Кәсіпқой бокстағы еліміздің даңқты боксшысы Геннадий Головкин (42-2-1, 37 КО) бүкіл алтын белбеуінен айырылды. Осыған дейін IBO чемпиондық белдігін иеленіп отырған отандасымыз бұл титулдан да бас тартты. Бұл туралы Халықаралық бокс ұйымы (IBO) мәлімдеді.
Ұйым президенті Эд Левин БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында: «Үлкен мақтанышпен және өкінішпен орта салмақтағы әлем чемпионы Геннадий Головкиннің ресми түрде IBO чемпиондық атағынан бас тартқанын хабарлауға мәжбүрміз. Қазір орта салмақтағы бұл атақ бос тұр», деді.
Геннадий Головкин – Халықаралық бокс ұйымының (IBO) тарихында IBO чемпиондық титулын ұзақ уақыт қорғап, 12 жыл бойы өзінде сақтаған санаулы боксшының бірі. Ол бұл атақты ең алғаш 2011 жылдың 9 желтоқсанында жеңіп алған болатын. Отандасымыз сол жылы америкалық Лахуан Саймонды бірінші раундта нокаутпен тізе бүктірген еді.
Бұл – 41 жастағы отандасымыздың осы күнге дейін қорғап келген ең соңғы чемпиондық белбеуі болатын. Мұның алдында жерлесіміз WBA Super және IBF титулдарынан да бас тартқан еді.