Бұл күндері Малайзияның Нилай қаласында велотректен 2024 жылғы Париж Олимпиадасына жолдама беретін ерлер мен әйелдер арасындағы Азия чемпионаты өтіп жатыр.
Спортты дамыту дирекциясының мәліметі бойынша, жарыстың алғашқы күнінде ұйымдастырылған командалық сайыста Қазақстан ерлер құрамасы үздіктер қатарынан көрініп, Азия біріншілігінің қола жүлдесіне ие болды. Ал сары құрлық додасының бас жүлдесі Жапония құрамасына бұйырса, күміс медаль Қытай құрамасының еншісінде кетті.
Күншығыс елінің өкілдері 2018 жылғы Азия чемпионатында да командалық сайыста топ жарған болатын. Біздің құрамадан жарыс жолына Əлішер Жұмахан, Артём Захаров, Дмитрий Носков және Рамис Дінмұхамедов шықты. Олар 4 шақырым жолды 4:00.4 секунд ішінде жүріп өткен.
Биылғы Азия біріншілігіне сары құрлықта орналасқан 30 елдің ең үздік велоспортшылары қатысып жатыр. Олардың қатарында 14 отандасымыз да бар. 2018 жылы дәл осы Нилайдағы ұлттық велодромда өткен құрлық чемпионатында Азияның 22 мемлекетінің өкілдері жүлделерді сарапқа салған болатын.