеріңіз білесіздер, наурыз айында даниялықтар бізді менсінбей ойнап, нәтижесінде өздері содан опық жеп, бүкіл әлем алдында масқара болды. Сондықтан бізге барынша байқап ойнаған дұрыс. Бірінші матч­та Қазақстан құрамасы фаворит саналғанымен, Солтүстік Ирландиямен өтетін екінші матч одан да қиын болады. Өйткені олар да Еуропа чемпионатына жолдама алғысы келеді. Біздің жігіттер Сан-Мариноны жеңіп, Солтүстік Ирландиямен тең түс­се, біз үшін керемет нәтиже болар еді. Егер, біздің құрама осы екі ойын­да төрт ұпай жинайтын болса, онда Еу­ропа чемпионатына шығу мүм­кіндігімізді сақтап қа­ламыз», дейді Б.Есмағамбетов.

Қазақстан құрамасы бұл ірік­теуде «H» тобында Дания (3:2), Финляндия, Словения (1:2), Солтүстік Ирландия және Сан-Ма­риномен Еуропа чемпио­на­тының жолдамасын сарапқа салып жатыр. Ал келесі жылғы кәрі құрлық біріншілігі 14 маусым мен 14 шілде аралығында Герма­нияның Берлин, Кельн, Дорт­мунд, Дюссельдорф, Франк­фурт, Гельзен­кир­хен, Гам­бург, Лейп­циг, Мюнхен және Штут­­гарт қа­лаларында өтеді деп жоспар­ланған.

Ал чемпионатқа іріктеу кезең­де­рінде өз топтарында бірін­ші және екінші орын алған құрама­ларға тікелей жолдама беріледі.