Жаңажол ауылы Қарқаралыдан 60 шақырым жерде орналасқан. Осында тұратын 22 отбасы мал өсірумен және егіншілікпен айналысады. Көп жыл бойы ауыл тұрғындарының басты проблемасы – орталықтандырылған ауыз судың жоқтығы еді. Жалғыз ұңғыманың суы тұзды болғандықтан, жаңажолдықтар оны тек тұрмыстық қажеттіліктер үшін пайдаланды, ал ауыз су үшін қалаға шапқылауға тура келді. Енді олардың мұқтаждығы орындалып отыр. «АрселорМиттал Теміртау» компаниясы ауылда тағы бір ұңғыманы бұрғылап берді.
- Біз сіздерге көмектескенімізге қуаныштымыз. Қазіргі уақытта су, жарық, жол болуы үшін инфрақұрылым маңызды екенін түсінеміз. Сонда ғана ауылды жерде өмір сүру әлдеқайда қолайлы болады. Сіздер өңіріміз үшін зор жұмыс атқарып жүрсіздер – мал өсіріп, азық-түлік дайындайсыздар. Сіздердің ауыз суға мұқтаж екендіктеріңізді білгеннен кейін қарап отыра алмадық, - деді «АрселорМиттал Теміртау» АҚ Бас директоры Владимир Яблонский жергілікті тұрғындарға.
Ұңғыманы бұрғылау – «АрселорМиттал Теміртау» компаниясы өз мойнына алған жұмыстың біреуі ғана. Бұған қоса, осында мал кірмеуі үшін бір ай ішінде қоршау орнату, электр беру желісін жеткізу, сорғыны орнату, ауыз су шүмегі шығарылатын модульдік ғимаратты салу жоспарланып отыр. Суды үйлерге жеткізу мәселесі де талқылану үстінде.
Мемлекет басшысы 2025 жылға дейін ел тұрғындарын сапалы ауыз сумен толық қамтамасыз ету міндетін қойды. Біздің ауданда орталықтандырылған су жоқ 20-дан астам елді мекен бар, солардың бірі – Жаңажол ауылы еді. Тұрғындар атынан «АрселорМиттал Теміртау» компаниясына үлкен алғыс айтамын. Сіздер бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін іс жүзінде көрсетіп отырсыздар. Компаниямен жасалған меморандум аясында біз аудан үшін көптеген пайдалы жобаны іске асыратынымызға сенімдімін, - деді Қарқаралы ауданының әкімі Ерлан Құсайын.
Жаңажолды ауыз сумен жабдықтау жобасымен «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-ның «Өркен» ЖШС-нің мамандары айналысып жүр. Олар биылғы мамыр айында 19 метрлік ұңғыманы бұрғылауға кірісіп, жұмысты 10 күн ішінде аяқтады.
- Қарқаралы өңірінде Кентөбе кеніші орналасқан, онда 420 адам еңбек етеді, оның 90 пайызы – жергілікті тұрғындар. «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-ның ауданға көрсеткен көмегі – шынтуайтында, өз қызметкерлеріне көрсеткен көмегі. Компания адамдардың тұрмысын жақсартуға мүдделі, - деді «Өркен» ЖШС «Өркен-Кентөбе» өкілдігінің директоры Леонтий Русанов.
Ұңғыманың дебиті – сағатына 43 текше метр. Қарқаралы ауданының Тұрғын үй және коммуналдық шаруашылық бөлімінің мәліметіне қарағанда, Жаңажол ауылы үшін қажетті су көлемі тәулігіне 40 текше метрді құрайды. Яғни, жаңа ұңғыманың қуаты елді мекеннің тұтыну мөлшерінен бірнеше есе көп. Қазір судың сапасына сараптама жүргізіліп жатыр.
Жергілікті тұрғындар бірнеше жыл бойы жәрдем сұрап, талай табалдырықты тоздырған еді. Ақыры олардың туған ауылына да ауыз су келді.
- Жаңа әкім тағайындалған соң ғана сең орнынан қозғалды. Ол осында үш рет арнайы келіп, жұмыстың қалай жүргізіліп жатқанын тексерді. Енді біз талдау нәтижелерін күтеміз. Бірақ суды ұрттап көрген соң-ақ ол біз ішіп жүргеннен әлдеқайда жақсы деп ұйғардық. Қарқаралы ауданының әкімі мен «АрселорМиттал Теміртау» компаниясына біздің арманымызды орындағаны үшін көп рахмет! - деді ауыл ақсақалы Тәулет Терлікбаев.