Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев Сауд Арабиясы Корольдігінің Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Файсал бен Ханиф әл-Кахтанимен кездесті. Сұхбат барысында екіжақты ынтымақтастықты арттыру мәселелері талқыланды, деп хабарлайды Egemen.kz ҚР Парламент Сенатының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Сенат Төрағасы өз сөзінде Сауд Арабиясы Корольдігі Қазақстанның Таяу Шығыстағы жақын серіктесі екенін және екі ел арасында жан-жақты ынтымақтастық орнағанын хабарлады. Палата Төрағасы ескергендей, өзара байланыстың дамуына жоғары деңгейдегі жүйелі саяси диалог негіз болып отыр.
2022 жылы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Джиддаға жасаған сапары мемлекеттер арасындағы қарым-қатынасқа айтарлықтай серпін берді. Сол кезде сапардың қорытындысы бойынша туризм, спорт, ауыл шаруашылығы, фармацевтика және басқа да салаларды қамтитын екіжақты 13 құжатқа қол қойылды.
Сенат Төрағасы Қазақстан Парламенті Сенаты мен Сауд Арабиясы аш-Шурасы Меджлисі арасындағы ынтымақтастықты нығайтудың маңызына да назар аударды. Сонымен қатар Мемлекет басшысының бастамасымен елімізде қолға алынған кешенді реформалардың іске асырылу барысы талқыланды.
Сондай-ақ Сенат Спикері Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезінің қызметі туралы айтып, Корольдіктің дін көшбасшыларын биыл күзде өтетін Съезд Хатшылығының мерейтойлық отырысына қатысуға шақырды.