• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Баға 16 Маусым, 2023

Темекі мен алкоголь қымбаттайды

294 рет
көрсетілді

Елімізде 1 шілдеден бастап темекі мен алкоголь өнімдерінің бағасы қымбаттайды. Қаржы министрлігінің хабарлауынша, фильтрден өткен және сүзгісіз темекіге, папиросқа, сигариллаға және қыздырылатын темекі өнімдерінің ең төменгі бөлшек сауда бағасы көтеріледі. Тиісті бұйрыққа Қаржы министрі қол қойды.

2023 жылдың 1 шілдесінен бас­тап 31 желтоқсанына дейін бір қорап темекінің ең төменгі бағасы 710 теңге болады. 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап табак өнімдерінің құны ең кемі 770 теңге болып бекітілмек. Темекі ба­ға­сының өсуіне мына факторлар әсер еткен:

2023-2024 жылдары акциз мөлшер­лемесінің 14 пайызға ұлғаюы; Импортталатын шикізат пен мате­риалдар құнының орташа 20 пайыз­ға өсуі; Темекі өнімдерінің шикі­заты мен компоненттерінің ло­гистикасындағы қиындықтар; 2022 жылы инфляцияның 20,3 пайызға көтерілуі.

Бұйрықтың толық мәтінімен Ашық үкімет порталында таны­суға болады. Бұйрық мәтіні 19 мамырға дейін қоғам талқысына ұсынылды.

Еске салайық, биыл 1 қаңтар­дан бас­тап бір қорап темекінің минималды бағасы 650 теңге болған еді.

Сонымен қатар, алкоголь өнімдері­нің де бағасы өседі. Қазіргі бағалар 30 қыркүйекке дейін сақталады. Үкімет 1 қазан­нан бастап бағаны арттыруды көздеп отыр. Мысалы, арақ пен алкогольді ішімдіктердің ең төменгі бағасы литріне 1980 теңге болса, 1 қа­заннан бастап литрі 2100 теңгеге тең болады. Қазір 2930 теңге тұратын коньяк пен бренди қазаннан бастап 3110 теңгеге саудаланады. Жоба автор­­ларының айтуынша, бұл бастама елде алкогольді сусындарға деген сұранысты азайтуға тиіс. Abbeycare group мәліметіне сүйен­сек, 2022 жыл­дың қорытындысы бо­йынша Қазақстан арақты ең көп ішетін елдер қатарына енген. Олар ел­дегі ер азаматтардың 10 пайызы, ал әйел­дердің 1,5 пайызы ал­ко­гольге тәуелді деген пайым жасаған.

Energyprom ұсынған дерекке зер салсақ, соңғы бір жыл ішінде темекі өнімдеріне деген сұраныс 11 пайызға артыпты. Биыл қаңтар-сәуірде елде 5,1 млрд темекі және сол сияқты табак өнімдері өндірілген. Бұл былтырғы көрсеткіштен 4,8 пайызға төмен. Бірінші тоқсан­ның қорытындысы бойынша, жергілікті компаниялар темекі пен папиросқа деген сұранысты 79,7 пайызға (былтыр 80,6 пайыз­ға) қанағаттандырған. Импорт көлемі 20,3 пайызды құрапты.

Сондай-ақ Қазақстан 19,3 пайыз рес­сурсты немесе 882,9 млн сигарет пен табак өнімдерін экспортқа шығарған. Бұл 2022 жылғы көрсеткіштен 36,9 пайыз­ға көп. Ішкі нарықтағы сату қарқыны 10,1 пайызға, 3,7 млрд-қа дейін азайыпты.

2022 жылы әрбір үй орта есеппен табак өнім­деріне 44,8 мың теңге жұмсаған. Өңірлік бөліністе Павлодар облысы ең көп шығынға ұшыраған. Аталған өлкеде әр үй 83,1 мың теңгені темекі сатып алуға жұмсаған, тиісінше жылдық өсім көрсеткіші – 13,3 па­йыз. Одан кейінгі орында – Солтүстік Қазақстан (77,2 мың теңге, +9,6 па­йыз) және Шығыс Қазақстан облыс­тары (71,9 мың теңге, +24,8 пайыз). Темекіге ақшаны ең аз жұмсаған аймақ – Шымкент екен. Онда әрбір үй жылына 8,8 мың теңгеге темекі сатып алған, сәйкесінше 12 айлық өсім 14,2 пайызды құраған.

Мамандар былтыр алкогольді өнім­дерге деген сұраныстың да аз бол­мағанын айтады. Жыл бойына 756,1 млн литр сыра, 43,3 млн литр шарап және 140 млн литр қуаттылығы жоғары алкогольді өнім (арақ, коньяк, спирт) сатыл­ған. Жалпы, өткен жы­лы алкоголь өнімдерінің бағасы 14,8 пайыз­ға қымбаттапты. Өнімдер ішінде сұра­нысқа ең аз ие болған түрі – сыра. Соған қарамастан ішімдіктің бұл түрі басқалармен салыстырғанда аса қатты қымбаттаған (18,9 пайызға).