Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысып, ел қорғаған азаматтарымызға қатысты деректер күні бүгінге дейін толық ашылған жоқ. Соның бірі – 1945 жылы сәуір айында небәрі 19 жасында Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылған, «Қызыл Ту» орденінің иегері, взвод командирі Пірімжар Наурызбаев туралы дерек.
Пірімжар Наурызбаев жеңіске санаулы күн қалғанда, нақтырақ айтсақ, 1945 жылы 26 сәуір күні Берлин түбінде қаза тапқан. Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарындағы ерлігі үшін 499 отандасымыз Кеңес Одағының Батыры атағын алған. Оның 99-ы қазақ. Осыған дейін өзбектер «иеленіп келген» генерал-майор Сабыр Рахимов пен бөлімше командирі Расул Есетовті батырларымыздың қатарына қосқанымызға көп бола қойған жоқ. Демек батырларымызға қатысты деректердің жаңа мәліметтермен толығуы заңдылық.
Енді П.Наурызбаевты Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынған құжаттағы деректерге назар аударайық. «1945 жылы 15 сәуірде Одер өзені бойындағы шайқаста взвод командирі, жолдас Наурызбаев өз взводымен бірінші болып су тосқауылын бұзып, батальонға жол ашты. 1945 жылы 16 сәуірде Линич қаласы үшін шайқаста жау екі қанаттан қарсы шабуыл арқылы біздің жаяу әскердің алға жылжуына кедергі келтірді. Кіші лейтенант Наурызбаев ауыр артиллериялық атыс астында жүріп, взводты 2 топқа бөлді. Хаумти су тосқауылынан өткенде оған плацдармды басып алу және ұстау міндеті жүктелді. Жауынгер тапсырманы жоғары деңгейде орындады. Содан кейін Пинвардер деревнясы үшін болған шайқаста шегінген жауды жою міндетін алды. Наурызбаевтың взводы жүз шақты фашисті жойды.
4 автокөлік, тіркемесі бар 2 трактор және 200 мылтықты қолға түсірді. Пвонендорф су желісін кесіп өту арқылы плацдармды басып алып, батальонға жол ашты. Мен Пірімжан Наурызбаевты Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынамын. Полк командирі Пинчук». Ал 1945 жылғы 18 шілдедегі «КСРО Қорғаныс Халық Комиссариаты Кадрлар Бас басқармасының бұйрығында» мынадай деректер бар. «Кіші лейтенант Наурызбаев Пірімжар Баймаханұлы 33-атқыштар дивизиясының 82-атқыштар полкінің атқыштар взводының командирі. 1945 жылы 29 сәуірде соғыста қаза тапты. Армияның Әскери кеңесі: «Үкіметтің жоғары наградасына – Кеңес Одағының Батыры атағын алуға лайық» деген қорытынды шығарды». Армия әскери кеңесі батырды Кеңес одағының Батыры атағына лайық деген тұжырыммен №3 армияның аты аңызға айналған қолбасшысы, генерал-полковник Федор Кузнецов қол қойғанын айта кеткен жөн. Оның әскері бірінші болып Рейхстагқа жетіп, шабуыл жасап, Берлинді қоршауға қатысқан. Демек П.Наурызбаев басқарған взводтың 30 жауынгері Рейхстагқа барар жолды ашқаны, жеңілдеткені – Армияның Әскери кеңесі тарапынан мойындалса да тасада қалған шындық. Бірақ П.Наурызбаевқа батыр атағы берілмесе де, бұйырғаны кеңестік әскери марапат – «Қызыл Ту» ордені болды. Ал Рақымжан Қошқарбаев Рейхстагқа Жеңіс туын тіккені үшін Жауынгерлік Қызыл Ту орденінің иегері болғаны тарихтан белгілі.
Бізге жоғарыда келтірілген құжаттардың көшірмесін ұсынған отандық инжинирингтік компанияның Берлиндегі өкілдігінің басшысы Андрей Мендеев Армия әскери кеңесінің қазақ жауынгеріне бұл атақты беруге не үшін қарсы болғаны туралы мәліметтерді кездестірмепті.
«Соғыс кезінде мұндай құжаттардың түпнұсқалары жоғалып кетуі де мүмкін. Бірақ Наурызбаевты батыр атағына ұсынған ұсыныс Армияның жоғары кеңесінің Бас штабында талқыға түскені анық. Бұл құжаттардың бәрі РФ архивтерінде сақталып тұр. Егер сол құжаттармен таныссақ, қарсы топтың қандай дәлелдерді алға тартып, кедергі болғанын білеміз. Әділдікті қалпына келтіруге артында қалған туыстары ғана емес, мемлекет басшылары да мүдделі болуы керек», дейді Андрей Мендеев.
Берлинде Екінші дүниежүзілік соғыстың соңында қаза тапқан кеңес жауынгерлері жерленген бірнеше мемориалдық зират бар. Қаза болған кеңес жауынгерлеріне арналған осындай алғашқы мемориал 1945 жылы 11 қарашада қираған қаланың орталығында, Рейхстаг ғимаратына жақын аймақ– Тиргартен ауданында ашылды. Соғыс тарихында сол атпен танылған кешенде Пірімжармен бірге қазақстандық жауынгер Қырымбаевтың да есімі Берлинге кірген батырлардың бірі ретінде алтын әріптермен қашалып жазылған. Андрей Мендеевтің айтуынша, Германияда соғыс тарихын зерттеушілер Тиргартен мемориалында 2500 сарбаз жерленген деген пікір басым. Бірақ кейбір деректе оның бауырластар зираты емес, тек кешен екені айтылады. Алайда мұнда кейіпкеріміздің аты жазылғанымен, сүйегі Берлиннің оңтүстік-шығыс шетіндегі жеке әскери зиратында жерленген.
«Пірімжар 1945 жылы 29 сәуірде қаза болыпты. Ал мен 1965 жылы 29 сәуірде дүниеге келдім. Әуел баста осы сәйкестік назарымды аударды, кейін басына келіп, рухымен сырласатын болдым. Интернеттен іздегенімде ол туралы ешқандай мәлімет таппадым. 19 жасында взвод командирі болған, Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылған батыр туралы отандастарымыздың білмеуі мүмкін емес деп зиратта жерленген жауынгерлердің картотекасымен танысып, аты-жөнінің Наурызбаев Пірімжан емес, Наурсбаев Присижар болып қате жазылғанын анықтадым. 2016 жылдан бері Берлиндегі Жеңіс күнін мерекелеуге қатысып келемін. Бұл мерекеге қазақстандықтар көп қатысады. Бірақ Наурызбаев туралы білетіндерді кездестірмедім. Кейін Facebook желісінде «Екінші дүниежүзілік соғыста хабарсыз кеткен Қазақстан жауынгерлерін іздестіру» тобын тауып, Ақмарал Шолақовамен байланысқа шықтым. Тиргартен монументінде оның есімінің «Наурузбаев И.В» деп көрсетілгені іздеуді қиындатып жіберді. Кейін монументте есімі көрсетілген Наурызбаевтың зираттағы Наурызбаевпен бір адам екенін монументтің картотекасы арқылы анықтадық. Тиргартен өте қысқа мерзімде асығыс соғылған. Қызылорда жағында тұратын жақын туыстары табылды. Германиядағы елшілігіміз Тиргартен монументі мен зиратындағы Наурызбаевтың аты-жөнінің дұрыс жазылуын ескерсе, батырдың зиратын бақылауға алса деген тілек бар», дейді А.Миндеев.
Оның айтуынша, батырға қатысты үзік-үзік деректерден оның 19 жаста үзілген батырлық болмысы айқындалып келеді. Жоғарыда айтып өткен КСРО Қорғаныс халық комиссариаты Кадрлар бас басқармасында сақталған құжатта «Кіші лейтенант Наурызбаев Пірімжар Баймаханұлы. Ұлты қазақ. 1925 жылы туған. Мекен жайы Қызылорда облысы, Жаңа Қазалы стансасы, Коммунист көшесі, 33-үй. Әкесі Наурызбаев Баймахан. Әлеуметтік жағдайы – колхозшы. 1940 жылдан комсомол мүшесі. Алматыдағы Шет тілдер институтында 1 жыл, Ташкенттегі жаяу әскер училищесінде оқыған», деген мәліметтер келтірілген. «Екінші дүниежүзілік соғыс құрбандарын еске түсіруге мол қаржы бөлінсе де, нағыз батырлар ескерусіз қалғаны белгілі. Пірімжар Наурызбаевқа туған жері Қазалыда ескерткіш қойылып, өзі оқыған мектепке есімі берілуі керек. Тым болмаса өзі оқыған Алматы Шет тілдер институтының Естелік кітабына есімі енсе деймін», дейді А.Мендеев.
А.Мендеев бізбен әңгімесінде Пірімжар Наурызбаев сол туралы кітап, өлең жазып, фильм түсіруге лайықты батыр, туған жеріне жанқиярлықпен берілген нағыз халық қаһарманы екенін айтып өтті. «Мұндай фильмдер популизмнен жоғары тұруы керек. Пірімжардың бойындағы намыс пен батырлықты қалыптастырған отбасылық факторлар да айтылуы керек. Біздің мұндай батырларды ұмытып кетуге, ескерусіз қалдыруға құқығымыз жоқ», дейді ол.
Кіші лейтенант П.Наурызбаевтың Берлиндегі зираты қараусыз емес, аты-жөні алтынмен әдіптеліп жазылған Батырлар мемориалына жүздеген адам келіп, рухына тағзым етеді. А.Мендеевтің айтуынша, орден-медаль алып үлгермеген, жиырма жасқа да толмаған взвод командирі П.Наурызбаевқа Кеңес Одағының Батыры атағы берілсін деген шешімнің өзі соғыс тарихында өте сирек кездесетін жағдай екен. «Пірімжар Наурызбаев туралы деректерді туған елі, туған жерінің білмеуі өкінішті», дейді А.Мендеев.
Біз Андрейдің көмегімен П.Наурызбаевтың Қызылорданың Қазалысында тұратын немере қарындасы Сәуле Наурызбаеваның дерегін таптық. Сәуле – кенже інісінің қызы, батырдың анасының көзін көрген. «Әжеміздің айтуы бойынша Пірімжар көкеміз 1945 жылдың 2 мамырында қаза болды деп келдік. Ес білгелі сол күні үйде Құран оқылатын. 29 сәуір күні қаза болғанын Андрейден білдік. Атам Баймахан мен әжем Күлбахарам 1917 жылы үйленіпті. Атам 1976 жылы, әжем 1984 жылы қайтыс болды», деп еске алады Сәуле.
Сәуле Наурызбаева осыдан біраз бұрын Қазалының әскери комиссариатының өкілдеріне хабарласып, көкелері туралы айтып беруін өтініпті. Тіпті сол кезде бір көшеге батырдың есімін беруге уәде берілген. Бірақ Жеңіс күні өткен соң, оның бәрі ұмыт қалған. «Көкемізге қатысты мәліметтерді жаңғыртып, туған жерінде ескерткіш ашуға қолымыз қысқа. Өзі оқыған мектепке атын беру, 1 жыл оқыған, әскерге шақырылған Алматыдағы Шет тілдері институтына (қазір Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университеті) ескерткіш тақта қою үшін көп қаражат керек. Андрей бізбен әңгімесінде құжаттың дұрыс толтырылмауынан көкемізге батыр атағы берілмей қалғанын айтқан болатын. Егер ол рас болса, батыр атағын қазір де беруге кедергі жоқ. Егер тереңірек зерттелсе, біраз құжаттың табылатынына сенімім мол. Жатқан жері белгілі болса да, басына бара алмай жүрміз. Дүниеге келген, өмірден өткен күндері рухына бағыштап Құран оқытудан басқа қолдан келер қайыр жоқ», дейді батырдың немере қарындасы.
АЛМАТЫ