• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қоғам 15 Маусым, 2023

Әйелді қолдау – ұлтты қолдау

280 рет
көрсетілді

Республиканың ең белсенді ауыл әйелдері бас қосып, ел бесігінің тұрақты дамуы­на қатысты сындарлы ұсыныстарын білдіретін Қазақстан әйелдерінің аймақтық форумы осымен алтыншы рет өткізілді. Расында да, «Ауыл әйел­дерінің форумы» әйелдер кәсіпкерлігін дамыту және ауыл тұрғындарын нәти­желі жұмыспен қамту арқы­лы ауылдың әл-ауқа­ты мен тұрмыс сапасын арт­тырудың жолдарын іздейтін, бастамаларды талқылайтын алаңға айналды.

Талдықорғанда өткен іс-шараға оңтүстік өңірінің, оның ішінде Алматы, Жамбыл, Қызыл­орда, Түркістан облыс­­тарының өкілдері қатыс­ты. Ауқымды жұмыстың қоры­тындысы осы жылдың қара­ша айында Астанада бар­лық облыс­тан келген делега­циялардың қатысуымен өтетін Ауыл әйел­дерінің VI рес­пуб­ликалық форумы болмақшы.

Форум пандемиядан кейін биыл алғаш рет оффлайн форматта өткізілді. Еліміз бойын­ша барлық мүдделі тарап онлайн байланыспен қамтамасыз етілді. Облыстар әкімдерінің орынбасарлары, сондай-ақ Ауыл шаруашылығы, Еңбек және халықты әлеуметтік қор­ғау, Ұлттық экономика министр­ліктерінің, қоғамдық және халық­аралық ұйымдардың өкіл­дері іскер әйелдермен тікелей байланысқа шықты. «Форумды ұйымдастырудағы мақсат – жеке қосалқы шаруашылық­тар мен ауыл шаруашы­лығы кооперативтерін дамыту, ауыл шаруашылығын қолдауға бағыт­талған мемлекеттік бағ­дар­ламаларды әзірлеу, жергілікті өзін-өзі басқару құралдарын дамыту, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін арттыру, 2030 жылға дейін жергілікті деңгейде тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізу мәселелерін талқы­лау. Форумға қатысушылар «Coca-Cola Belesteri» жобасының Бизнес негіздері, «Farmer school» мен Кооперацияның фермерлік дағдыларды дамыту бойынша тренингтеріне қатысты. Алда осындай форумдарды батыс, шығыс, солтүстік және орталық өңірлерде өткізу жоспарланып отыр», деді Қазақстанның ауыл әйелдері форумын ұйымдастыру комитетінің төрағасы, Қазақ­стан Республикасы Парламенті Мәжілісінің IV, V, VI шақыры­лымдарының депутаты Майра Айсина.

Ауыл әйелдері форумы­ның тарихы 2018 жылы Астана қаласында өткен І Рес­публикалық форумнан басталады. Форум 2019 жылдан бастап Қазақстанның әр аймағында өткізіле бастады. 2020 жылдан бері барлық облыста онлайн режімде өтеді.

Қазақстанның ауыл әйел­дері форумын ұйымдастырушы­лар – «Жасыл экономиканы қолдау және G-Global-ды дамыту коалициясы» ЗТБ және «Әлеуметтік динамика» қоғам­дық қоры. Оған Қазақстан Президенті жанындағы Әйел­дер істері және отбасылық-демо­графиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия, облыс әкім­діктері және «Атамекен» ҰКП қолдау көрсетті.