• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Қаржы 15 Маусым, 2023

Долларсыздандыру машақаты

7495 рет
көрсетілді

Әлемнің қаржы нарығы мамыр айының орта шеніне дейін Америкаға қарап алаңдап келді: көп­тің көңіліндегі алаңнан «әлем­­дік қаржы нарығында ойын ереже­сінің билігі қай валютаның уы­сында болады?» деген сауалға жауап күтіп отырғаны сезіліп қалды.

Бірақ жауап көп күттірген жоқ. АҚШ президенті Джо Байден мен Өкілдер палатасының спи­кері Кевин Маккарти ұлттық қарыздың шегін көтеру туралы мәмілеге қатысты түп­кілікті келісімге келді. АҚШ прези­денті Джо Байден Ақ үйден халық­қа жасаған алғашқы үнде­уін­де мемлекеттік қарыздың төбесін көтеру экономикалық құл­дырауды болдырмауға көмек­тесетінін айтты. Келісім ереже­ле­рінің бірі АҚШ Кодексі 31-бөлімінің «Валюта және қаржы» 3101 (b) тармағын 2025 жылдың 1 қаңтарына дейін тоқтата тұруды қарастырады. Онда АҚШ үкіметі кепілдік берген пайыздармен бірге міндеттемелердің номиналды сомасы «бір уақытта 14,294 триллион доллардан» (бұл кодекс­ке енгізілгеннен бері бірнеше рет қайта қаралған бастапқы шекті) аспайтыны, сондай-ақ бұл шектеуді Конгресс өзгерте алатынын айтады.

Тараптардың ымыраға кел­ге­ні алғаш рет 27 мамырда жарияланды. Дүние жүзіндегі қар­жыгерлер мен қарапайым адам­дар АҚШ-тың мемлекеттік қарызына қатысты мәселенің түйінін күтіп, іштен тынғаны рас.

Себебі долларсыздандыру – әлемдік қаржы нарығы үшін өзекті. Қытай серіктестерімен ұлттық валютадағы саудаға көшуде, Бразилия, Малайзия,   басқа да бірқатар елде долларға деген тәуелділікті төмендетуге қамданып жатыр. Қысқасы, гео­саяси жағдайларға бай­ла­ныс­ты АҚШ долларының эко­номи­ка­лық емес, саяси сал­ма­ғы артып барады. Тіпті кейбір тұл­ғалар оны саяси қысымның құ­ралы ретінде де қарастыра бас­тағаны анық. Инвесторлар өз капи­талын әртараптандырудың қосым­ша нұсқаларын іздеуге мәжбүр болғанына да куә болдық. Себебі доллардың нарықтық құны мен экономикалық салма­ғы­ның қанша екенін ешкім біл­мей­ді. Әлемдік нарықта қанша тон­на доллардың айналымда жүр­гені туралы мәлімет аз. Бірақ әрбір доллардың 3 па­йы­зы АҚШ-тың пайдасына жұмыс істеп тұр. Кеңестік ке­зең­де 1 доллардың бағамы 70-90 тиынның деңгейінде болды. Қазір ол – тарих.

Биылғы жылдың бірінші тоқса­нында түрлі елдердің орта­­лық банктері алтынды­ ре­­к­ордтық деңгейде сатып­ ал­ды. Дүниежүзілік алтын кеңе­сі­нің (WGC) мәліметі бойын­ша,­ бүкіл әлем бойынша орта­лық­ банктердің металға деген­ сұ­ранысы өткен жылмен са­­­­­лыс­­­­тырған­да 176 пайызға дейін өсіп кеткен. Әлемдік нарықта трой унциясының бағасы бір жыл бұрын 1800 доллардан сәл ғана асатын болса да, бүгінде 2000 долларға дейін көтерілді. Алтын бағасының өсуі әлемдік қаржы жүйесіндегі тәуекелдердің күшейгенін көрсетеді. Қаржылық көкжиекте күшті дауылдың бел­гілері пайда болған кезде алыпсатарлар бағалы қағаздарды ал­тынға қалдырады, бұл бағаның өсуіне бірден әсер етеді. Қаржы­герлер мен инвесторлар үшін бұл ең үрейлі тақырып болып қала бермек. 

Жаһандық рецессия туралы жа­ғым­ды болжамдар қор нарығын да тең­селтіп жіберді, бағалы қағаздар нарығы бір көтерілді, бір төмендеді. Сарап­шы­лар әлемдік инфляция­ деп баға бер­ген жағдай орталық банктерге ес жиып, өз мүмкіндігін бағалауға жол ашқанын айтып жатыр. Мы­са­­лы, АҚШ-та технологиялық ал­па­­­­­уыт­­тардың ықыласы жасанды ин­тел­лекті дамы­татын ком­па­ния­лар­дың акция­ларына ауып кетті. Нәтижесінде, нарықта осы ком­­па­ния­ акцияларының бәсі басым болып шыға келді. Бұл құбы­­лыс кез келген мемлекетке адам капи­та­лы­­ның құндылығын баға­лай білу керек­тігін ұқтырып кетті.

Қалай болғанда да, АҚШ-тың мем­лекеттік қарызына қатысты жағ­дай күрделі. Мысалы, ХВҚ АҚШ қарызы 2023-2028 жылдар аралы­ғында жыл сайын 3%-ға өсіп, 2028 жылға қарай ІЖӨ-нің 135%-нан­ асады деп есептейді. АҚШ-тың әлі де өзекті болып тұрған эконо­ми­калық проблемаларының түйі­нін­ төмен инфляция мен долларға деген сұраныс қана тарқата алады.

Қазақстанда долларсыздандыру мәселесі бұрын да айтылып келген, бірақ қазір ол шешуді қажет ететін мемлекеттік міндет ретінде бел­гіленді. Осы мақаланы дайын­дау барысында DATAmetrics са­рап­­шы­ларының теңгедегі депо­зиттердің артықшылығын есеп­тегені назарымызды аударды. Мысалы, теңгелік депозитте 1 миллион теңгені орта есеппен бес жыл бойы сақтасаңыз, капи­талдың өсімі 59% (плюс 593 958 теңге) құрайды. Дәл осындай жағдайда, долларлық депозит­те ақша­ны сақтау кезінде теңгенің дол­ларға шаққандағы бағамының өзге­руін ескере отырып, бес жыл ішінде долларлық депозит бойынша табыс 501 мың болады. Егер сіз ақшаны 50/50 негізінде сақтасаңыз, депозиттен түсетін табыс 547 мыңды құрайды. Осы­лай­ша, бұл деректерге сәйкес ақша­ны теңгедегі депозиттерде бес жыл мерзімге сақтау долларға қара­ғанда 18,5 пайызға тиімдірек болады. Сондай-ақ пайыздық мөл­­шерлемені көтерумен қатар, тең­ге­дегі депозиттерді қор­ғау бо­йынша түрлі шаралар қолға алы­нуда. Мәселен, 2022 жыл­дың ақпан айында Қазақстан Респуб­ли­ка­сы­ның Ұлттық банкі мен Үкі­меті тең­гедегі депозиттерді қор­ғаудың жеке бағдар­ла­масын жария­ла­ды.­ Өтінімге сәйкес мем­лекет теңге­де­гі депозиттер бойын­ша­ депозит сомасының 10 пайызы мөл­шерінде – банк төлейтін сыйақы мөл­шер­ле­месіне қосымша бір реттік сый­лық­­­ақы алады. Бағ­дар­­ламаның мақ­саты – отандық инвесторларды қолдау және қаржы жүйесінің тұрақ­тылығын қам­та­ма­сыз ету.

Дол­ларға шамадан тыс тәуел­ді­­лік валюта нарығындағы тұрақ­сыз­­дықтың негізгі факторы ретінде қарас­тырылады. Әрине, кез келген үкі­мет өз ұлттық валютасының ма­ңыздылығын тануға мүдделі, б­і­рақ­ тек тілек қана жеткіліксіз. Өз қара­жа­т­ының айналымын ұлғайту үшін қо­сымша ақша эмиссиясын бастау ке­рек, бұл валюта бағамының тө­мен­деуіне әкеледі. Тұрақты саяси жүйе­мен үйлесетін күшті экономика ғана АҚШ-тағыдай қаржылық қиын­­дықтарға төтеп беруге дайын.­ Аме­рикалықтар тығырықтан шығу­дың­ жолын тауып, жағдайды өз пай­да­сына бұра алатыны тарихтан бел­гілі.

Жақын арада әлемде ешкім дол­лардан бас тартпайды, ол әлі де нөмірі бірінші резервтік валюта болып қала береді. Проблемалар туын­­даған жағдайда теңге жай ғана нығайып, алтын сияқты сенім­д­і активтер қымбаттайды. Отан­дық бизнестің доллар қары­зы­ жоқ, бірдеңе бола қалса, квази­мем­лекеттік компаниялардың қары­зы­ қайта қаржыландырылады. Банк­тердегі депозиттердің көп­ші­­лігі теңгемен берілген. Ал ше­тел­дік валютаны сатып алу – тәуе­ке­лі көп қаржылық операция. Дегенмен АҚШ-тың бәсекелес сая­саткерлерінің «арқан тартысы» инвесторларды қобалжытып жат­қанын мойындау керек. Кей­бір сарапшылар долларға деген­ тәбетімізді шектеп, «диета сақ­тай­тын» кездің келгенін айтып жатыр.

Қаржы сарапшысы Айбар Ол­жаев қаржы нарығындағы осы қар­­­­қын­ жалғаса берсе, біз ішкі де­дол­­­­ла­­ри­­за­цияның жаңа рекордына куә бола­мыз. Бізге долларсызданудан бұрын, рубль­дің­ ықпалынан шы­ғу­ маңызды екені рас. Қазір бұл үр­діс баяу болса да бас­талды. Сәуір айын­да­ғы көрсеткіш бойынша екінші дең­гейдегі банктердегі бар­лық­ салым­дардың (жеке адамдар, фир­ма­лар, компаниялар) 29,3 пайызы ға­на доллар, еуро, басқа да валюта­лар­да жатыр. Қалғаны – теңгеде.

«1 мамырда банктерде 31 триллион теңге салым жатты. Оның 17,3 трил­лион теңгесі – халықтікі, 13,8 трил­лион теңгені заңды тұлғалар ұстап отырды. Халықтың бизнес­тен көп депозит ұстауы артып барады. 2021 жылға дейін заңды тұлға­лардың депозиттері ылғи халық­тың қаржысынан басым түсіп жататын. Қазір банктерді өтімді­лік­пен негізінен халық салымдары қам­тамасыз ететінін көріп отырмыз. Халық заңды тұлғалардан 3,5 трил­лион теңгеге озып кетті және осы алшақтық жыл аяғына де­йін кемінде 4,6 триллионға де­йін­ жететін сияқты», дейді Айбар Олжаев.

Сарапшы пікірінше, ЕАЭО мүше­лері долларсыздандыруға қан­ша күш салғанымен, бұл үдерісті ешкім аяқтай алмады. Бұл доллар жетек­ші рөл атқаратын әлемдік сауданың ерекшеліктеріне ғана емес, Еуразиялық одақ елдерінің ұлттық экономикаларының ішкі мәселе­леріне де байланысты. Бес елдің әрқайсысында жергілікті ақша-несие саясаты мен валютаға халық­тың сенімі артпайынша дол­ларланудың жаһандық пробле­ма­ларының шешілуі екіталай. Ал өзі­мізге келер болсақ, экономиканы дамытудың өз шарттары мен заң­дылықтары бар. Жаңа техноло­гия­лар енгізу, үнем, коғамдық ең­бекке басым­дық беру, ең аяғы ұлт­тық идео­­­логияны дұрыс жолға қою... ұлт­тық валютамыздың күрета­мы­ры­на қан жүгіртеді. Мұның бә­рі – жеке талдауды қажет ететін та­қы­­­рыптар.

 2022 жылы Еуразиялық эконо­ми­­калық одаққа (ЕАЭО) мүше ел­дер өзара есеп айырысуда ұлт­тық­ валютаға кезең-кезеңімен көшу тура­лы келісті. Ал жыл соңы­на дейін «одақішілік» транз­акция­лар­дың шамамен 74 пайызы шетел валютасынсыз жүргізілетіні атап­ өтілді. Өткен жылы ЕАЭО аясындағы тауар айналымы кемінде 75-80 миллиардты (доллармен есеп­тегенде) құра­ғанын ескерсек, оның кем дегенде 50 миллиарды есеп айырысуларда ұлт­тық валютада операциялар жасау арқы­лы бас­қарылғаны белгілі болды. Бірақ бұл арманның бізге тиер пайдасы аз. «Ұлттық валюталардағы есеп айы­­рысу бізді Ресей рубліне байлап тас­та­ғанын әлі ұмытқан жоқпыз. Рубль еркін валюта, конвертациялана­тын­ валюта болмағандықтан, қор­да­ланып қал­ғ­­ан рубль массасына бірдеңе сатып алма­сақ, тауар айна­лымындағы баланс­ты бұ­зып жібе­ре­ді. Басқаша айтқанда, бізге ішкі дол­ларсыздандырудан гөрі сырт­қы­ дол­ларсыздандыру қауіпті», дейді А.Олжаев.

Қаржы сарапшысы Ілияс Исаев­ АҚШ-тағы дефолт мәселесі де дол­­­лар­дың ұлттық валюталар­ ал­­дын­да­ғы бәсін төмен­дете алмағанын ай­тады. Ұлттық валюта екі аяғын тең­ басып тұру үшін экономика кем дегенде он жыл тұрақты бо­луы керек, оның құрылымын өзгерт­пей бұған қол жеткізу мүмкін емес. Моноэкономикасы бар елдер­де­ валютаны әртараптандыру тәуе­келді азайтудың бірден-бір жолы екені сөзсіз. Ал керісінше, әрта­рап­тандырылған экономикасы бар мемлекеттер ғана ұлттық валю­та­сы­ның ертеңіне сеніммен қарай алады. Себебі ол елдерде басқа валюталарға деген қажеттілік жоқ.